БАЛАМАЛЫ ЭНЕРГИЯ ҮЛЕСІ АРТУДА

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселесіне айрықша көңіл аударды. «Бұл бағытта өте байыппен жұмыс істеу керек. Кең-байтақ еліміздің тұрғындар саны да, экономикасы да өсіп келеді. Өсім сапалы болу үшін қуат көздері қажет. Көмір дәуірі біртіндеп келмеске кетіп бара жатқан заманда жаңғыртылатын энергияға қоса, біз сенімді базалық қуат көздерін ойластыруға тиіспіз. Қазақстанда 2030 жылға қарай электр қуатының тапшылығы пайда болады» деп, Үкіметке нақты тапсырмалар берді.

 

Рас, еліміз табиғи қазба байлықтарына өте бай. Егер еліміздің баға жетпес байлығын одан бетер еселеп, игілігімізге жаратқымыз келсе, ең біріншіден, табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып, баламалы энергия көздеріне баса мән беруіміз керек. Сондықтан да Мемлекет басшысының басты назарындағы ел экономикасын дамыту жолындағы игі шаралардың бір бағыты – «жасыл экономиканы» жолға қою.

Жалпы «жасыл экономика» термині алғаш рет 1989 жылы пайда болды. Ұлыбритания Біріккен Корольдігінің үкіметіне арнап бір топ эколог-экономист әзірлеген «Жасыл экономика жоспары» деп аталатын баяндамада осы термин қолданылады. 2008 жылы көптеген жаһандық дағдарысқа қарсы саяси амалдар жасау туралы пікірталаста осы термин тағы да ауызға ілігеді. Қаржы дағдарысына және жаһандық рецессияға алаңдаушылық танытқан ЮНЕП «жасыл ынталандырмалар пакеті» идеясын жақтап, ірі ауқымды мемлекеттік инвестициялар «жасыл экономикаға» серпін беретін нақты салаларды айқындады. Осының нәтижесінде бірнеше елдің үкіметі экономиканы қалпына келтіруге күш сала отырып, маңызды «жасыл ынталандырмалар пакетін» енгізуді қолға алды.

Кейінірек, 2008 жыл мен 2012 жыл аралығында бірінен кейін бірі «жасыл экономика» тұжырымдамасының маңыздылығына дүниежүзілік қауымдастықтың назарын аудартқан бірқатар оқиға орын алды. Мәселен, 2009 жылы жоғарыда айтылған алғашқы «Жасыл экономика жоспарының» авторы Эдвард Барбьер «Жаңа жаһандық жасыл бағыт» баяндамасын жазды. Сондай-ақ БҰҰ Бас ассамблеясы «Жасыл экономиканы» 2010 жылғы наурыз конференциясында басты тақырып етіп көтерді. Оған қоса 2010 жылғы ақпанда премьер-министрлер мен ЮНЕП делегациясының басшылары Нуса-Дуада өткен премьер-министрлер деңгейіндегі Қоршаған орта жөніндегі жаһандық форумда жасыл экономика тұжырымдамасы ағымдағы бірқатар қиындықты шеше алатынын, әлемдегі барлық мемлекеттерге экономикалық дамуға мүмкіндік беретінін және пайдасының зор екенін өз мәлімдемесінде мойындады.

Бұл жаһандық жағдаят біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Соңғы 10 жылдан аса уақытта жаһандық климат өзгерістері, экономиканың энергия сыйымдылығының төмендеуі және тұрақты даму сияқты проблемалар жоғарғы деңгейде талқыланып жатыр. Нәтижесінде 2013 жылғы 30 мамырда «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдама әзірленіп, қол қойылды. Тұжырымдамада бірінші кезекте экономиканың белгілі бір салаларын реформалауға бағытталған басым міндеттердің тізімі ұсынылды.

Тұжырымдаманы 2013 жылдан бастап 2050 жылға дейін іске асыру жоспарланып отыр. «Жасыл экономикаға» көшу бойынша шаралар тұжырымдамаға сәйкес су ресурстарын тұрақты пайдалану, тұрақты және өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығын дамыту, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, электр энергетикасын дамыту, қалдықтарды басқару жүйесі, ауаның ластануын азайту және экожүйелерді сақтау мен тиімді басқару бағыттары бойынша жүзеге асырылады.

