1 наурыз – елімізде жалпыхалықтық мереке – Алғыс айту күні. Бұл күні қазақстандықтар бір-біріне құрмет көрсетіп, ризашылық білдіреді. Осы ретте, аудан ауқымында аталмыш мерекеге орай өткізілген іс-шараларға шолу жасамақпыз.
ЖАС ПРОКУРОРЛАР ҮЛГІСІ
Ардагерлерді ардақтап, қарттарды құрметтеу — қанымызға сіңген үрдіс. Әрі мұндай өнегелі қадамның ұрпақ тәрбиесіне де тигізетін әсері мол. Елімізде заңдылықтың сақталуын қадағалайтын ең басты орган аудандық прокуратура қызметкерлері айтулы күнге орай, ауданымыздағы әр-түрлі саланың тізгінін ұстаған еңбек ардагерлерін құттықтап, алғыстарын білдірді. Сый-құрметке бөленген еңбек ардагерлері құттықтап келген азаматтарға шынайы алғысын білдіріп, қызметтеріне абырой тілеп, ақ баталарын берді.
Көктемнің алғашқы мерекесі саналатын алғыс айту күнінде «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлері көп жылғы атқарған еңбектері үшін Н.Мурзабаева мен З.Мамырбаеваның шаңырағына барып қайтты. Сондай-ақ мерекелік құттықтауларын арнап, естелік сыйлықтар табыс етті.
МАМАНДАРҒА АЛҒЫС
Мереке күні аудандағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері қоғамның игілігі үшін аянбай қызмет етіп жүрген жандарға өз алғыстарын білдірді.
Атап айтқанда, аудандық полиция бөліміне, орталық ауруханаға, төтенше жағдайлар қызметіне арнайы барып, қызметкерлермен кездесу ұйымдастырылды. Этномәдени бірлестік мүшелері оларды төл мерекемен құттықтап, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолындағы еңбектеріне ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар, әр сала мамандарына мерекелік көңіл-күй сыйлап, алғыс хаттар мен шағын естелік сыйлықтар табыс етті.
Полиция қызметкерлері қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде аянбай қызмет етсе, дәрігерлер тұрғындардың денсаулығы үшін күн-түн демей еңбек етуде. Ал төтенше жағдай қызметкерлері табиғи және техногендік апаттардың алдын алып, халықтың қауіпсіздігін сақтауда. Осы орайда, этномәдени бірлестік өкілдері олардың еңбегін жоғары бағалап, шынайы ризашылықтарын жеткізді.
Бұл іс-шара аудан тұрғындары арасында ынтымақ пен бірліктің арта түсуіне, ізгілік пен мейірімділіктің нығаюына үлес қосады.
ҚАРАКЕМЕРДЕ ТАҒЫЛЫМДЫ ШАРА
Бұл күні Қаракемер ауылдық мәдениет үйінде ауылдық әкімдігі аппаратының ұйымдастыруымен 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Алғыс еліме» тақырыбында тағылымды іс-шара өтті. Мерекелік жиын ауыл тұрғындары, ардагерлер, жастар мен мекеме қызметкерлерінің қатысуымен жүзеге асты. Іс-шараның басты мақсаты – жастарға ата-әжелерімізді үлгі ете отырып, алғыс білдіру, сыйластық, құрметтеу секілді ұлттық құндылықтарды насихаттау. Сондай-ақ, үлкендер мен жастар арасындағы рухани байланысты нығайтып, ата-ананы, үлкендерді сыйлау, кішіге қамқор болу секілді ізгі қасиеттерді дәріптеу болып табылады. Жиын барысында ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналар сөз алып, тәлім-тәрбиесі мол ақыл-кеңестерін айтты. Олар бірлік пен татулықтың маңыздылығына тоқталып, жас ұрпаққа өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Жастар мен оқушылар ауылдың дамуына үлес қосқан мекемелер мен ұстаздарға, ардагерлерге алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді. Кеш қонақтарына ауыл өнерпаздары арнайы дайындаған ән мен жырдан шашу шашып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ұйымдастырушылар да ауыл тұрғындарына ризашылығын білдіріп, алғыс айту тек бір күнмен шектелмей, күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін атап өтті.
