«Артиллериядан оқ ату шеберлері» сайысына қатысушылар қару-жарағын қамдауда

0

Жамбыл облысының Гвардейск полигонында минаатқыш есептоптар арасында Халықаралық әскери ойындар шеңберінде өтетін сайысқа қатысушы командалар қазақстандықтар тарапы дайындаған әскери техниканы қабылдады.
Сайысқа жарамды техника, толық тексеруден өткен МТЛБ (жеңіл брондалған көп мақсатты тартқыштар) конкурсқа қатысушылар арасында жеребе тастау арқылы бөлінді.
Нәтижесінде Армения мен Қазақстан Қарулы күштерінің командалары көк түсті тартқыш техникада өнер көрсетеді. Әзербайжан, Беларусь және Тәжікстан құрамаларына бөлінгені жасыл түсті. Қызыл түсті техника Венесуэла мен Қырғызстан командаларына берілді. Ресей мен Зимбабвенің зеңбірекшілері тапсырмаларды сары техникада орындайды.
Бөлінген техниканың жай-күйіне қатысушы елдер өкілдерінің шағымдары жоқ.
– Техниканың бәрінің күй жақсы, – деп атап өтті Армения Қарулы күштері командасының механик-жүргізушісі, келісімшарт бойынша қатардағы жауынгер Варужан Акулян. – Ендігі жерде біздің команданың міндеті оны қаншалықты жақсы меңгергенімізді көрсету.
Қырғызстан Қарулы күштері командасының механик-жүргізушісі кіші сержант Арыстанбек Әбдіхалықов та көп мақсатты тартқыштың үздіксіз жұмыс істеуіне үміт артады.
Бұған Зимбабве командасының механик-жүргізушісі сержант Годфри Дзаванда да қосылды:
– Қазақстанға келгенімізге қуаныштымыз, жергілікті жағдайға бейімделдік. Техника ақаусыз жұмыс істейді деп үміттенеміз және лайықты жарыс деңгейін көрсетеміз деп ойлаймын.
Қатысушылар жауынгерлік машиналармен бірге полигонның арнайы бөлінген аумағында жаттығу барысында сынақтан өтіп жатқан 120-миллиметрлік минаатқыштарын да қабылдады.
«Артиллериядан оқ ату шеберлері» сайысына тоғыз елдің, оның ішінде Әзербайжан, Армения, Беларусь, Венесуэла, Зимбабве, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның командалары қатысып жатқанын айта кеткен жөн.

Leave A Reply

Your email address will not be published.