АДАЛДЫҚ ҮШІН ЖҰМЫЛА КҮРЕСУ КЕРЕК

0

Осы аптада ауданға жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев, облыстық  білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Дамеш Ускумбаева және «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Назима Жувандикова келіп, бірнеше іс-шараларға қатысты.

Аудандық жастар ресурстық орталығында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің ұйытқы болуымен «Адалдық елшілері» жобасының белсенді жастарымен ашық кездесу өтті.  «Адалдық елшілері» – былтыр «Қордай – адалдық алаңы» жобалық  кеңсесі аясында ауданға қарасты барлық ауылдардың ерікті жастарынан құрылған болатын. Адалдық құндылығын қалыптастыруға бағытталған кездесудің мақсаты –  қоғамда ашықтық пен әділдікті насихаттаудың үздік жолдарын қарастыру, жобалық кеңсенің жұмысын белгіленген межемен жүргізу бойынша бірқатар ұсыныс, пікірлер алмасу және аталмыш жоба мүшелерімен жұмыс жайын талқылау.

Іс-шара барысында Равиль Төлебаев қалай жұмыс істеу керектігін, нені басшылыққа алу қажеттігін кеңірек баяндап, тұрмыстық жемқорлықты жоюға бағытталған шаралардың қоғам дертінің алдын алуда айрықша маңызға ие екендігін жеткізді. Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлықпен қарқынды күрес жүргізу бойынша атқарылатын ауқымды жұмыстарды жіті түсіндіріп, ерікті жастарды  аудан, ауыл әкімдерімен бірге жұмыс істеуге шақырды.

Осыдан кейін облыстан келген қонақтар Б.Бөлтірікова атындағы №4 мектеп-лицейде мұғалімдер және оқушылармен кездесті. Онда оқушылармен емін-жарқын сұхбат өтіп, адалдылық, парасаттық және жемқорлықтың қоғамға тигізер зардаптары жайында сөз болды. Оқушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Адал ұрпақтары» тақырыбында көріністер көрсетіп, өздерінің мектеп қабырғасында өткізіп жүрген іс-шаралар жайын баяндады. Өз кезегінде Равиль Қуанышбайұлы қазіргі заманда жастардың бәсекеге қабілетті болуында біліммен қатар тәрбиенің және де жан-жақтылықтың маңызына тоқталып, балаларды ізденуге, белсенді болуға шақырды. Сонымен қатар, жиында мұғалімдерге арнайы парақшалар таратылып, сауалнама жиналды.

Ал, Қордай ауылындағы «Бәйтерек» балабақшасы және Д.Қонаев атындағы №1 мектеп-гимназиясында Равиль Төлебаев ұжыммен кездесті. Онда Равиль Қуанышбайұлы мектептегі ұстаздар мен ата-аналардан ақша жинау тыйылмай тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, білім мекемелерінде әлі де болса аттестациялық комиссияға, газет-журнал, мектептің іші-сыртын бүтіндеуге, іс-шараларға ақша жинау жалғасын тауып келеді. Ендігі ретте осы жағымсыз әдеттен мүлдем айырылу қажет. №1 мектеп-гимназияда өткен жиында «Педагог мәртебесі» туралы заңды Дамеш Ускумбаева жан-жақты түсіндіріп өтті.

Түс ауа Сортөбе ауылына жол тартқан Равиль Төлебаев «имамдар үйінде» дін саласының өкілдерімен жүздесіп, бірқатар маңызды мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, Равиль Қуанышбайұлы жаңадан ашылған нысанды аралап, танысып шықты. «Имамдар үйінде» оңалту, бейбітшілік пен келісім бөлмелері, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету сыныбы, дәрісхана, кітапхана, медициналық пункт және мәжіліс залы қарастырылған. Бұдан бөлек асхана, жуыну бөлмелерімен қатар меймандарға арналған жатақхана да бар.

Келесі іс-шара Қордай аудандық кітапханасында орналасқан «коворкинг» орталығында өтті. Бұл жерге аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері және Ауған соғысының ардагерлері жиналды. Кездесуде Равиль Төлебаев ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің атқарып жатқан ауқымды жұмыстарын, басты басымдықтарды кеңінен баяндады. Сондай-ақ, ол агенттіктің ұйытқы болуымен басталған «Парасат жолы» жобасы жайында сөз қозғады. Равиль Қуанышбайұлының айтуынша, «Парасат жолы» – адалдық, парасаттылық, әділеттілік қағидаттарын қалыптастыруға, сондай-ақ ұлттық мәдениет пен руханият құндылықтарын қоғамда ілгерілетуге бағытталған тағы бір жоба. Жиында ардагерлер жемқорлықпен күрес тақырыбында өз ойларын ортаға салып, агенттіктің жұмысына оң бағасын берді.

 

Еркін ҚАТБЕКОВ

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.