Кенен ауылындағы №42 Е.Қашағанов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушылары қазақ әдебиетінің асыл қазынасы – Абай жолы эпопеясына арналған «Оқырмандар сайысында» бақ сынады.
Шараны пән мұғалімдері Ж.Артықбаева мен Б.Хасенова ұйымдастырды. Бұл тек білім жарысы емес, жас ұрпаққа өмірлік сабақ беретін рухани кеш болды.
Сайыс барысында оқушылар әсіресе эпопеяның 4-тарауын талдап, жас Абайдың рухани қалыптасуына, әкесінің қаталдығы мен ел ішіндегі дау-дамайларға көзқарасына назар аударды. Абай әділдік пен әділетсіздікті саралай білуге, өмірдегі қиындықтарды дұрыс бағалауға үйренеді.
Қатысушылар бұл тарауды қазіргі өмірмен байланыстырып, ата-ана тәрбиесінің, мектеп пен қоғам ортасының жас тұлғаның қалыптасуына қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Абайдың әділдік пен адамгершілікке деген ұстанымы бүгінгі жас ұрпаққа да үлгі болып отыр.
Әділқазылар алқасы оқушылардың ой-талдауын жоғары бағалап, белсенділерді марапаттады.