АНАМ АЛҒАШҚЫ КИНОМЕХАНИК ЕДІ

0

«Тау алыстаған сайын  биіктей түседі»- демекші, Қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы киномеханик, СССР кинематография саласының үздігі, Қазақ ССР Жоғары Советі Президиумының Құрмет грамоталарымен марапатталған, Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, «Октябрь Революциясы» және «Құрмет Белгісі» ордендерінің иегері, Қордай ауданының құрметті азаматы Рәпия Халықова анамыз бар ғұмырын кинематография саласына арнап, ел-жұрттың алғысына бөленген ардақты тұлға болатын.

Ауылдың, барша қауымның анасы болған шешеміздің арамыздан бақилық дүниеге аттанғалы жылдар өтіп, айлар жылжып барады. Анамыз тірі болғанда қарашаның 27 жұлдызында  89 жасқа келетін еді.

«Мен, Кененнің үнінен өзгені онша ұға бермеймін», — деп баға берген жыр алыбы Жамбыл бабамыз құрметтеген Кенекең мағыналы да мәнді ғұмырының соңғы жылдарын Қордай ауданындағы Киров колхозы,Ұмтыл селосында өткізгенін барша қазақ жақсы біледі. Жас шағында қотыр көкшолағына мініп алып, бозторғайын жырлаған ақиық ақын, күміс көмей әнші Кенекең кәрілік келіп аяқтан алған кезінде жүйрік қасқа атына мініп алып, ел аралап Қордай тауының бауырын ән-жырға бөледі. Ақын атамыз ат үстінде жүргенде әсіресе ауыл-ішіндегі өзі жақсы көріп жиі барып тізгін тартатын үйлері болушы еді. Сол қараша үйдің бірі мектеп мұғалімі Ордабай Сәдібековтың отбасы болатын.

-Әй, мұғалім бала үйде ме, — деп келіп Рәпия келінінің сүт қатқан қою қара шайын ішіп отырып, Ордабай інісімен шер тарқасып бір әңгімелесіп қайтатын.

 «Ия, Кенен атамыздай халыққа танымал, қазыналы қартпен ауылдас болып, үйімізге анда-санда келіп дәм татып кетіп отыруының өзі біз үшін үлкен бір қуаныш әрі мақтаныш болғаны рас» — деп еске алатын анамыз.  Анашым Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қастек ауылында дүниеге келген. Сонау  ел басына күн туған ашаршылық, репрессия жылдарында көрмеген тауқыметі болмаған. Бір жағынан ардақты жан жайнаған жыр жұлдыздары Жамбыл мен Кененнің жерлесі, Сұраншы, Саурық, Наурызбай, Қарасай батырлардың ұрпағы. Бұл кісі туралы толығырақ білу үшін 1973 жылдың шілде айында жарық көрген «Қазақстан ауыл шаруашылығы» журналының жетінші нөмірін қолға алдық. Журналдың «Қазақ киносының адамдары» айдарымен берілген «Рәпия»деген мақалаға көз жүгірттік. Мақала былай деп басталады. «Алдыңғы қатардағы киномеханик қазақ қызы Рәпия Халықова өзінің бұл ардақты міндетін қалтқысыз атқарып жүр. Қазақстанды былай қойғанда бүкіл Орта Азияда қыздар арасында киномеханик-қарлығаш болу атағы Рәпияға ғана бұйырыпты. Еңбекпен ер жеткен балаларын бақыт бесігінде тербеткен  Рәпия Халыққызы, міне, осындай жан», — деп айтылған екен. Шойын аппаратты меңгеріп алу әйел адамға оңай тимейді. Қазақ әйелдері арасынан шойын шынжырлы тракторларды тізгіндеп мініп жетістіктерге жеткендер байтақ даламызда баршылық. Ал, анам киномеханик мамандығын өзі қалап таңдап алды. Алайда бар қиыншылықты жеңе білген анам төрт тағандап тұратын тай бойындай түрпеттес КП-12 кино аппаратурасының қыр-сырын үйреніп алу жолында табандылық танытып мақсатына жетті. Кәсібінің нәсібін көрді.