Нақты бағыттар мен айқын мақсаттарды көздеген аталған тұжырымдама аясында облысымызда да бірнеше жылдан бері кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, қазіргі таңда облысымызда жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) жалпы белгіленген қуаты 437,8 МВт болатын 18 нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде жиынтық қуаты 24,4 МВт 6 су электр стансасы, жалпы қуаты 162,15 МВт 6 жел электр стансасы, сондай-ақ қуаты 251,25 МВт 6 күн электр стансасы бар екен.

– Қазақстанда барлығы 2330,0 МВт қуаттылығымен 141 жаңартылатын энергия көздері нысаны жұмыс істейді. Бұл ретте Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жағынан алдыңғы қатарлардың бірінде келеді. 2021 жылы өңірдегі ірі жобалардың бірі, құны 49 миллиард теңгені құрайтын қуаты 100 МВт Жаңатас жел электр стансасы пайдалануға берілсе, қуаты 9,2 МВт құрайтын «Тасөткел» суқоймасындағы су электр стансасының екінші кезегі іске қосылды.

Сондай-ақ 2022 жылдың мамыр айында Жамбыл ауданында жалпы қуаты 50 МВт құрайтын «AEC ASA» күн электр стансасының құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылды.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, 2022 жылдың 9 айында сағатына 3 453,3 миллион кВт электр энергиясы өндірілсе, оның сағатына 2 629,4 миллион кВт электр энергиясы дәстүрлі энергия көздерінен және сағатына 823,9 миллион кВт электр энергиясы ЖЭК нысандарынан өндірілген.

Сонымен қатар өңіріміздің күн, жел және су электр стансаларын орналастыру әлеуетін ескере отырып, 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін дамытудың болжамды картасы әзірленіпті. Жоспарға сәйкес 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің саны 1,2 гигаватт қуатымен 32 нысанға дейін жеткізілетін болады.

– Жамбыл облысында күн инсоляциясының көрсеткіші 1500-1 600 кВт/сағатқа дейін жететінін және Еуропаның көптеген елдерінен артық мүмкіншіліктері бар екендігін көруге болады. Бұл көрсеткіш бизнес жобалар үшін өте қолайлы жағдай.

Аудандар бөлінісінде қарасақ, Тараз қаласы және Байзақ ауданы бойынша – 1 465 Квт/сағ, Меркі ауданы – 1 471 кВт/сағ, Шу – 1 459 кВт/сағ, Рысқұлов – 1 463 кВт/сағ, Жуалы – 1 520 кВт/сағ, Сарысуда – 1 520 кВт/сағ күн инсоляциясы мүмкіншілігі бар.

Облыстың жел энергиясын өндіру бойынша басымдылығын анықтау үшін Қазақстанның жел ресурстарының атласы пайдаланылды. Атлас картасына сәйкес республика бойынша 100 метр биіктіктегі жел жылдамдығының орташа көрсеткіші жел энергиясын дамытудың негізгі алғышарты болып табылады.

Картадан есептеп, салыстырып қарасақ, жел энергиясын дамыту бойынша Қордай, Сарысу, Талас, Шу аудандарымен қатар Мойынқұм ауданында үлкен мүмкіншіліктер бар екені байқалады. Қалған аудандарда картаға сәйкес жел энергиясын өндіру әлеуеті төмен, желдің жылдамдығы секундына 5 метрден аспайды. Су ресурстарының мүмкіндіктерін анықтау бойынша облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесіп, аймақтағы өзендер мен суқоймалардың мүмкіндіктері зерттелді. Нәтижесінде облыстың 10 өзені мен суқоймасында жүзеге асырылуы мүмкін 12 перспективалық жоба анықталды. Стансалардың болжамды қуаты шамамен 140 МВт-ты құрайды.

Перспективалы жобалар негізінен тау өзендерінің жоғарғы ағысында орналасқан Жуалы, Жамбыл, Меркі, Т.Рысқұлов және Қордай аудандарының аумағында орналасқан.

