1976 жыл. Отар стансасы. Мамыр айының мамыражай күні. №289 теміржолшы орта мектеп ауласы күміс күлкі мен шат көңілге толы. Қолына аттестат алған, жейдесінің аппақ жағасын костюмінің сыртына шығарған бозбалалар мен ақ фартук киген бойжеткендер үлкен өмірге алғашқы қадамдарын жасағалы тұрған шақ. Алдарында қызығы мен шыжығы қатар жүретін студенттік өмір, жауапкершілігі мол еңбек жолы күтіп тұрды.
Әрқайсысының тағдыры әр тарапқа тарайтынын сезінгенімен, көңілде қимастық басым еді. Ақ түсті мектеп формасы, балаң арман, алаулаған сезім мен ақ көңіл жүректер араға елу жыл салып дәл осы жерде қайта табысатынын сол кезде кім ойлаған?!
Міне, зулаған уақыт, тоқтаусыз сырғыған сағаттар 1976 жылғы түлектерді 2026 жылы қайта қауыштырды. Қатары сиресе де, самайға ақ түссе де, ата мен әже атанса да, олардың жүрегіндегі достық пен балалық көңіл сол қалпында сақталған.
Бұрын шағын ғана станса болған Отар бүгінде ажары жыл сайын ашылып келе жатқан үлкен округке айналған. Жан-жаққа тарыдай шашылған сыныптастар туған мектептерінде қайта бас қосып, ерекше әсерге бөленді.
50 жылдық кездесу аясында түлектерді мектеп ұжымы мен оқушылар сән-салтанатымен қарсы алып, концерттік бағдарлама ұсынды. Кезінде бұрымды бойжеткен болған арулар бүгінде ақ жаулықты әжелерге, ал тұлымы желбіреген бозбалалар ақ сақалды аталарға айналған. Алайда олардың жүріп өткен жолдары — тұтас бір өмір мектебі. Бірі ұстаз, бірі экономист, енді бірі ел басқарған азамат атанған. Әрқайсысының өмір жолы — бір-бір кітапқа арқау болар тағдыр.
Бұл күні олар қайтадан мектеп партасына отырғандай күй кешіп, «Армандастар» әнін бірге шырқап, жастық шақ естеліктерін жаңғыртты. Түлектер мектеп ұжымына алғыс айтып, жас буынға ақ баталарын берді. Ал оқушылар үшін бұл кездесу өмірден өз жолын тапқан аға буынның өнегесін көретін тағылымды сәтке айналды.
1976 жылдың түлектері бұл кездесуге үлкен дайындықпен келген. Ұйымдастырушылар алдын ала бас қосып, мерекелік бағдарламаны мұқият әзірлеген. Кездесудің мәнді әрі мазмұнды өтуіне барлығы бір кісідей атсалысты.
22 мамыр күні олар Отар ауылындағы дәмханалардың бірінде Құран бағыштап, ас берді. Жиында өмірден өткен ұстаздары мен сыныптастарын еске алып, олардың жарқын бейнесін жүректерінде жаңғыртты.
Алғаш әріп танытқан Қайша апайдан бастап, Салиха Бағыбайқызы, Әсия Өсербайқызы, Байғұтты Керімқұлов, Өкен Шоқатайұлы, Тұрар апай, Қожа ағай сынды ұстаздардың есімдері үлкен құрметпен аталды. Сондай-ақ бақилық болған сыныптастары — Мімзәлұлы Қайрат, Болатұлы Қанат, Түсіпұлы Сайлау, Нұрдәулетұлы Дәулет, Әбдіназарұлы Кенесары, Ілиясұлы Берік, Мәлікұлы Сейсен, Бопақызы Айнакүл, Қажығалиқызы Гүлнәр, Алмабекқызы Жұмағыздардың жарқын бейнелері сағынышпен еске алынды.
— Бүгін ұстаздарымыз бен арамыздан ерте кеткен құрдастарымыздың рухына Құран бағыштап, барлығын еске алдық. Бізге қалам ұстатып, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымыздың орны әрдайым бөлек. Бұл — өмір заңы. Дегенмен олардың ізін жалғап келе жатқан ұрпақ бар. 23 мамыр күні Қордай ауылындағы орталық мешітте өмірден өткен ұстаздарымыз бен достарымызға Құран хатым бағышталды. Ал 22 мамырда Отар ауылындағы мектепке барып, 1976 жылғы түлектер атынан естелік сый жасадық. Ұзақ жылдар көрмеген достармен қайта қауышудың өзі — үлкен бақыт, — дейді 40 жыл ұстаздық еткен, еңбек жолын Қордайда бастап, кейін Алматы қаласындағы №173 физика-математика бағытындағы мектеп-лицейден зейнетке шыққан, бүгінде Қаскелең қаласындағы «Қазақ аналары — дәстүрге жол» әжелер тобының төрайымы, білім беру саласының үздігі,
Қазақ аналары «Дәстүрді дәріптеу» медалі, «Аяулы ана» орденінің иегері Әтірхан Баймұхамбетова.
Расында, қуанышпен қауышқан достардың ішінде саналы ғұмырын ерен еңбекке арнаған жандар да баршылық. Мәселен, ұзақ жылдар аудандық және облыстық деңгейде басшылық қызмет атқарған, Қордай ауданының Құрметті азаматы Болатбек Байтөле, Қазақстанның Құрметті теміржолшысы, аталмыш салада 48 жыл талмай еңбек еткен Елікбай Айтбаев, қазіргі таңда ұлтық салт-дәстүрімізді дәріптеп жүрген аяулы ана, «Дәстүрге жол» тобының белді мүшесі Қызылгүл Айдарбекова, теміржол саласында ұзақ жыл қызмет еткен Бақыткүл Архабаева және тағы басқалары бар. Әрқайсысы бүгінде өскелең ұрпақ соларға қарап бой түзейтін жандар
Ал 23 мамыр күні Қордай ауылындағы мейрамханалардың бірінде өткен салтанатты кеш кездесудің шарықтау шегіне айналды. Сағынысқа толы жүздесу, ақжарқын әңгіме, жастық шақтың естеліктері мен құрдастық қалжыңдар кештің сәнін кіргізді.
Сол кеште айтылған мына бір өлең жолдары түлектердің көңіл күйін дөп басқандай еді:
Береке мен бірліктің басын құрап,
Жүрген жандар жайқалып жасыл құрақ.
Мектеп бітіргелі елу жыл өтсе-дағы,
Сағынысып кездесу — асыл мұрат.
Осылайша, жарты ғасырдан кейінгі жүздесу өткен күнге тағзым, ұстазға құрмет, достыққа адалдықтың жарқын көрінісіне айналды.
Жандос ОМАРОВ