Таяуда аудан әкімі Б.Болатбековтың төрағалығымен абаттандыру және көгалдандыру мәселелері бойынша кеңес өтті. Кеңеске ауылдық округ әкімдері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің өкілдері, тиісті сала басшылары қатысты.
Кеңес барысында Бегзат Сейсенқұлұлы Қордай ауданында тазалық пен көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу қажеттігін атап өтті. «Таза Қазақстан» акциясы аясында аудан аумағында абаттандыру жұмыстары жалғасатын болады. Алайда, тұрғындардың тазалыққа деген жауапкершілігі әлі де төмен екені айтылып, оларды белсенді түрде тарту қажеттігіне назар аударылды.
Аудан әкімі ауылдық округ әкімдері мен тиісті сала басшыларына «Таза Қазақстан» акциясын жалғастырып, тұрғындарды белсенді қатыстыру, Республикалық маңызы бар жолдардың бойындағы тазалық жұмыстарын күшейту, аталған жұмыстарға қажетті қаржы көздерін қарастыру, сметалық құжаттарды дайындау, ауылдық округ әкімдері мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бірлескен жұмысын жандандыру, тазалық жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастыру, қосымша жұмыс күшін тарту арқылы жұмысты тиімді жүргізу, аудан аумағынан өтетін республикалық маңызы бар жолдар бойын мінсіз күйге келтіру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
«Осылармен қатар ауылдың кіреберісіндегі арканың жағдайына мән беру керек. Арка – ауылдың келбеті, сондықтан оның эстетикалық әрі таза болуы маңызды. Ал, тазалық жұмыстары маусымдық науқан ретінде емес, тұрақты әрі үлкен жауапкершілікпен жүргізілуі тиіс», — деді Бегзат Сейсенқұлұлы.
Бұл бағыттағы жұмыстардың орындалуы қатаң бақылауда болады. Әр ауылдық округ өз аумағындағы тазалық пен көгалдандыру мәселелерін шұғыл шешіп, ауданды көркейту жұмыстарына үлес қосуы тиіс.