АБАЙ ЕЛІНЕ БАРҒАНДА…

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Қызылорда қаласында өткен бесінші отырысында үлкен саясатпен қатар, ұрпақ тәрбиесі, рухани байлық туралы да ойын ортаға салып, Үкіметке біраз тапсырма берді. Әсіресе Абай ілімі жайында жақсы сөздер айтты.

Осы ретте біздің ауылдың оқушылары тұтас Абайдың қара сөздерін жаттап өсіп келе жатқаны қуантты. Құрылтайда Абай туралы сөз болғанда хәкім жатқан киелі топыраққа осыдан екі жыл бұрын сапар шегіп, табан тірегеніміз ойға оралды.

2024 жылдың 13-15 мамыр күндері Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қаракемер ауылындағы №14 Ә.Нүсіпбаев атындағы орта мектеп үшін тарихи әрі тағылымы мол күндер болды. «Абайды оқы, таңырқа» атты қара сөздерді жатқа айту байқауына белсенді қатысқан 23 оқушы, ата-аналар мен мұғалімдер болып ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының еліне – Семей қаласы мен Жидебайға танымдық экспедицияға аттандық. Үш күнге созылған бұл сапар «Киелі Қордай жерінен ұлы Абай еліне» деген атаумен рухани саяхатқа айналды.

13 мамыр күні таңғысын мектеп ауласында салтанатты лездеме өтіп, саяхатшыларға ақ жол тілеп, ыстық ықылас білдірілді.

Сапардың маңызды нүктелерінің бірі – Алматы қаласындағы Республика алаңында орналасқан Абай ескерткіші болды. Мұнда оқушыларды Алматыда еңбек етіп жүрген жерлес аға, әпкелеріміз – мектеп түлектері қарсы алып, ерекше құрмет көрсетті. Оқушылар Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқыды. Бұл сәт әрбір қатысушының жүрегінде ерекше әсер қалдырды.

14 мамыр күні экспедиция мүшелері Абайдың туған жері Жидебай мен Семей қаласындағы тарихи-мәдени нысандарды аралады. «Абай–Шәкәрім» мемориалдық кешені, Абай қорық-музейі, Алаш арыстары мен Мұхтар Әуезовке арналған музейлер таныстырылып, оқушыларға қазақ руханиятының терең тамыры жайлы мағыналы мәлімет берілді. Сонымен қатар жолай Еңлік–Кебек ескерткіші мен Бөрілідегі Мұхтар Әуезов мұражайына соғу арқылы экспедиция мазмұны кеңейе түсті.

Бұл танымдық сапар оқушыларға ерекше әсер қалдырып, рухани тұрғыдан мол азық берді деуге болады. Ұлы Абайдың өмірі мен мұрасын көзбен көріп, тарихи мекендермен танысу жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін арттырып, туған ел тарихына деген құрметін күшейтеді.

Қорытындылай келе, «Киелі Қордай жерінен ұлы Абай еліне» атты танымдық экспедиция өз мақсатына толық жеткен, тәрбиелік мәні зор, өскелең ұрпақтың рухани дамуына үлкен үлес қосқан маңызды іс-шара болды деп нық сеніммен айта аламын.

Жансая ИССА, Қаракемер ауылындағы №14 Ә.Нүсіпбаев атындағы орта  мектептің 11-сынып оқушысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.