АЙНАЛАНЫ ТАЗАЛАУ – ИГІ ІС

0

Наурыз айының басында жарияланған көктемгі абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық екіайлығы нәтижесімен көпшілік газет беттерінен таныс. Ауқымды тазалық жұмыстары қолға алынған осы уақыт аралығында қыруар тірлік тындырылып, ауыл-аймақтың бірсыпыра тазарғанына көз куә. Осы ретте, аудан орталығынан бөлек басқа округтердегі тазалық науқанының нәтижесін көрмек болған тілшілер Отар ауылында болып қайтқан еді. 

Отардағы тазалық жұмыстарына соңғы уақытта айтарлықтай көңіл бөлінгені көрініп тұр. Тазалық науқанына қатысқан түрлі мекеме қызметкерлерінен бөлек, округте қоғамдық жұмысқа 37 азамат тартылған. Ауыл тұрғындары өз аулаларын тазалап, жеке кәсіпкерлер болса сауда орындарының маңын жөнге келтірді. Ауылдық округтегі мекемелер қызметкерлері тұрақты түрде сенбіліктерге қатысып, өздеріне белгіленген аумақтарда тазалау жұмыстарын жүргізуде.

Ауылдық округ әкімдігінің берген мәліметінше, Отардағы Абай, Ноғайбай  және Гагарин көшелеріндегі күл-қоқыс орындары тазаланып, жалпы  90 тонна қоқыс шығарылған. Айнабұлақ-Отар тас жолы бойындағы талдар бұталанып, әктелген. Сонымен қатар, Қопа, Жекенов, орталық алаң, Түрксіб көшелерінде де санитарлық тазалау жүргізіліп, ағаштар бұталанып, әктеліп, электр бағаналары сырланды. «Жастар» саябағы, Қонаев көшесіндегі сквер және Қопа көшесіндегі жасыл алаң ретке келтірілді. Ойын алаңдары, қоршау сырланып, ағаштар бұталанған. Ауылдың ең маңызды орны саналатын орталық алаңда орналасқан Кебекбай шешен ескерткіш аумағы толық ретке келтірілді.

Ауыл тұрғындарының сұрауы бойынша Кебекбай, Абай, Заңғар көшелеріндегі істен шыққан жарық шамдар ауыстырылып, көше жарығы қалпына келтірілді. Айта кету керек, тазалық шарасына «Шұғыла», «Крыкпаев», «Жақыпсеитов» атты жеке кәсіпкерлер белсене қатысты.

Сонымен қатар, ҚТЖ АҚ «Отар» станциясын, №43 ОМ, Дене шынықтыру-сауықтыру кешені абаттандыру жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастырғанын атап өтуге болады.

Осындай қыруар тірліктің нәтижесінде Отар ауылының ажары ашыла түсті. Осы орайда тек сенбілікте ғана емес, күніге жол жиегінде жүріп, тазалық жұмысын атқарып жүрген ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған азаматтардың еңбегін ерекше атап өту керек. Ауа райының ыстығы мен суығында туған жер тазалығы үшін екбек етіп жатқан қызметкерлердің жұмысын өзге жұрт бағаласа екен дейміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.