Клубтың іші халыққа лық толы. Ине шаншар жер жоқ, сірә. Шыбынның ызыңы естілетін тыныштық орнаған.Үндінің бір махаббат сезімімен өрілген тамаша хикаясы көрсетіліп жатыр. Кино ешқандай тоқтаусыз екі сағат уақыттай жүрді. Бірде-бір кідіріс болмады. Халық кино аяқталғаннан кейін, орындарынан тұрып бара жатып, анам жаққа жоғары бұрылып қарап рахметтерін айтып барады. Иә, күн сайын ауылдастарынан осындай алғыс сөздер естіп отыру қалыпты жағдай. Аудан орталығынан Рәпия Халықоваға нашар кинолар ешуақытта жіберілмейді. Өйткені, жоспарды екі есе артық орындап отыратын білікті маман ауданның озат киномеханигі. Сондықтанда Киров колхозына тек қана таңдаулы кинолар жеткізіліп отыратын болған. Орталық мәдениет үйінің жоғары қабатында орналасқан кинобуткаға анашым қос қолына бес-бес келі салмағы бар зілдей ауыр кино банкаларын көтеріп алып, күніне бірнеше рет шығып түседі. Жұмысының қаншалықты қиын болғанымен еш уақытта өкпе айтып көрген емес, өйткені өзінің жүрек қалауымен таңдап алған сүйікті мамандығы ол киномеханик. Алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын анамның батыл да батыр, мейрімді де қайырымды ерекше  қасиеттері бар еді. Кинобутканың іші әсіресе күз бен қыс айларында мұздай суық болып тұрады. Өйткені, клубтың жанында соғылған от жағардан берілетін жылу мәдениет сарайын толықтай жылытады деп айту мүмкін емес еді. Содан болар, кинобуткаға жылымшы ғана жылу келіп тұратын. Ал, қабырғалар мен еденнің тастай бетоннан салынғанын ескерсек, кинобутканың іші қандай температурада болатынын ойлана беруіңізге болады. Қысқасы, сондай тастай суық жерде анам жұмысына белсене араласып, маңдайы шым-шымдап терлеп екі аппараттың ортасында ары-бері жүгіріп жүретінді. Сол кездері ет қызуымен денесіне өткен суықты елемеген қайсар тәтем (анамды солай атаушы едік) қарттық келіп аяқтан алып жығылғанда барып азабын тартты десе болады. Жан анам жұмысын алдыменен кино аппаратты мұнтаздай таза етіп сүртуден бастайды. Содан кейін, кино банкалардың ішіндегі пленкаларды шығарып, ақау-үзік жерлерін желімдеп барып көрерменге көрсетілер фильмді дайындайы. Кей кездері ауданнан сол кино банкларды келіп алып кетіп тұратын көліктің болмай қалу жағдайлары да болып қалатын. Ондай кезде анашым өз қолымен сол зіл батпан кино банкларды ауылдан алшақ екі-үш шақырым жердегі жол торабына көтеріп алып барып, ауданға салып жіберетін. Міне, осындай жағдайлар жылдың төрт мезгілінде жиі болып тұратын еді. Айталық, қаhарлы қыстың сақылдаған сары аязында кино банкларды шанаға басып алып, сүйреп бара жатқанда, нағыз халық үшін туған, өзі сүйген киномеханик мамандығының адал маманы екендігіне көзіңізді еріксіз жеткізетінсің. Сонда ол кісіні «Ауылдастарыма бүгін жаңа бір кино алып келіп көрсетсем», — деген ой ғана алға жетелейтін. Міне, осындай айтуға оңай болғанымен жұмысы өте қиын киномеханик мамандығын жан анашым Рәпия 40 жылдан аса абыроймен атқарып, халықтың алғысына бөленді. «Ұстазының бақыты шәкіртімен өлшенеді»,  — дегендей, артынан ізін басқан білікті шәкірттер тәрбиелеп өсірді. Солардың бірі – Серік Сұраншыбайұлы. Анам кейін зейнетке шыққан кезде Серік ағамыз анамның  салған сара жолын мінсіз жалғастыра білді.

