«АЙСӘУЛЕДЕГІ» ШУАҚТЫ КҮНДЕР

0

Қазақстандық білім беру жүйесі бірнеше жылда бір рет әлемдік стандарттарға сай келу үшін жаңғыртылып тұрады. Сонымен қатар, мектеп алды білім беру жүйесі де өзгерістерге тап болды.

Кәсіби мереке – мұғалімдер күнінің қарсаңында мектепалды саласында қызмет атқарып жүрген жандардың бүгінгі күнгі жағдайын білмек мақсатында біз «Айсәуле» балабақшасының меңгерушісі Мадина Аханқызы Аманбаевамен кездескен едік.
Беріктас ауылындағы «Айсәуле» балабақшасы 2007 жылы қолданысқа берілді. Кеңес заманынан мұрагерлікке өткен, қараусыз қалған, тозып кеткен ғимараттың балалар күлкісіне толатыны екіталай болып көрінетін. Дегенмен, мекеме меңгерушісі Мадина Аманбаева басқаратын ұжым балабақшада нағыз ертегі атмосферасын құра алды. Аулада алуан түрлі гүлдер егіліп, шыршалар отырғызылып, әткеншектер мен төбешіктер орнатылды. Ал, балабақша аумағында тұрған ұлттық нақыштағы қазақ үй ауланың сәнін кіргізіп тұр. Ақтаудан әкелінген киіз үй әсем ою-өрнектермен безендіріліп, ішіне төр көрпелер мен жабдықтары қойылған. Бұл балақайлардың ойын түрінде халықтың салты мен дәстүрін, тарихын білуге тамаша мүмкіндік береді.
Жарық, жарқын бөлмелердің барлығында балалардың салған суреттері мен қолдарынан жасалған бұйымдарынан тұратын көрмелер бар. Әр топқа заманауи стандарттарға сай келетін жеке бөлме бөлінген. Киім шешетін бөлмеде әр баланың жеке шкафы бар, жатын және ойын бөлмелер ойын мен сабаққа, демалуға қажетті жабдықтармен жабдықталған, жеке сантораптарда тазалық ережесі қатаң сақталған. Әр топтың өз асүй бөлмесі бар, мұнда жеке ыдыс-аяқ және ауыз су ішетін ыдыс та қарастырылған.
Жиһаз бен төсек-орын жиынтығы табиғи таза материалдардан өндірілген, сондай-ақ ойыншықтардың қауіпсіздігі күмән туғызбайды. Балалар үшін дәмді әрі пайдалы тамақ тұрақты жеткізушілер жеткізетін табиғи таза азық-түліктерден дайындалады. Әр топта SMART теледидар бар, ол арқылы балақайлар сүйікті арналары «Балапанды» тамашалайды. Тәрбиеші-педагогтың тапсырмалары ойын платформасында орындалады. Бұл мақсатта Отау ТВ қосылған. Ересек топта тәрбиеші Венера Дюсембаева ұйымдастырған қуыршақ театрына арналған бұрыш бар. Биыл ұжым күшімен үлкен музыкалық зал жабдықталды, мұнда балалар ата-аналары үшін концерт ұйымдастырып, өз қабілеттері мен таланттарын көрсетіп, байқаулар өткізіледі.
Біз балаларға байқатпай сырттарынан олар не істеп жатқандарын бақылап көрдік. Мұнда балалар тәрбиешілермен бірге кезекті театр қойылымын қойып жатыр екен. Балалар ойынға белсене кірісіп, сахнада орын алып жатқан оқиғаға еніп кеткендей.
Келесі бөлмедегі кіші топ тәрбиешімен бірге кітап оқу үстінде. Ал орта топта «Менің отбасым», «Туған-туыстары жайлы кім айтып береді? Олар қандай адам?» тақырыбында сабақ өтіп жатты. Бүлдіршіндер тәрбиешінің сұрақтарына жарыса жауап беріп жатқаны көз сүйсінтеді.
«Айсәуле» балабақшасының педагогикалық үлгісі баланың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған. Мектепке даярлық пен қоғамға бейімделуге аса назар бөлінуде. Сабақтарда балалар ойлануды, қиялдауды, өз сезімдері мен қылықтарын түсіндіруді үйренеді.
-Біз балабақша түлектерін бірінші сыныпқа қуана қабылдаймыз. Олар мектепалды мекемеге бармаған балалардан жинақылықтарымен, білімдерімен, дағдыларымен, тәртібімен ерекшеленеді. Ұжым жұмысының нәтижесі бірден білінеді – мектепке дайындалған балалар оқу барысында мұғалімдердің жақсы пікірлеріне иеленіп, жақсы көрсеткіш көрсетеді, — дейді Беріктас ауылының Ш.Уәлиханов атындағы №28 орта мектебінің директоры Ерлан Байсалов.
