ИНФЛЯЦИЯНЫҢ ӨРШУІНЕ ІШКІ ФАКТОРЛАР СЕБЕП

0

Төл валютамыз америкалық долларға шаққанда да, ресейлік рубльге шаққанда да күн санап құлдырап барады. Енді оның бағамын Ұлттық қор арқылы әрі қарай күштеп ұстап тұрудан қазынаны біржолата түгесіп алуымыз мүмкін. Бұл жағдай ел экономикасына қалай әсер етеді және тығырықтан шығаратын жол бар ма? Бұған мамандар не дейді?
Қазір 1 рубльдің құны 8 теңгеден асты. Ресей валютасы жалғыз теңге емес, АҚШ долларына қатысты да нығая түсті(57 рубль). Жалпы, әлемдік нарықта орыс ақшасының бәсі қымбат. Мамандар оның себебін Ресейге экспорттық сатылымдардан түсетін валютаның шамадан тыс көптігімен, ал ішкі капиталдың керісінше сыртқа шығарылмайтындығымен түсіндіреді. Терістіктегі көрші басқа экспорттық тауарын айтпағанда, тек жалғыз мұнайы мен газының тасылымынан ғана күн сайын 1 млрд долларға жуық табыс табады, ал сырттан келетін импорттың көлемі күрт кеміді. Сөйтіп, шетелден сатып алатын тауар азайған соң валютаға деген сұраныс та төмендеген.
Содан сауда профициті туындады. Ондайда ақша көп болады, бірақ сырттан тауар сатып алынбайды. Яғни, ел ішінде қордаланған ақша нарықта ұсынылған тауар көлемінен әлдеқайда артығымен жиналады. Ресей осы жағдайға тап болып отыр. Рубльдің қатты қымбаттауының басты себебі де осы. Рубльдің шамадан тыс күшеюі оның өз экономикасы кері әсер етеді. Қазір Ресей Үкіметі артық валютадан арылудың жолдарын қарастырып жатыр.
Сарапшылардың болжауынша, алдағы күндері рубльдің бағамы 10 теңгеге, доллардың бағамы 500 тең­геге жетуі мүмкін. Өйткені бағаны қолдан ұстап тұру қиын. Соңғы дерекке сүйенсек, қазірдің өзінде Ұлттық қор 2,5 млрд долларға азайып, алтынвалюталық қорымыз да едәуір кеми түскен. Алайда экономист Айдархан Құсайынов бұл жағдай біздегі инфляцияның өршуіне тікелей әсер ете алмайтынын айтады.
«Қазақстанда инфляцияның өршіп кетуіне сыртқы ықпалдардың әсері шамалы, оған 99 пайыз өзіміз кінәліміз. Ол бюжеттік, ақша несиелік және экономикалық саясаттың жаңсақ жүргізілуінен туындайтын ішкі факторларға байланысты. Мен осыдан екі жыл бұрын да бізде инфляциялық тәуекелдер бойынша ешқандай тыңғылықты шара жүргізілмейтінін және бағаның әлі де өсе беретінін ескерткенмін»,– деді экономист.
Айдархан Құсайыновтың айтуынша, 2021 жылы ел ішінде инфляция деңгейі өскенде Үкімет оған әлемдегі азық-түлік қымбатшылығын себеп қылды. Ал ендігі бағаның өсуіне рубльдің күшеюін желеу етіп отыр. Бірақ мұның бәрі тек сылтау ғана. Өйткені наурыз айында доллар бағамы 500 теңгеден 430 теңгеге дейін құлағанда да инфляция тоқтаған жоқ, бәрібір өсе берді. Осыдан-ақ теңгенің құнсыздануын сыртқы факторлардың емес, ең бірінші ішкі фактордың ықпалынан екенін көруге болады.
Экономист Меруерт Махмұтова Қазақстанда теңгенің рубльге шаққандағы бағамын әдейі жоғары ұстап отыр деп санайды.
«Ұлттық банк РФ экономикасына әдейі қолдау көрсетіп отыр. Басқа себеп жоқ сияқты. Өйткені көрші елдің жеке және заңды тұлғалары рубльді теңгеге айырбастағанда екі есе көп ақша алады. Ол ақшаға доллар сатып алады. Осыдан барып ішкі нарықта рубль шамадан тыс тым көбейіп кетті. Енді екінші деңгейлі банктер шектеу шараларын енгізуге мәжбүр. Ал Ұлттық банк теңгені қорғау бойынша шұғыл шаралар қабылдауы қажет», – деп ой түйді М. Махмұтова.
Сарапшы сондай-ақ ресейлік валютаның күшеюіне әсер ететін басқа факторларды да атады. РФ Орталық банкі өзге елдің азаматтары сатып алған акциялар мен облигациялар бойынша дивиденд төлеуге тыйым салған. Демек, валюта бұрынғыдай шетелге кетіп жатқан жоқ. Одан бөлек, экспортерлер валютамен тапқан табыстың бір бөлігін сатуға міндеттеледі.
