Жақында қаржы пирамидаларының жаңа тізімі шықты. Қанша жерден полиция басқармасы «Алаяққа алданбаңыздар!» деп бейнероликтер көрсетіп, жадынамалар таратқанымен, қаржылық алаяқтардың құрған схемасын анықтағанымен бәрібір қарапайым халық қаржылық алаяқтықтың құрбаны болуын қояр емес. Қарап тұрсаңыз, көбісі көзі ашық, оқыған адамдар. Бірақ ертегіге сенгендей алаяққа сеніп, миллиондаған қаржысынан қолдап айырылып қалатынына таңғаласың. Ешкімді сөкпейміз, табаламаймыз. Себебі әккі алаяқтар адамның сеніміне кіріп, өзгенің мүлкін иеленуге келгенде өте шебер. Осы ретте 6 миллион теңгеге алданып қалған Қалдыбек Қартабаев есімді азаматтың басынан өткен оқиғаны тілге тиек еткенді жөн көрдік. Өйткені ең бастысы – біреудің жасаған қателігін екінші адамның қайталамуы, өзгенің ісінен сабақ алуы біз үшін маңызды.
Қалдыбек Болатұлы қарапайым отбасынан шыққан, көпбалалы отбасының асыраушысы. Күзетші болып жұмыс істейді. Таза еңбегімен тірнектеп жиған ақшасын белгісіз тұлғаларға алдырып қойған. Нақтырақ айтсақ, алаяқтарға 6 319 000 теңгеге алданған. «Бұл қалай болды?» дегенімізде ол бастан өткерген оқиғасын баяндай жөнелді.
– Осы жылдың 27 маусымында сағат 18:00 шамасында ұялы телефоныма белгісіз тұлға хабарласып, өзін «Kaspi bank»-тің қауіпсіздік бөлімінің қызметкері деп таныстырып, мен туралы толық ақпаратты, жеке сәйкестендіру нөмірімді, толық аты-жөнімді, депозитімде тұрған жалпы қаражатты айта отырып, маған «шотыңызды белгісіз тұлғалар бұзып, қаржыны өздеріне аударып алуға тырысып жатыр» деді. Алдын алу үшін депозитімде тұрған 3 319 000 теңге қаражатты шығаруым керек екенін айтты. Мен осы уақытқа дейін «Kaspi bank» терминалынан ақша шығарып көрмегендіктен 87479313816 деген ұялы байланыс нөмірі арқылы Азиз деген азамат маған бейнеқоңырау шалып, үздіксіз байланыста болды. Қаражатты А.Асқаров көшесі, 217 а мекенжайында орналасқан супермаркеттен осы жылдың 27 маусымында сағат 21:00 шамасында шығартқызды. Алаяқтарды ұстау үшін аталған қаражатты өздері айтып отырған телефон нөмірі бойынша «Qiwi» терминалы арқылы «БанкЦентрКредит» және «ForteBank» шоттарына салуым қажеттігін айтты. Ертеңіне сағат 10:00 шамасында маған қайта хабарласып, алаяқтарды ұстай алмай жатқанын және де атымнан 3 000 000 теңге қаражат көлемінде несие рәсімделгенін хабарлады. Аталған қаражатты алаяқтар аударып алмас үшін шығаруым қажет екенін және өздері берген нөмір бойынша «Qiwi» терминалы арқылы «БанкЦентрКредит» және «ForteBank»-тегі шоттарына салуымды талап етті, – деді ол.