Облысымыздың Қордай ауданында бұған дейін «Виста- Интернешнл» ЖШС-ның қуаттылығы 21 мегаватты құрайтын, құны 6 миллиард 362 миллион теңгенің жобасы іске қосылса, енді «Ветро Инвест» ЖШС қуаттылығы 53,75 мегаваттық, құны 12 миллиард 8 миллион теңгенің жобасы жүзеге асырылды. Бұл жоба Индустрияландыру картасы және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары бойынша мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылған еді. Бүгінде мұнда Германияда жасалған 40 энергетикалық қондырғы орнатылған. Бұл қондырғылармен жылына 50 миллион киловатт сағатқа дейін электр қуатын өндіруге болады. Оның әрқайсысының салмағы 180 тонна болса, биіктігі 60 метрді құрайды. Салыстырмалы түрде айтқанда, ол 150 мыңға жуық халқы бар Қордай ауданын электр қуатымен толық қамтамасыз етуге қауқарлы.

Сондай-ақ осы өңірде алғаш пайдалануға берілген «Отар» күн электр стансасының да облысымызда алатын орны ерекше. Құрылысының құны 200 миллион теңгені құраған күн электр стансасының қуаттылығы – 504 киловатт болды. Жалпы бүгінде «Отар» күн электр стансасының белгіленген қуаттылығы – 7 мВт. Бұл жоба «ҚазЭкоВатт» ЖШС жекеменшік инвестиция қаржысы есебінен бой көтерді. Сонымен қатар ол ортақ электр желілеріне қосылған және Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесіне электр қуатын бере алады. Ал Жуалы ауданындағы қуаттылығы 50 МВт «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» ЖШС-ның күн электр стансасы Орталық Азиядағы ең ірі нысан болып табылады.

Сонымен қатар Жуалы ауданында су көзінен қуат өндіру мақсатында екі инвестициялық жоба қолға алынған. Атап айтсақ, Көксай каналының бойынан қуаттылығы 18 МВт құрайтын кіші су электр стансасының құрылысы басталып кетті. Жоба құны 5 миллиард теңгені құрайды. Оның құрылыс жұмыстарын биыл аяқтау жоспарланған. Инвесторы – «ҚазГидроОперейтинг» ЖШС. Ал «Ақсай» каналының бойынан қуаттылығы 18 МВт құрайтын кіші су электр стансасының құрылысының инвесторы – «Аксайская ГЭС АянКо» ЖШС. Ол жобаның жалпы құны 21 миллион АҚШ долларын құрайды.

Т.Рысқұлов ауданының Қарақыстақ ауылындағы «Қарақыстақ» су электр стансасының да облысымыз үшін маңызы зор. Қуаты 2,3 МВт-ты құрайтын су электр стансасы жобасының инвесторы – «ЭнергоСтройПроект» ЖШС. Бұл су электр стансасында 12 адам жұмыс істейді. Ал Меркі ауданындағы «Меркі-3» шағын су электрстансасы тау өзенінің жоғарғы жағында орналасқан. Жергілікті жұрт «Меркенка» деп атап кеткен тау өзенінің суын қорек қылатын Меркі СЭС-інің қуаттылығы 1,5 мегаватты құрайды. Осылайша жыл санап облысымызда «Жасыл» экономика белдеуі қалыптасып, отандық табиғи өнім өндірушілердің қатары артуда.

Сарапшылардың айтуынша, келешекте климаттық жағдайлардың өзгеруінен экономика салалары, әсіресе ауыл шаруашылығы үлкен шығынға ұшырауы ықтимал. Егістік алқаптары мен шабындықтар азайып, дәнді дақылдардың өнімділігі төмендеуі елдегі азық-түлік қауіпсіздігіне де қауіп төндіретінін айтып дабыл қағуда мамандар. Сондықтан климаттың күрт өзгеруін ескере отырып әрі мамандар айтқан қауіптің алдын алу мақсатында ғаламдық жылыну процесінде дәстүрлі энергетиканың үлесін азайтуға шындап кіріскен абзал. Ал облысымыздағы бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың қарқыны көңіл қуантады.

Талғат НҰРХАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.