Ағылшынша тегін үйрен

0

Тіл білудің бүгінгі күні өзектілігі жоғары. Әсіресе ағылшын тілін жетік меңгергендер қоғамда бір саты жоғары тұратыны белгілі. Сондықтан мектеп оқушыларынан бастап ересектерге дейін шет тілін үйренуге ерекше ден беруде. Алайда арнайы курстардың аспандаған бағасын әркімнің қалтасы көтере бермейді.

Осыған орай мемлекет білімге құштар азаматтарға қамқорлық ретінде тегін тіл үйрету курстарын ашты. Өзге өңірлердегідей Қордай ауданында да бұл жоба сәтті іске асып, аудан орталығындағы «Тілдерді оқыту орталығында» бір жылдан астам уақыт тегін ағылшын тілі курсы жұмыс істеп келеді. Оның игілігін көріп жатқандар да аз емес. Солардың бірі аудан тұрғыны, дәрігер Қарлығаш Рысқұлова:
— Мен біздің ауданда тегін ағылшын тілі курсы ашылғанын, шет тілін меңгеріп, өзіңді дамытудың мүмкіндігі барын білгенімде қатты қуандым. Тығыз жұмыс кестесіне қарамастан уақыт тауып, осы курсқа қатысқаныма ризамын. Ағылшын тілі мені алғашқы сабақтан-ақ баурап алды. Осы күнге дейін қиын болып көрінген тұстарының бәрі түсінікті әрі қарапайым болып шықты. Бұл әрине ұстазымыздың біліктілігінің арқасы. Тіл үйрену менің есте сақтау қабілетді, өзіме деген сенімділігімді арттыра түсті. Оған қоса осы курсқа барып жүріп тек жастар ғана емес, орта жастағы және түрлі мамандық иелерінің де жаңа білім алуға талпынысы жоғары екендігіне көзім жетті. Әртүрлі жастағы азаматтармен бір топта отырып сабақ өту, барлығымыздың мақсатымыздың бір екенін білу тіл үйрену барысын одан әрі қызықты еткені рас. Өзге ұлт өкілдері ағылшын тілі сабағынан кейін қазақ тілі курсына барып жүрді. Бұл өте керемет! Өйткені үштілділік бүгінгі заманның талабы, — дейді дәрігер.
Үй шаруасындағы 38 жасар Твунхуар Хурова да ағылшын тілін үлкен қызығушылықпен үйреніп жүргенін айтады: «Осы курсқа менің жетінші сынып оқитын ұлым барып жүрді, Ол сабақты, оқытушысы
Данибала Нұртайқызын әбден мақтаған соң мен де оқиын деп шештім. Расында сабақтар қызықты өтеді. Ағылшын тілінде оқимын, аударамын, сұрақ қоямын, топтастарыммен әңгімелесемін. Топта бәрі ақкөңіл, татумыз», — дейді курсқа қатысушы.
Ал кәсіпкер Ахмет Ахтамбердиевтің «Тілдерді оқыту орталығына» келіп жүргеніне бес ай болған: «Маған шет тілін үйрену барысы ұнайды. Сабақтар 1 сағат 20 минуттан аптасына 5 рет өтеді. Сабақ қызықты болғандықтан уақыттың қалай өткендігін байқамай да қаламыз. Мұғаліміміз ақпаратты жақсы жеткізеді. Өйткені ол шет елдерде жүріп, мол тәжірибе жинақтаған білімді ұстаз. Батыс және Еуропаның мәдениет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр ерекшеліктерін жақсы меңгерген. Менің мұнда келіп жүргеніме 5 ай болды, оқуды әрі қарай да жалғастырмақ ойым бар», — дейді кәсіпкер.
Аталмыш орталықтан ерікті түрде тіл үйренгісі келгендердің бірі 42 жасар шаш әрлеуші Валентина Дудай: «Тілдерді оқыту орталығының» ағылшын тілі курсына осы жылдың 1 сәуірінен бастап келіп жүрмін. Жуырда бізде сыныптан тыс іс-шара өтті. Яғни ағылшын тілінде ән айту сайысы. Шараға барлық топтар қатысты, бірақ мен іріктеп алынған топтың құрамына өтіп, ән айтудан жарыстық. Шараға дайындық барысында барлығымыз жақынырақ танысып үлгердік. Топтастарымның ұйымшылдығы, көтеріңкі көңіл күйі мен талпынысы сабаққа деген құлшынысымызды арттыра түседі», — дейді Валентина.
Ағылшын тілін жетік білу әсіресе жастардың үлкен мүмкіндіктерге жетуіне жол ашады. Осыны түсінген 16 жасар ару Аяулым Мүсрәлі былай дейді:
«Қазіргі таңда ағылшын тілін үйреніп жүрмін, әрі тегін. Менің ұстазым Данибала Нұртайқызын бұрын білмегенмін, ал алғаш рет танысқанымызда бізге көп нәрсені үйретіп, шыңдай түсетінін бірден сездім. Уақыт өте сол расталды. Мен топпен бірге ағылшын тілін жақсы меңгеріп келемін. Сөйлеуді үйрендім, мен үшін бұл үлкен әлемге басқан алғашқы қадамым».
Ал 37 жастағы Олеся Закутнева осы орталықта ағылшын тілімен қатар қазақ тілін де үйренуде. Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген құрметі мен қызығушылығын байқасақ ерекше қуанатынымыз рас. «Қазақстан үкіметіне, жергілікті билік өкілдеріне аудан тұрғындарының, өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жасап жатқан қамқорлығы үшін алғысым зор. Жаңа біліммен қатар біз жаңа дүниетанымға ие болдық, өмірлік дағдыларды жаңа мақсаттар үшін қайта қарастыра бастадық. Ұстазыма баға жетпес тәжірибе үшін, төзімділігі үшін көп рахмет айтамын», — дейді Олеся.

Leave A Reply

Your email address will not be published.