АНАТОЛИЙ ШУПТА. ЕЛІ ҮШІН ЕҢБЕКТЕНГЕН ЖАН…

0

Облыстың Құрметті азаматы, ауданның Құрметті азаматы Анатолий Андреевич Шуптаның кең әрі жайлы үйінде отырмыз. 85 жылдық мерейтойы қарсаңында Анатолий Андреевич өзінің өмірі, балалық және жастық шағы туралы әңгімелеп, көптеген әріптестері мен жерлестерін еске алды, өлкеміздің қалыптасуымен, оның тарихымен және ғажайыптарымен қатар қызмет еткен жылдар, өмірінде кездестірген адамдар туралы әңгімелеп берді.

 

Анатолий Шупта Алтай өңірінің Сидоровка ауылында дүниеге келген. Оның дүниеге келген уақыты тарихтағы ең қиын кезеңнің бірі – 1938 жыл – соғысқа дейінгі жылдар еді. Отбасы көпбалалы — алты бала. Әкесі есепші болып жұмыс істеді, ал анасы үй шаруасымен балалардың тәрбиесімен айналысты. Бала кезінде ол сұрапыл соғыстың қасіретін бастан кешті.

-Балалық шағым соғыс жылдарында өтті, — дейді Анатолий Андреевич.   -Жұмыс бригадалары үшін суыр ұстап беретініміз есімде, осылайша біз де майданға көмектесіп жатқандай сезілетін.

1946 жылы Шупта отбасы Қазақстанға Алматыға келді. Жүрегінің қалауымен Анатолий Андреевич Талғар ауылшаруашылық техникумына оқуға түсті. Қолына дипломын алған соң 1957 жылы Көкшетау облысына тың игеруге жіберілді. Екі жылдан кейін Алматыға оралып, Алматы шарап совхозында бригадир болды. Ал 1967 жылы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын агроном мамандығы бойынша бітірді.

Жамбыл облысына қоныс аударғаннан кейін, «Жасүркен» кеңшарында мансапты өсу жолының барлық сатысынан өтті – жұмысшы, бригадир, агроном, бас агроном және 5 жылдан астам кеңшар директоры болды. Совхозда еңбек еткен кезең ол үшін үлкен шаруашылық жүргізу мектебіне айналды. Шаруашылық өзінің жоғары егіншілік мәдениетімен, мол табысымен, жоғары өнімділігімен әрқашан даңқы шыққан.

1975 жылы ауыл шаруашылығы бөлімі бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды.

Бұдан кейінгі барлық еңбек қызметі партия жұмысымен байланысты болды.

Осылайша Анатолий Андреевич өмірінің жаңа кезеңі Қордай өңірінде басталды. 1978 жылы күзде Қазақ КСР КП Жамбыл облыстық комитеті оны Еңбекші халық депутаттары Кеңесі аудандық атқару комитетінің төрағалығына ұсынды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Берден Байқошқаровпен бірге жұмыс істеді. Ал Нұрсила Оспанәліқызы Бегалиева жаңа жерге қоныстануға атсалысты.

Бұл ауданда маңызды шаруашылық және өнеркәсіптік нысандардың – Қарақоңыр су қоймасының, Абай мектебінің, Қақпатас совхозы, Көкқайнар қызылша совхозының Мәдениет үйінің, «Көкқайнар» қызылша кеңшарының Мәдениет үйінің, халық қалаулыларына, мұғалімдер мен дәрігерлерге арналған тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілген, аудан орталығына газ құбыры тартылған жылдар еді. Анатолий Андреевич барлық жерге үлгеретін. Егістік егу науқаны, мал шаруашылығында мал төлдету, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және мемлекетке өткізу жоспарын орындау, мектептерді жаңа оқу жылына дайындау, мәдениет мекемелерінің жұмысын ұйымдастыру және т.б. Ол кездегі талап бойынша басшылық лауазымдарда қызмет еткендер бар күш-жігерімен атсалысатын.

1983-1992 жылдары Свердлов, Меркі және Қордай аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болып істеді. Бұдан бөлек Қордай аудандық атқару комитеті кеңесінің Төрағасы болды.

Анатолий Андреевичтің жолдастары мен әріптестері сол кездегі партияның жоспарларын жүзеге асыра отырып, астық пен қант қызылшасынан мол өнім жинап, мал тұқымы мен егіс науқанына жауапкершілікпен дайындалғанын еске алады. Ауданды басқарған жылдары ол жігерлі басшы, жаңа идеялардың генераторы әрі жастардың жұмыс істеуіне әрдайым қолдау танытып, көмектесетін шебер ұйымдастырушы бола білді.

Анатолий Андреевич Д.Қонаев және Н.Назарбаевпен кездескен сәттерін ұмытпайды.

Анатолий Андреевич егде жаста болғанына қарамастан, айналасындағыларды күш-қуаты және жігерімен таң қалдырып, қоғамның белсенді мүшесі болып жүр. Оның әртүрлі оқиғаға толы өмірі – халқына, еліне қызмет етудің жарқын үлгісі. Ерен еңбегі үшін Анатолий Андреевич Шупта екі мәрте «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған, сонымен қатар алты медаль және Президенттің алғысын алған.

-Әрине, жұмыс жеңіл болған жоқ, бірақ қызықты еді, — деп еске алады мерейтой иегері. – Адамдар таң азаннан күн батқанша тынбай еңбек етті. Бәріміз бір үйдің баласындай, ортақ мақсат – өз өміріміз бен балаларымыздың өмірін жақсарту жолында тер төктік. Сол мақсатымызға жеттік деп ойлаймын.

Анатолий Андреевич және Галина Ивановна шын мәнінде үлкен әрі тату отбасын құра білді: төрт қыз тәрбиелеп өсірді. Галина Ивановна бала тәрбиесімен айналысып, агроном, шарап зауытының директоры, одан кейін санэпидстанса дәрігері болып еңбек етті.

Бүгінде тоғыз немере мен алты шөберенің ата-әжесі болып отыр. Қызы Ирина – Түркияда, Алена – Мәскеуде, Жанна – Таразда, ал Ольга – Қордайда қалды. Бәрі де оқыды, білім алды, алған тәрбиесінің арқасында әрқайсысы еңбексүйгіш, жауапкершілігі мол болып өсті.

Бұл ғажайып дарын иесі әрі қайратты азамат қай істерімен танымал, қордайлықтар оны қандай мінез-құлық қасиеттерімен бағалап, құрметтейді?

Адам табиғаты – нәзік құрал  емес пе. Қарапайым, ұстамды Анатолий Андреевич әрбір адамның еңбегін құрметтейді, бағалайды. Ұзын бойлы, көрнекті, ой-өрісі кең, өмірдің қамын ойлайтын жан. Бір сөзбен айтқанда – абыройлы адам. Бұл қасиеттер ата-анасынан дарыған. Қиын жылдар, өтпелі кезеңнің қиыншылықтарын жеңуде онымен иін тіресе еңбек еткенде бүгінде әріптес, жолдас, дос жайлы көптеген жылы лебіздерін айтуда. Тамаша мерейтойы қарсаңында оған зор денсаулық, сарқылмас қуат, шығармашылық шабыт пен жаңа идеялар мен жоспарлардың туындауына ықпал ететін кездесулер тілейміз.

Суретте:

Қордай ауданының делегациясы 18-ші партия конференциясында, Жамбыл қаласы, 1978 жылғы 8-9 желтоқсан.

Leave A Reply

Your email address will not be published.