Ал біз үшін рубльдің күшейгені тиімсіз. Одан ресейлік тауарлар қымбаттайды. Ал енді Қазақстан мен Ресейдің сауда теңгерімінде импорттың көлемі үш есе көп. Бұл РФ-дан тауар таситын компаниялардың шығынын арттырып, терістікпен өзара алыс-берісі дамыған шекара маңындағы солтүстік және шығыс өңіріндегі халықтың тұрмысын едәуір қиындата түседі. Сондай-ақ ресейліктер Қазақстанға қымбат доллар мен рубльді әкеліп, оны арзан теңгеге айырбастап, қажетті заттарын төмен бағамен тік көтеріп сатып әкетіп жатыр. Мұндай жағдай бізге тиімсіз болса да, Ресеймен бір экономикалық кеңістікте отырғандықтан көнуге тура келеді.
Рубльмен бірге доллар да күн өткен сайын қымбаттап барады, ал теңгенің тұрақтайтын түрі жоқ.
Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаевтың айтуынша, 2022 жылдың республикалық бюджетінде доллар бағамы 460 теңге болып бекітілген. Үкімет осы межеден алшақ кетпес үшін долларды 450-470 теңге дәлізінде ұстауы мүмкін.
«Сыртқы жағдай дәл қазіргі күйде болып, оған күтпеген жерден қандай да бір экономикалық соққы жасалмаса, доллар бағамы осы деңгейден көп ауытқымайды. Себебі бюджеттік параметрлерде доллар бағамы 460 теңге деп бекітілген. Әрине, тура сол 460 теңгемен қатып қалмайды, әрі-бері 5-10 теңге айырмашылық болуы ықтимал», – деді А. Бейсембаев.
Теңгенің құнсыздануына Украинадағы жағдай да айтарлықтай әсер етіп отырғаны анық. Өйткені АҚШ базалық ставканы көтеріп жатыр, әлемде мұнай бағасы тұрақсыз, ал бұл – біздің валютамызға тікелей әсер ететін фактор. Осы жағдайлардың бәрін ескерсек, жыл соңына қарай доллар бағамы 500 теңге және одан жоғары болуы да ғажап емес.
Егер Үкімет экономикалық жүйені, ішкі экономикалық тетіктер мен механизмді өзгертпесе, теңгеміз ерте ме, кеш пе, тіпті одан да көп құнсызданып кетуі әбден кәдік. Оған таңданатындай түк жоқ. Мәселен, осыдан он жыл бұрын
1 доллардың құны 150 теңге болса, қазір ол 460-470 теңгеге жетті. Сондықтан енді төрт-бес жылда доллардың 800-1000 теңгеге жету ықтималдығын жоққа шығаруға болмайды.
«Қазақстанның экономикалық жүйесі сондай, бізге үнемі әлсірейтін бағам керек және біз оны аз-аздап үнемі әлсірете береміз. Келесі жылы бюджеттік параметрлерге сәйкес, оның кірісі мен шығысына қарай, бюджетте 1 доллардың бағамы 480 теңге деп бекітілуі мүмкін. Тіпті, 500 теңге болуы да ғажап емес. Ал бір жылдан кейін 520 теңге, сөйтіп көтеріле береді. Ерте ме, кеш пе, біз бағамның 1000 теңгеге жеткенін де көреміз», – дейді қаржы сарапшысы.
Жоғарыдағы мысалдардан Украинадағы жағдайдың қазақтың теңгесіне теріс әсер ететінін көреміз. Ол реттелгеннің өзінде теңге қайтадан қалпына келеді деген сөз емес. Әрине, теңгенің құнсыздануы баяулайды, бірақ ендігі оның бұрынғы деңгейіне түспейтіні анық.
Қаржы сарапшысы дәл қазіргі уақытта доллар сатып алудың тиімсіздігін айтады.
«Егер сіз долларды қазір сатып алып, екі-үш айдан кейін қайта сатып жіберсеңіз, одан ешқандай пайда таппайсыз. Долларды бір-екі жыл сақтамайтыныңызды білсеңіз, сатып алудың да қажеті шамалы. Қазіргі бағаммен сатып алғанда, оған кем дегенде үш-төрт жыл тиіспеуіңіз керек. Долларды тек ұзақ мерзімге жоспарлап сатып алған тиімді. Долларға қаржы құралы ретінде қарау керек. Яғни, оны акция сияқты сатып алып, бірнеше жыл бойы «ұмытып» кеткен жөн, – дейді А. Бейсембаев.
Сарапшылардың көпшілігі қазіргі уақытта доллар сатып алып, сақтап қойғаннан гөрі, қолдағы қаржыны тиімді жұмсап, дағдарыс жағдайында көбірек табыс табуға тырысу керектігін айтады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.