АЛҒАДАҒЫ АУҚЫМДЫ ЖОСПАРЛАР ЖАЙЛЫ

0

Жуырда Алға ауылдық округіне жолымыз түсіп ауыл әкімі Берік Әбілдаевпен сұхбаттасып, алдағы жоспарлары жайлы әңгімелеп берген еді.

Алға ауылдық округі. Ауданымыздағы қазақы қаймағы сақталған үш елді мекен — Алға, Көкадыр және Мұзбел ауылдарынан тұрады. Халық саны небәрі 1100 адам. Соған қарамастан ауылда биылға жоспарланған ілкімді істер көп.
Тірлігі бекем, тынысы тиянақты көкадырлықтардың биылғы наурыздағы ортақ ісі көпшілікке жария болған еді. Нұрбол Апильмейізов бастаған Көкадыр ауылын мекендеген біршама мәрт жігіттер бірігіп ауылға кіре беріске көрікті арка орнатып, ауыл ақсақалдарының батасын алды. Арканың құны 600 мың теңгеге айналған, енді жан-жағын ретке келтіріп, жарық орнату жұмысын қолға алуда. Маусым айында осы ауылдағы М.Смағұлов көшесінің жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
-Жол жөндеу демекші, биылға округ бойынша бұл жұмыстарға 23 млн.теңге көзделген. Мердігер белгіленіп, келісім-шарт жасалған. Алдағы айда М.Смағұлов көшесінің (Көкадыр ауылы) 505 метр, Алға ауылындағы Алдабергенов көшесінің 600 метрлік бөлігіне жөндеу жұмыстары басталады, — дейді әкім. – «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылда спорт кешенін салуға 5 млн.теңгеге жобалық-сметалық құжаттама дайылдалды. Жоба қолдау тапқан жағдайда 470 млн.теңгеге заманауи кешен құрылысы басталады.
Сонымен қатар, Берік Еркінұлының айтуынша, биылғы тамыз айында ауыл балалары үшін құны шамамен 7 млн.теңге болатын ойын алаңшасы салынбақ, қазіргі жеткіншектер қызыға шұғылданатын стритворкаут алаңы тағы бар. Бұдан бөлек Мұзбел ауылына газ жеткізіп, ауыз су мәселесін шешу жұмысы қолға алынған.
Ауыл әкімі айтқан тағы бір жағымды жаңалық, тек округ емес, бүкіл аудан үшін игі іс болмақ. Тамаша табиғатымен ерекшеленетін елді мекенде 2024-2025 жылдарға үлкен жобаны қолға алу көзделіп отыр. Нақтырақ айтар болсақ, Қазақстан Рес-публикасы Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының негізінде берілген «50 балалар сауықтыру лагерін құру, балалардың шығармашылығын және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін кемінде 100 жаңа ірі нысан салу» тапсырмасын орындау мақсатында республикалық бюджет есебінен балалардың сауықтыру лагерінің құрылысын жүргізу жоспарланған. Бұл мақсатта Алға ауылынан 10 гектар жер телімі бөлінген. Яғни, республиканың түкпір-түкпірінен балалар осы ауылда демалуға мүмкіндік алады деген сөз.
…Жасыл ағаштары жайқалып, бау-бақшасы берекемен бедерленген ауылда байқағанымыз – көшелері мұнтаздай таза. Бүгінгі ахуалы көңіл қуантарлықтай. Жылдан-жылға келбеті келісіп, ажары арта түсуде. Қазіргі таңда өзіндік тұрмыс-тіршілігі және мәдениетімен ерекшеленетін ауылдар тындырымды еңбегімен күн кешуде. Шаруасы шалқыған, көрікті елдімекен. Заман талабына сай салынған мектебі бар. Демек, әкім айтқан жоспарлар жүзеге асатын болса, ауыл өмірі бұдан да жақсара түспек.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.