Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар қаралды.
Аталған мәселе бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Вице-премьер – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Энергетика министрі Болат Ақшолақов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов баяндама жасады.
Ұлттық экономика вице-министрі Т.Жақсылықовтың айтуынша, инфляция деңгейін тұрақтандыру мақсатында 2022-2024 жылдарға арналған шаралар кешені іске асырылып жатыр. Ол 67 іс-шараны қамтиды, оның ішінде биыл 38 іс-шара және 2024 жылға дейін 29 іс-шара іске асырылмақ.
Бүгінгі таңда 13 жедел іс-шара орындалды, 25 іс-шара – орындалу үстінде, 20 орта мерзімді іс-шара тұрақты негізде орындалуда.
Қаржы министрі Е.Жамаубаев ведомствоның Президенттің тапсырмаларын дереу орындауды қамтамасыз ету үшін салық-бюджет саясатын жетілдіру бойынша мына шаралар қабылданатынын жеткізді.
«Мемлекет басшысының ұлттық тауар өткізу жүйесін құрудың қолданыстағы моделін қайта қарау жөніндегі ескертулеріне орай біз мүдделі инвесторларды тарта отырып, көтерме сауда орталықтарын құрудың бірнеше балама сценарийлерін қарастыру үстіндеміз», — деді Сауда және интеграция министрі осыған орай.
Қорытындылаған Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың жедел әрі нәтижелі орындалуы керек екенін ескертті. «Президенттің біздің жұмысымызға қатысты айтылған сыны өте маңызды екенін атап өткім келеді. Барлық мемлекеттік органдар, әкімдіктер мен квазимемлекеттік сектор белсенділігін арттыруы қажет. Бірінші басшылар Мемлекет басшысының тапсырмаларының әрбір тармағын жеке бақылауға алсын», — деді Ә.Смайылов.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы Министрлер кабинеті мен облыстардың әкімдері өзара тығыз байланыс орнатып, әрбір мәселені бірлесіп шешудің маңызды екенін айтты. «Жалпы, Үкімет жұмысының нәтижелі болуы әрқайсымыздың тиімді жұмыс істеуімізге байланысты. Ел экономикасының дамуы, азаматтардың тұрмыс сапасының жақсарғанын сезінуі үшін жоспарланған жұмысты бірлесіп жүзеге асыруға күш салуымыз керек», — деп түйіндеді сөзін Премьер-Министр.
ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ: ҮКІМЕТ ЖҰМЫЛА ІСКЕ КІРІСПЕК
Next Post