Аптап ыстықта абай болыңыз!

0

Күннің ыстығы биыл әдеттегіден ерте келді. Шамадан тыс ауаның ыстықтығы дененің қызуын көтеріп, қан қысымын жоғарылатып, қанды қоюландырып, жүрек соғысын жиілетіп, күн өту қаупін арттыра түседі. Жалпы, күн өтудің үш деңгейі бар: Жеңіл – зардап шеккен адамның бойында әлсіздік болып, бас ауырады, жүрегі айниды. Сондай-ақ жүрегі қатты соғып, көз қарашығы ұлғаюы мүмкін. Орта – адамның аяқ астынан дене қызуы көтеріледі, басы ауырып, жүрегі айниды, басы айналып, құлағы шыңылдайды. Сонымен қатар жүріс-тұрысы бұзылып, көзі қарауытады, есінен танып, мұрнынан қан кетуі де мүмкін. Ауыр – аяқ астынан асқынады. Зардап шеккен адамның беті ысып, қызарады да, артынша сұрланады. Бет терісі мен шырышты қабықтары сұрғылт-көк түске немесе қою көкке боялады.

Бұл қан айналымының бұзылғанын білдіреді. Дене температурасы 41-42 градусқа дейін көтеріледі. Осы күйде зардап шеккен адам галлюцинация көріп, сандырақтауы мүмкін. Есінен танып, тіпті комаға да түсуі мүмкін. Жеңіл және орта белгілері бар адамды горизонтальді бағытта жатқызып, аяғын көтеріп, денесін және басын суық суға малынған орамалмен орау қажет. Салқын су ішкізіп, бөлмені желдету қажет. Күн өтудің ауыр белгілері байқалған жағдайда, дереу дәрігер көмегіне жүгіну қажет. Ыстық ауа өмірлік маңызы бар ағзалардың, соның ішінде жүрек-тамыр жүйесінің жұмысына елеулі әсер етеді. Ыстық тигенде адамның жалпы жағдайының нашарлауынан бастап, естен тануға, тіпті өлімге (дер кезінде көмек көрсетілмесе) алып баруы әбден мүмкін. Дененің сусыздануынан бас айналып, ауыз құрғап, тіл кеуіп, жүрек айниды. Қан қысымы төмендеп, қан тамырлары кеңейеді, денесі қызарады, бойы дел-сал күйге түседі. Ыстық өтудің патологиялық жағдайларын бірнеше түрге бөлуге болады: – асфикциялық түрі – тыныс алудың қиындауы, – гипертермиялық түрі – өте жоғары дене қызуы, – церебральды түрі – естен тану, бас айналу, ауырсыну. – гастроэнтеридтік түрі – жүрек айну, құсу, іш өтудің айқын белгілері. Ыстықтың әсерінен тыныстың жиілеуі байқалады. Ол – денені салқындатуға арналған рефлекторлық механизм. Егер пациент гипертоник болса (қан қысымы жоғары адамдар) жағдайы ауырлай түседі. Жүрегі айнып, құлақтары бітіп, ерні кезереді. Бастағы ми тіні ісініп, бұлшық еттер тырысып, бас ауырып, естен тануы мүмкін. Сонымен қатар сирек жағдайларда іш өту, дененің температурасы көтеріліп, қалтырау болуы да кездеседі. Әсіресе, күн өту жас балаларға, қарттарға қатты әсер етеді. Оларда ыстық өту белгілері ересек адамдарға қарағанда бірнеше рет жылдам жүреді. Сондықтан да жас балаларды, жасы келген қарттарды ыстықтан қорғап, олардың жалпы ахуалы нашарлауына, терілерінің қызаруына, санасының бұзылуына жол бермеу керек. Бала мен қарттардың организмі тым нәзік екенін естен шығармаған абзал. Егер өзіңізге ыстық өткенін байқасаңыз, көлеңкелі салқын жер тауып, бірер сәт отырып, демалыңыз. Кеуде түймелерін ағытып, артық киімді шешіңіз, мойын мен жаға аймағын босатып, салқын су ішіңіз. Қолыңызды, бетіңізді сумен шайып, деміңізді реттеңіз.

Жақын уақытта әлсіздік жойылмаса, қасыңыздағы адамдардан көмек сұрауға қысылмаңыз. Күн өтіп, ыстық тиген адамда жоғарыдағы көрсетілген белгілер байқалса науқасты салқын үйге кіргізіп, терезелерді ашып, желдеткішті қосып, жатқызыңыз. Оның басына киімдерін жастық етіп көтеріп, аяқтарын мүмкіндігінше 7-10 сантиметрдей жоғары қойыңыз. Маңдайына салқын суға малынған орамалмен компресс жасаңыз. Егер есінен танған жағдайда мүсәтір (нашатыр спиртін) иіскетіңіз немесе бетіне су бүркіңіз. Комната температурасына сай көбірек су ішкізген орынды. Жүрегі айнып, құса бастаса құсығының тыныс жолдарына кетіп қалмауы үшін бір қырынан жатқызыңыз. Ыстық тиюден сақтану жолдарына тоқталатын болсақ, әрине жазда күн астында ұзақ мезгіл жүруге болмайды. Кез келген адам ыстықтан қорғанудың негізгі шараларын қаперде ұстағандары жөн. Жабық бөлмеде отырсаңыз терезелерді ашып, кеңістікті желдетіп отыру қажет. Оған қоса үй ішін ылғалды сүлгімен тазалау керек. Сонымен қатар, таңертең немесе кешкі уақытта душ қабылдаған пайдалы. Бірақ су тым суық болмауы да қажет, бұл дене температурасын бір қалыпта ұстауға ықпал етеді. Егер далада ұзақ уақыт жүретін болсаңыз немесе ашық аспан астында жұмыс істейтін болсаңыз денені күн сәулесінен сақтау үшін алдымен арнайы бас киім – етегі мол қалпақ-шляпа, көзге сәуледен қорғайтын көзілдірік, ашық денеге арнайы күйіктен қорғайтын кремдер жағып алу артық болмайды. Бұл адамды күн өтуден сақтайды. Сондай-ақ көшеге шыққанда жеңіл қолшатырды да пайдалануға болады. Күн ыстық болған күндері жеңіл әрі бос, ашық реңкті, табиғи материалдан тігілген киім киген дұрыс. Себебі қара түсті және синтетикадан жасалған киімдер денеге ыстық тартады.