Сөйтіп, кейіпкеріміз биылғы 10 шілдеде Тараз қаласының полиция басқармасына арыз жазған. Жәбірленуші деп тану туралы қаулының негізінде тергеу жүргізілген уақытта ай сайынғы төлемді уақытша тоқтату мақсатында «Kaspi bank»-ке де өтініш жазыпты. Алайда арызына қанағаттандырарлық жауап ала алмаған. Айтуынша, Тараз қалалық полиция басқармасына арыз тастағалы бері 1 ай уақыт өтсе де ешқандай жауап жоқ. Амалы таусылған Қалдыбек Болатұлы журналистерден көмек сұрап редакциямызға келді. Іші алай-дүлей болған ол айдың-күннің аманында бала-шағасының аузынан жырып сақтаған ақшасынан айрылып отырғанын айтып күйінді. Сол мезеттен бері ұйқыдан да, күлкіден де айырылыпты. «Отбасымда да күнде ұрыс, аңқаулығымның, сенгіштігімнің кесірінен алаяққа алдандым», деп қынжылды. Полиция басқармасы да «терминалға өз қолыңызбен салғансыз» деп, алаяқтың әлемнің қай түкпірінде отырғанын таба алмай жатқандарын айтыпты. Шындығында, бұл дамыған заманда түрлі техниканың арқасында алаяқтар дауысын да өзгертіп, кез келген адамның жеке ақпараттарын біліп, қоңырау шалып, өзгенің шотындағы ақшаны шешіп алуға болатын деңгейге жеткен. Мұндай қитұрқы әрекетті бостандығынан айырылғандар да, телефон хакерлері де, ғаламтордың тілін жетік түсінетіндер де жасай алады екен. Тіпті бүгінде анаңның, әкеңнің, бауырыңның дауысын салып қоңырау шалатын алаяқтар да бар екен. Әлем өзгерген сайын алаяқтықтың түрлі зымияндық түрлері де дамып жатыр ма деген ойға қалдық. Жәбірленушінің ашуланатынындай-ақ бар. Ол: «Қолымда түбіртек, қоңырау шалған адамның ұялы байланыс нөмірі бар, сағаттап сөйлескеніміз бейнебақылауда сақталып тұр. Алаяқты неге құрықтай алмасқа?» деп, полиция қызметіне деген өкпесін білдірді.
Оны да түсінуге болады. Алаяқтық қылмысын реттеуге арналған Қылмыстық кодекстің 190-бабында «Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау, сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену – мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп атап көрсетілген. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттерді қылмыстық топ жасаса және аса iрi мөлшерде жасаса, мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Қылмыстық кодексте алаяқтық үшін арнайы жаза көзделген. Алайда ондай қылмыстарды тергеу процесі елімізде өте ұзақ жүретінін ескергеніміз жөн. Сол үшін құқықтық сана-сезімді көтеру және заңдарды оқу арқылы халық құқықтық білімін көтергені дұрыс. Қаскүнемдер кез келген ақпаратты өзінің арам пиғылын іске асыру үшін пайдаланады, олар БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жаңалықтарды үнемі қадағалап отырады. Алаяқтар ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметі туралы да хабардар. Енді олар азаматтарға өздерін қаржы реттеуші ретінде телефон арқылы таныстырып, хабарласа бастады. Схема қорқыту, жеке және төлем деректерін хабарлауға не қаражатты олардың шотына аударуға мәжбүрлеу арқылы жүргізіліп отыр. Осы орайда біз қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне хабарласып, аталған агенттіктің Тараздағы басқармасының басшысы Дәурен Төлепбергеновпен жолығып, сөйлестік.
– Алаяқтардың ең көп қолданатын әдісі – алдап несие рәсімдеу. Бізге осы бағыттағы шағымдар көп түседі. Көбіне олар банк қызметкерімін деп хабарласады. Сөйтіп, сізден өзіңіздің жеке басыңызға қатысты ақпараттарды, цифрларды сұрайды. Естеріңізде болсын, банк қызметкері азаматтардан ешқашан сізге қатысты банкке мәлім ақпаратты, яғни ЖСН, карточка нөмірін, есепшотыңызды сұрамайды. Өйткені ол ақпараттар сіз қызмет алатын банкке мәлім ақпараттар. Банк төлем картасын берген кезде, банктік есепшот ашқан жағдайда екіжақты шарт жасалып, ол шартта қолданушы өзінің келісімін береді. Және банк ол мәліметтерді жарияламау туралы міндеттеме алады. Көп жағдайда адамдар өз-өздерін ұстап береді. Мәселен, кейде бір танысыңыз не туысыңыз «карточка нөміріңді айтшы, ақша салып жіберейін» деуі мүмкін. Біз карточканы түгел фотоға түсіріп, «WhatsApp» арқылы жібере саламыз. Ал бұл мессенджер әлемдік жүйеде бар ғой. Мұнда да небір алаяқтар, хакерлер толып отыр. Олар сіздің карточкаңыздың фотосын қолына түсіріп, сол банктің жүйесіне кіру арқылы сіздің барлық мәліметіңізді ақтарып шығуы, тіпті ақшаңызды «сыпырып» кетуі ғажап емес, – дейді Д.Төлепберген.
Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында агенттік жосықсыз қызмет белгілері бар ұйымдар бойынша ақпаратты тұрақты негізде жаңартып отырады. Қазіргі уақытта тізімге 154 субъект кіреді, олардың қызметі қаржылық лицензияланбаған және реттелмеген. Тізім жеке және заңды тұлғалардың өтініштері мен шағымдарын қарау, мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл негізінде қалыптастырылды. Агенттіктің тізімінде көрсетілген ұйымдармен қаржылық операциялар жасау азаматтар үшін салынған қаражатты жоғалтудың жоғары тәуекелдеріне алып келуі мүмкін. Ол бойынша ақпараттар құқық қорғау органдарына берілген. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Негізінен бұлар бөлшек саудамен айналысып жүрген сияқты көрінеді. Ақырындап клиент тартады, кейбір тауарларға арзан бағаға сертификат береді. Кейде тауарыңды қымбатырақ сатып береміз деген сияқты адамның қызығушылығын тудыратын түрлі амал-айлаларға барады. Осыдан 3-4 жыл бұрын депозит аштырып, сол арқылы керемет табысқа кенелесіз деп алдап келсе, қазір бұл тәсіл өтпей қалды. Өйкені депозит жинау әдісі әшкере болып қойған. Халық енді оған сенбейді. Сондықтан бұлар қазір неше түрлі айла-шарғыны ойлап табуда.
Қаржы маманының айтуынша, ең әуелі, адам «бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» деп ойлануы тиіс. «Бұл өмірде тегін ештеңе жоқ және неге бөтен адамға күдікпен қарамасқа. Айдаладағы адамға жеке деректерді беруге бола ма?» деген Д.Төлепберген бір айдың ішінде елуге жуық адам «алданып қалдым» деп өзіне хабарласатынын айтты. Оның ішінде арыз жазатыны бар, жазбайтыны бар, әйтеуір, іс бәрібір ұзаққа созылады екен.
Адамдардан мейірім мен қайырым қашып бара жатқан заманда оңай олжаға, маңдай терсіз-ақ табысқа белшесінен батам деу – тәуекелі мен әуресі, сұрауы көп тірлік. Облыстық полиция басқармасына да сұрау салдық. Олар да істің тез арада шешілмейтінін бірден айтты. Себебі жәбірленуші тұлға телефонның ар жағындағы хабарласқан адамға сеніп, өз ақшасын шешіп, оны біреудің онлайн әмиянына салған. Барлығы да арызданушының өз қолымен жасалған тірлігі болып тұр. Анық-қанығын, дәлел-дәйегін таразылау, шешу – уақыттың еншісінде екен. Қалалық полиция басқармасында «Киберпол» деген атаумен интернет-алаяқтық фактілерін тергеумен айналысатын арнайы топ құрылған еді. Нағыз осы топтың белді мүшесі, облыстық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция капитаны Шохан Әлжановпен сөйлестік.
– Сенесіз бе, алдымда қаржылық алаяқтыққа қатысты мыңдаған іс жатыр. Біз қарап отырғанымыз жоқ. Бәрін тергеп, тексеріп, анықтап жатырмыз. Бірақ мұндай істер ұзаққа созылады. Бірден тез шешілмейді. Алаяқтардың құрбаны болмау үшін өз құжаттарыңызды қараусыз қалдырмаңыздар. Тауарларды немесе қызметтерді жалға алу үшін құжаттарыңызды кепілге бермеуге тырысыңыз. Ешқашан және қандай жағдай болмасын бейтаныс адамдарға өзіңіздің жеке басыңызды куәландыратын құжаттарыңыздың көшірмесімен қоса жеке деректеріңізді айтпаңыз және жібермеңіз. Төлем карточкаларының деректемелерін ешқашан, оның ішінде әлеуметтік желілерде жарияламаңыздар. Бұл заман кез келген нәрсеге сенетін заман емес. Алаяқтардың заманы. Қаржылық сауаттарыңызды арттырып, бір сәт ойланған жөн, – дейді ол.
Соңғы жылдары Үкімет қаржы пирамидаларымен күресу шараларын қолға алса, Ұлттық банк пен құқық қорғау органдары заңсыз инвестициялық схемаларды анықтау және тоқтату бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Соған қарамастан, мәселенің әлі де маңызды екенін айта кету қажет. Өйткені алаяқтардың құрбаны болған қазақстандықтардың қатары сейілмей тұр. Сөзімізді қорытындылай келе, қаржылық пирамидалар Қазақстанда көп жылдар бойы үлкен мәселе болып келгенін айта кету керек. Жоғарыда аталған схемалық жолдар адамдардың тез және оңай пайда табуға деген ұмтылысына негізделген және көбінесе үлкен қаржылық шығындарға әкеліп соғады. Үкімет бұл мәселені шешу үшін шаралар қабылдаса да адамдарды осы алаяқтықтан қорғау және кінәлілердің жауапқа тартылуын қамтамасыз ету үшін алда көп жұмыс күтіп тұр.
Эльмира Байназарова