АЛҒЫС АЙТУ – БІРЛІКТІҢ БАСТАУЫ

0

Өткенді білмей болашаққа нық қадам жасау мүмкін емес. Біздің парызымыз – салт-дәстүрді қадірлеп, ата-бабаларымыздың мақтан тұтарлық өнегелі өмір жолын ризашылықпен еске алу.

 Мұқтаждарға қол ұшын созу, қамқорлық көрсету, қолындағы барын бөліп беру мейірімді, ақ пейілді қазақ халқының қанына сіңген қасиет.

Жүздеген халықтардың тағдыры Қазақстанмен тығыз байланысты. Тағдырдың айдауымен үйі мен туған жерінен айырылған миллиондаған адамдар қасиетті қазақ жеріне келіп жай тапты. Дүнген халқы үшін бұл жол оңай болған жоқ. Олар Отанын қалай тапқанын ұмытпай, қиындықты еңсеруге көмектескен адамдарды ризашылықпен еске алады. Масаншы және Сортөбе ауылдарында Алғыс айту күніне арналған іс-шара барысында осы жайлы айтылды.

Салтанатты жиын Масаншы ауылындағы «Қазақ еліне мың алғыс»  ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бас-талды. Іс-шараға Қордай ауданының әкімі Р.Дәулет, аудандық мәслихат хатшысы Р.Нұрсипатов, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты. Іс-шараның ресми бөлігі аяқталғаннан кейін қонақтар мерекелік дастархан басына жайғасты. Құран сүрелері оқылып, ақсақалдар ақ батасын бергеннен кейін, бастысы бейбітшілік пен бірлік екені айтылып, достық пен өзара сыйластық туралы әңгіме қозғалды.

Сонымен бірге, футбол алаңшасында жақын орналасқан ауылдардың қомандалары арасында жарыс ұйымдастырылды. Тартысты матч нәтижесінде достық жеңді.

Содан кейін мерекелік іс-шара Сортөбе ауылындағы Мәдениет үйінің маңына қазақ елінің құрметіне қойылған ескерткіш жанында жалғасты. Қонақтар аудан аумағында тұрып жатқан этностардың тұрмысымен танысу мүмкіндігіне ие болды. Қазақи дәстүр бойынша кең дастархан жайылды. Сонымен бірге дүнген ұлттық тағамдарының дәмін татып, қолөнер бұйымдарының көрмесін көруге мүмкіндік туды.

Іс-шара барысында «Вынхуа» дүнген мәдени орталықтары қауымдастығының Алғыс хаттарымен әртүрлі этностар арасындағы достық пен бауырластықты нығайтуға қосқан үлестері үшін бірқатар тұрғындар марапатталды. Оған қоса, қиын өмірлік жағдайға тап болған 6 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілді.

Ауданның мәдениет саласының қызметкерлері мен БЖШО орталығы ұйымдастырған концерттік бағдарлама көрерменнің көңілінен шығып, ерекше көңіл-күй сыйлады.

Шолпан САБАНОВА

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.