Сүйген ісінің сүйінішін көріп, ел құрметіне бөленген ардақты ана.Сонау ел басына қатер төнген зобалаң жылдары, әкесін бір түнде еш кінәсіз ұстап алып кеткенде де, бүлдіршін бала кезінде анасы мен әпкесінің қойнына тығылып сонау қырғыз елін паналап келгенде де, соғыстан кейінгі ауыр жылдарда бір үзім нанның бағасы артып халық қиналған ауыр кездерде де тағдырдың салғанына төзе біліп, қайсарлықпен қарсы тұра білді. Балаларына жиі айтатын аналық даналығы, «Бар тілерім балаларымның амандығы мен елімнің тыныштығы, Алла тағалам осы күнге үлкен абыроймен жеткізгеніне тәубе етем» -деп , анашым Рәпия, көзінің жасын сүртіп қоюшы еді марқұм. Қажырлы еңбектің қайырымы болуы шарт. Мәскеуге бірнеше рет еліміздің атынан делегат болып барып, Қазақстандағы кино шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді қозғап, өткір баяндама жасады. Елің үшін еткен есіл еңбегің ешуақытта елеусіз қалмайтыны белгілі. Еңбегі жанып Рәпия ана «СССР кинематография саласының үздігі» атанды. Сонымен қатар, «Қазақ ССР Жоғары Советі Президиумының Құрмет громаталарымен» наградталып, «Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері» атағына ие болды. «Октябрь Революциясы» және «Құрмет Белгісі» ордендерін кеудесіне тақты.Туған өлкесінде «Қордай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Атақты кино режиссер Ораз Әбішев 1985 жылы Қазақ фильм киностудиясында «Рәпия» атты деректі фильм түсіріп шығарды. Кеңес үкіметі тұсында Рәпия Халыққызы туралы «Жаңа фильм», «Советский экран», «Киномеханик» сияқты Одаққа беделді басылым журналдардың алғашқы беттерінде суреттерімен бірге мақала очерктер жарияланды. Сонымен қатар, «Рәпия» атты тарихи өмірнамалық құнды кітап жарыққа шықты. Бұл кітаптың тұсаукесері Қазақтың орталық телеарналары мен белді  баспасөз өкілдерінің қатысуымен Алматыдағы Ұлттық кітапханада сән-салтанатпен болып өткен еді. Дегеніменде исі қазаққа танымал Рәпия Халықованың есімімен Қордай ауданының орталығындағы бір шағын көшенің аты берлісе артық болмас еді. Кім білсін Алла нәсіп етсе, ол күнге де жетерміз.

Хадисте «Жұмақ ананының табанының астында», — дейді. Рәпия анамыз өмірінде ай маңдайлы жеті бала өсіріп, ұлын-ұяға, қызын — қияға қондырып алтын құрсақ ана атанды. Әулеттің ғана емес барша қазақтың анасы Рәпия Халыққызын жер қойнына тапсырғанымызға үш жылдан асып барады. Ел үшін еңбек етіп, қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш киномеханик анамыздың жаны жәннаттан орын алып, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болуын Алладан тілейміз. «Қайсыбіріңізге Раббым бір кәсіп арқылы ризық бермек болса, сол кәсібіңнің өзі өзгермейінше тастама» — деген екен хадисте. Өмірінің соңына дейін сүйген ісіне адал, жаны қалаған кәсібінің нәсібін көре біліп, ел алғысына бөленуден артық бақыт барма? Меніңше, өзі қалаған мамандығы арқылы елге жылылық, қуаныш сыйлай білген ардақты ана деп білемін. Жаны аман болғанда ортамыздың берекесі болып 89 жасқа келген туған күнін бірге қуана атап өтер едік. Алла алдынан жарылқасын. Анамның тірі кезіндегі арманының бірі  ауылдағы клубта киноның үні тоқталмай көрсетіліп тұруын тілеуші еді. Ендеше, ауылымдағы мәдениет үйінде анам қосқан киноаппарат тоқтамай,  кино  қойылымдары жалғасын үзбей, ауыл халқын қуанта берсе нұр үстіне нұр болар еді, шіркін.

Ақын Ордабайұлы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.