Жаз айларында айдын көл, теңіз жағажайларына демалуға барғанда да күн сәулесінен қорғануды ұмытпаған жөн. Күннің барынша шақырайып, қызып-күйіп тұрғанында жағажайда болу адамға қауіпті. Ондай сәттерде адамның ашық жерлеріндегі терісі күйіп, ыстық ұру қаупі жоғары. Сондықтан көл, теңіз суларына таңертең сағат 10-11-ге дейін немесе кешкі 16-17-ден кейін шомылған тиімді. Күннің аптап ыстығында күн өту қауіпі өте жоғары. Ыстықта адам ағзасы көп мөлшерде сұйық жоғалтып, нәтижесінде қан қоюланады. Бұл жағдай жылу реттеудің бұзылысына ғана емес, инсульт пен инфарктқа да душар етуі әбден мүмкін. Балалар, жүкті әйелдер мен егде жастағы адамдар ыстыққа өте сезімтал болады. Мәселен, балалар мен кішкентай нәрестелер күн ысығанда беймаза болып кетеді. Сондықтан олар ерекше күтімді қажет етеді. Оларға жеңіл әрі табиғи матадан тігілген ақ түсті киім кигізу қажет, суды да көп ішкізген жөн. Тағы бір айта кетер мәселе, баланың жөргегін жиі ауыстырып отыру қажет немесе олардан мүлде бас тартқан жөн. Ауа температурасы тым жоғары болса, баламен далада серуендеу қауіпті. Егде жастағы адамдар да балалар сияқты беймаза болады, оған қоса қан қысымдары да жоғарылауы мүмкін. Сондықтан созылмалы аурулары бар қарт адамдар дәрі-дәрмектерін уақытылы ішулері қажет. Маңызды ақпарат – кез келген дәріні температурасы 25 градустан жоғары жерде қалдырмау қажет, күн сәулесі түспейтін, қараңғы бөлмеде сақтаған дұрыс.

Жүкті әйелдер де көбірек су ішіп, дәрумендерін уақтылы қабылдап жүргендері абзал. Аптап ыстықта көлік жүргізетін адамдар да өз денсаулықтарына абай болғандары жөн. Көлік тізгінінде көп уақыт өткізетін жүргізушілерге айтар кеңесіміз – көлік ішін желдетіп отырыңыздар. Өзіңізбен бірге су алып шығып, мезгіл-мезгіл су ішіп отырыңыз, күн сәулесінен қорғайтын көзілдірік тағып жүріңіздер. Көлікте кондиционер қосып қоюға болады. Бірақ оған тым әуестеніп, машықтанып, суық тигізуден сақ болған жөн. Дене ысып, өзіңізді нашар сезінсеңіз, онда көлеңкеге тоқтап, бірер сәт демалып алыңыз. Автокөліктен шығып, далада жүре тұрыңыз, сол сәтте көлігіңіздің барлық терезелерін ашып қойыңыз. Өзіңізді жақсы сезінгеннен кейін ғана көлік айдауды жалғастырыңыз. Балаларды ешқашан ыстық кезде жабық көлікте қалдырмаңыз. Ол жас баланың денсаулығына, тіпті өміріне қауіпті екенін естен шығармаңыз.

Жаз айларында қарбыздағы көп мөлшердегі нитраттармен улану жиі ұшырасады. Әрине, жылдың салқын кезеңдеріне қарағанда, жаз айларында су көбірек қажет болады. Дәлірек айтқанда, 1 келіге 30 миллилитр су ішу қажет, яғни 1,5 литрден бастап, 2-3 литрге дейін сұйық ішкен пайдалы. Сонымен қатар балмұздақтарды пайдалану да артық емес. Жаз мезгілі, әсіресе маусым-шілде аралығында күндізгі сағат 11:00-ден кешкі сағат 17:00-ге дейін күн сәулесінің зиянды әсері ерекше байқалуы мүмкін. Осыған байланысты бұл уақытта далада жұмыс істеумеуге, серуендемеуге кеңес береміз.

Жаздың ыстығында көп жұмыс істеуге болмайды. Сондықтын да көпшілік еңбек демалысын жазда алатыны бекер емес. Өйткені ыстықта адамның жұмыс істеу қабілеті төмендейді. Ауа температурасының 26 градустан әрі қарай әр градусқа жоғарылауы адамның жұмыс істеу қабілетін шамамен 10 пайызға төмендететіні дәлелденген. Қазақ «Сақтықта – қорлық жоқ» деп тауып айтқан. Бар нәрседен, оның ішінде күннің шамадан тыс ыстығынан, сақтық шараларын ұстанғанымыз артық болмайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.