СОРТӨБЕДЕ ТАРИХИ ТҰЛҒАҒА ҚҰРМЕТ ЖАСАЛДЫ
Сонымен қатар, 1 наурыз – Алғыс айту күні және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Сортөбе ауылында өткен іс-шара көпшілікті тәнті етті. Бұл шара Сортөбе округі әкімшілігі аппаратының бастамасымен ұйымдастырылып, оған коммуналдық мемлекеттік мекеме қызметкерлері, ақсақалдар кеңесі және ауыл жастары қатысты. Шара барысы аудан орталығында жалғасын тауып, қатысушылар Ноғайбай би монументіне гүл шоқтарын қойып, тарихи тұлғаның рухына тағзым етті. Жиын барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен мемлекеттік мекеме басшылары мерекелік құттықтауларын жеткізді. Олар елдегі бейбітшілік пен бірлік, этносаралық келісімнің маңыздылығын атап өтіп, көпұлтты Қазақстан халқының татулығын сақтаудың басты құндылық екенін айтты.
ЖЫР АЛЫБЫН ЕСКЕ АЛДЫ
Жамбыл ауылдық округінде ұлы ақын, жыршы-жырау Жамбыл Жабаевтың туғанына 179 жыл толуына орай ауылдық кітапханада әдеби кеш ұйымдастырылды. Іс-шараға ауыл тұрғындары мектеп оқушылары, кітапхана оқырмандары және шығармашылыққа жақын жандар қатысты. Әдеби кеш барысында қатысушылар Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы тың деректермен танысып, ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Сондай-ақ, кешке арнайы шақырылған жергілікті ақындар мен әдебиет сүйер қауым жыр алыбының қазақ әдебиетіндегі орны, айтыскерлік дәстүрдегі рөлі жайында өз ойларын ортаға салды. Кітапхана ұжымы ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесін ұйымдастырып, еңбектерімен танысуға мүмкіндік жасады. Оқырмандарға ақынның жырлары, толғаулары мен айтыстары туралы қызықты мәліметтер ұсынылды.
МАСАНШЫДА МӘНДІ ШАРА
1 наурыз – Алғыс айту күніне орай Масаншы ауылында салтанаты жарасқан, мазмұны терең іс-шара өтті. Дүнген этносының қазақ халқына алғыс айтуы ретінде өткен іс-шара Масаншы ауылындағы «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. Тарихтан тағдыр табыстырған дүнген ұлтының қазақ халқына алғыс айту шарасына ауыл әкімдігі қызметкерлері мен мекеме басшылары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ардагерлер, жастар және ауыл тұрғындары қатысты. Бұл шара – ел тарихындағы тағдыр тоғыстырған сан түрлі ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген ризашылығын білдіретін маңызды оқиғалардың бірі. Жиналғандар ұлтаралық келісім мен достықты нығайту жолында қазақ халқының кеңпейілділігі мен бауырмалдығының маңызын атап өтті. Шара барысында сөз алғандар Алғыс айту күнінің тек ризашылық білдіру ғана емес, елдегі тұрақтылық пен бірлікті дәріптейтін мереке екенін айтты. Қатысушылар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ата-бабаларымыздың бірлік пен мейірімділікке негізделген мұрасын сақтау – әр азаматтың борышы екенін жеткізді. Масаншы ауылындағы «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткіші – қиын-қыстау заманда қазақ халқының жүрегінің кеңдігінен өзге ұлт өкілдеріне көрсеткен қамқорлығының символы. Бұл ескерткіш халықтар арасындағы достық пен бірліктің мәңгілік белгісі болып қала бермек.