АНАНЫҢ ТІЛІ…

0

Тіл-мәдениеттің бір бөлігі. Тіпті егіз ұғым десек те қапы айтқанымыз емес. Қай ұлттың өкілі болмасын, әр адам үшін өз тілінен қадірлі, өз тілінен әдемі, өз тілінен қасиетті тіл болмайды.
Қазақ халқының ежелден тілге деген құрметі ерекше. Ұлттық тілімізді «Ана тілі» деп атауда да мән жатыр. Қазақ халқының этностық мәдени түсінігі бойынша, шыр етіп дүниеге келген нәрестенің құлағына алғаш ананың әсем үн-әуезі оның ақ сүті арқылы баланың бойы мен барша болмысына дарып, адамға ғана сыйланатын құдіретті күш-тілге ұласады. Қазақ тіл білімінде «ана тілі» терминін алғаш ұсынып, ғылыми айналымға енгізген ұлттың ұлы ұстазы, қазақ қоғамы мен мемлекетінің қайраткері, ағартушы, ақын, аудармашы, педагог, публицист, түркітанушы, ғалым – Ахмет Байтұрсынұлы.
Негізі, қазақтың тілі әлемдегі ең қиын тілдердің қатарына жатады. Қазақ отбасында тәлім алған бала өз тілінің қадірін ешқашан ұмытпайды. Өзге ұлт өкілі қазақша сөйлеп үйренуі мүмкін, бірақ оның мән мағынасын толық меңгеріп шығу өз алдына бөлек мәселе. Себебі қазақ халқына тән астарлап сөйлеу мәдениетін түсіну үшін ұлт зиялыларының еңбектеріне мән беру маңызды. «Қазақ тілі — бай тіл, оралымды, ырғақты, теңеу бейнелері ерте туған тіл» деп сөз зергері Ғабит Мүсірепов айтқандай, расында қазақ тілі — көркем тіл.
Тіл-мәдениеттің маңызды категорияларының бірі, өйткені адамның дүниетанымы тіл арқылы қалыптасады және көрінеді. Алайда тіл тек сөйлеу құралы ғана емес, сонымен қатар адамның өмірлік тәжірибесін анықтайтын қалып­тастыратын орта.
Ия, тіл-қарым-қатынас құралы бола отырып, ақпарат алмасудың формасы десек, кімде-кім ақпаратқа ие болса, ол бәріне иелік етеді. Біздің әрқайсымыз бұл фразаны бірнеше рет естісек те, тіл мәселе – қазіргі уақытта өзекті болып отыр.
Қазіргі Қазақстан мен жалпы әлем біздің көз алдымызда тез өзгеруде. Ғылым мен техниканың дамуына байланысты уақыт пен кеңістік ұғымдары жоғалады. Біз қазір жер планетасының кез-келген бөлігінде тұратын адамдармен байланыса аламыз және аз уақыт ішінде әлемнің кез-келген нүктесімен де ақпарат алмаса аламыз.
Бұл – жаһандану дәуірі. Сон­дықтан, қазіргі қоғам бізден шет тілін білуді талап етеді. Жаһандану бәрін, соның ішінде экономиканы, білім мен мәдениетті өзгертеді. Қазіргі қоғамға шығармашылық ойлауы қалыптасқан, кез-келген ақпаратты талдауға және түсінуге қабілетті адамдар тез бейімделеді. Осы тұрғысында алғанда шет тілі – ең жақсы құралдың бірі.
Қорыта келсем, «Мен жастарға сенемін» деп, публицист, педагог, жаңа қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Мағжан Жұмабаев айтқандай елдің, мәдениеттің, тілдің ертеңі де біздің қолымызда.
Серғазы ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.