«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан айтқандай, халықпен жұмыс істеу үшін жағымды мінез-құлық керек. Расында, мемлекеттік қызметші – қоғам айнасы. Сондықтан бүгінгі күні осы сала мамандарының әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән берілуде.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың қаңтар айында Парламент Мәжілісінің отырысында мемлекеттік аппарат жұмысына жаңаша көзқарас, мемлекеттік қызмет жүйесіне түбегейлі өзгеріс қажет екенін айтқан болатын. Осыған орай, мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мен мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру мақсатында жаңа Әдеп Кодексі бекітілді. Жаңа редакциядағы кодекстің құрылымы өзгеріп, «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» деп аталатын тарау енгізіліп отыр. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі алты қағидатқа негізделген.
Олар – ниет, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарлану. Әсіресе, ашықтық және клиентке бағдарлану қағидаттарын сақтау талаптарына басымдық берілген. Өз кезегінде халықпен өзара қарым-қатынас мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің негізгі сапасы болғандықтан, мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша тұрақты түрде шаралар қабылдау, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тұтынушысы ретінде халықтың сұранысына бағдар ұстану және өз жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс. Ол жұмыстан тыс уақытта да жалпы қабылданған әдеп нормаларын ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық көрсетуге жол бермегені абзал.
Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшінің этикаға сай мінез-құлық нормаларын белгілеп берумен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға да бағытталған. Ондағы әдеп нормалары заң бұзушылықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шараларды әзірлеу, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік әдепті сақтаудағы жауапкершілік деңгейін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдау, әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін үйлестіру және мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларымен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеуден тұрады. Еліміздің ертеңі – бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің парасаты, ар-ожданы және кәсібилігіне байланысты болғандықтан, «Біздің міндет – халыққа қызмет!»- деген ұран аясында, елге адалдықпен, абыроймен қызмет етуіміз керек.
Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті. Демек адамдар арасында осы қызмет туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділік қалыптастыра алуымыз қажет.
Әрбір мемлекеттік қызметші өзгерісті өзінен бастауы керек. Мен де мемлекеттік қызметкер ретінде өзгерісті ең әуелі өзімнен бастағанды жөн санаймын. Мемлекеттік қызметшінің басты құжатына айналған Әдеп Кодексінің талаптарын сақтап, бұлжытпай орындасақ, біз елдің ыстық ықыласына бөленеміз. Сол арқылы қарапайым азаматтардың билікке, жергілікті атқарушы органдарға деген сенімі артады.
«Ұлық болсаң – кішік бол» дегендей қолында аз ғана билігі бар мемлекеттік қызметші де алдына келген адамдармен сыпайы қарым-қатынас жасауы, мәселесін шешуі, оған мүмкіндігі болмаса оны қалай реттеу қажеттігі жайлы ақыл-кеңесін беруі тиіс.
Қордай аудандық Қазынашылық басқармасында Әдеп Кодексінің талаптарын сақтау үнемі назарда ұсталады. Алға қарай да Мемлекет басшысы мен Үкімет қойған міндеттер мен тапсырмаларды жергілікті жерде жүзеге асыруда халықтың көңілінен шығуға тырысамыз.
Шахадат НҰРТАЕВ,
Қордай аудандық Қазынашылық басқармасының басшысы