-Біздің балабақшаға тәрбиеленушілер қуана-қуана келеді, — дейді балабақшаның меңгерушісі Мадина Аханқызы. — Әрине, жаңа келген балалар бейімделу кезеңінен өтеді, жылап келіп, кейін үйренгеннен кейін тәрбиешілер мен олардың көмекшілерін «мама» деп атап кетеді».
Бүгінгі күнге «Айсәуле» ұжымы 25 қызметкерлерден тұратын 75 баланы оқытатын кәсіпқойлар командасы. Балабақшада 3 топ бар.
-Мадина Аханқызы, сіз балабақшаны қайта жаңғыртылғаннан бастап басқарып келе жатырсыз. Тәрбиеші мамандығы күрделі іс. Балалармен жұмыс істеу де оңай шаруа емес. Ал 75 баланы тәрбиелеу тіптен қиын. Ұжымдарыңыз қалыптасып, жаңа талаптарға сай жаңа оқу бағдарламаларыңыз әзірленген. Оқыту және тәрбиелеу процесінде нені назарға аласыздар?
-Ұжыммен бірге алдымызға мектепке жан-жақты дамыған, еркін ойлайтын тұлғаны, өз білімі мен игерген дағдыларын көрсете білетін адам дайындау сынды мақсат қойдық. Баланы адамгершілікке тәрбиелеу, ұлттық салт-дәстүрлерді үйрету, ауызша халық шығармашылығына, сонымен қатар классикалық және көркем әдебиетке баулуға көп көңіл бөлінеді. Оқу тапсырмалары типтік бағдарламаға сай құрастырылады. Ал, біз әр баланың дамуын есепке алып, бағдарламаның кез-келген бөлімін мұқият оқу үшін қосымша материал жинаймыз. Осылайша, баланың жан-жақты дамуы қамтамасыз етіледі. Бала балабақшаға қуана-қуана бару керек, ал ол үшін өзін сүйіспеншілікке бөленетінін сезіну керек. Көрдіңіз бе, барлығы өзара байланыстырылған.
Айта кетерлігі, Мадина Аханқызы ұжымды мықты мамандардан қалыптастыруға тырысқан. Ал, жақсы маманды жұмысқа шақыру үшін оған ашылу, маман ретінде өзін көрсету мүмкіндігін тудыру қажет. Сондықтан, бұл мекемеде бастамашыл, жауапты, өз ісін жақсы білетін адамдар жұмыс істейді.
Аталмыш мекемеде кадр тұрақтылығы жақсы сақталған. Сонымен бірге, тәлімгерлік тура жолға қойылған. Мәселен, 33 жыл жұмыс өтілі бар Анар Жуанышпайқызы Жалғаспаева жас тәрбиешілермен өз білімі мен тәжірибесімен бөліссе, әдіскер Жұлдыз Сарыбаева тәрбиешілер жұмысын үйлестіріп, оларға көмек көрсетіп, жас мамандарға бағыт-бағдар беруде. Ал, жас қызметкердің әлеуетін байқаған мекеме басшысы кәсіпқойлықты жоғарылату үшін арнайы білім алуға кеңес беріп, әрі қарай жан-жақты қолдау көрсетеді.
Ұжым аудандық, сонымен қатар облыстық, республикалық деңгейде мектеп алды білім беру мекемелері арасында ұйымдастырылған байқауларда жоғары көрсеткіштерін мақтан тұтады.
Біз балабақша аумағын аралап шықтық. Таза, әдемі, жағдайлы аумақ көз тартарлық. Аудандық білім беру бөлімі басшылығының арқасында «Айсәуле» газбен жылыту жүйесіне ауыстырылған, бұл жылу режимін тәулік бойы сақтауға мүмкіндік береді.
Ұжым үшін демеуші ЖК «Мейрманов» сыйға тартқан балалар алаңы, ішкі қоршау үлкен тосынсый болды. Балабақша округ әкімі Әсет Сапарбайдың назарынан тыс қалмайды. Ол қажетті құрылыс материалдарын жеткізуді ұйымдастырған.
Сондай-ақ, төлемақы 7500 теңге деңгейінде ұсталып тұр, қалған сома демеушілер тарапынан аударылады. Оған қоса, ЖК «Арынова» көпбалалы отбасылардан шыққан 10 баланың төлемақысын өз мойнына алған. ЖК «Бегимова» балабақшаны балғын көкөніспен қамтамасыз етсе, ЖК «Қайсаров» ет жеткізіп тұрады. Бұл кәсіпкерлердің өз бастамалары. «Айсәуле» ұжымы демеушілеріне алғыстарын білдіреді.
Бүгін де «Айсәуле» балабақшасы сұранысқа ие мекеме, мұнда өз дәстүрлері, беделі қалыптасып, балалардың жайлылығы үшін барлық жағдай жасалған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.