АРДАҚТАУҒА ЛАЙЫҚ АЗАМАТ ЕДІ

0

1994 жылы аудандық газетте майдангер журналист, аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі төрағасының орынбасары Жапар Көпбаевтың «Досым туралы айтамын» — «Расскажу о своем товарище» деген шағын мақаласы жарияланды. Онда аудандық ономастика жөніндегі комиссияның шешімімен аудан орталығындағы бір көшеге Бейсехан Мірәзімовтың есімі берілгенін хабарлай отырып, бұл кісі туралы біраз мәліметтерді алға тартады. («Қордай жаңалықтары»-«Новости Кордая» №1, 2-6 сәуір, 1994 жыл). Бірақ, белгісіз себептермен комиссияның бұл шешімі заңды жалғасын таппай, кейіннен аталған көшеге мүлде басқа адамның есімі беріліп кеткен.
Ал, осыдан ширек ғасыр бұрын есімі ардақталып көшеге берілмек болған Бейсехан Мірәзімов кім еді? Бүгінгі егде жастағы қордайлықтардың көбі оны ұмыта қойған жоқ. Өйткені, ол Қордайдың тумасы, осында өсті, ұзақ жылдар қызмет атқарды. Ерекше биязы, кішіпейіл мінезімен, білімдарлығымен, жүрегіне иман ұялаған, қолының тазалығымен есте қалған жан.
Б.Мірәзімов 1923 жылы Красногор ауданының Шарбақты ауылында дүниеге келеді. Балалық шағы ауыр кезеңге тұс келген Бейсехан ерте есейіп, 1940 жылы тоғызыншы сыныптан кейін Жамбыл қаласындағы ФЗУ-ге (фабрика-зауыт училищесі) түсіп паровоз машинисінің көмекшісі мамандығын игереді. 1942 жылы тамыз айында оқуды бітірген бойда жасы да толып әскерге шақырылады. Бірден Мәскеуге түсіп, сол кезде «Катюша» деген атпен белгілі бола бастаған реактивті миномет дивизионының командирлерін дайындайтын жеделдетілген курстан өткізіліп майданға жіберіледі.
Оның өз қолымен жазған өмірбаянында 312-ші гвардиялық минометтік полктың 4-дивизионының командирі ретінде Дон, Брянск және бірінші Украина майдандарынан сонау Берлинге дейінгі майдан жорықтары бір-екі сөйлеммен ғана қысқа қайырылған екен. Есесіне оның партиялық жеке парақшасындағы мемлекеттік наградаларына зер салатын болсаңыз, соғыстан І дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Берлинді алғаны үшін», Варшаваны, Праганы, Венаны жаудан азат еткені үшін деген самсаған медальдерді, «Үздік артиллерист» белгісін омырауына тағып оралуы көп сырды аңғартады. Осынау наградалардың әрбірінің өмір мен өлім белдесулерінде жауынгердің талай мәрте ажал аузынан қайтқан жанкешті ерлік қимылдарымен келгені даусыз. Ол қандай ерліктер болды екен? Соның біріне жауапты Бейсеханның бала жастан досы Ж.Көпбаевтың кезінде жергілікті газетке басылған шағын ғана естелігінен тапқандай болдық. Ол кісі 1975 жылы жазда «Түрксіб» санаториінде демалып жатқанында қолына орыс тілінде жазылған «Катюшалар» ұрысқа кіреді» деген кітап тиіп, оның 118-ші бетінен «Қазақ батыры» деген екі беттік естелікті оқығанын айтады. Ол өзінің досы Бейсехан туралы екен.
1943 жылы Орталық майдан әскерлері қорғаныстан шабуылға көшіп, жүзден аса деревнялар мен үш қаланы азат етеді. Гвардияшылар майдан шебімен 80 шақырымдық жорық жасайды. Бұған реактивті миномет полкының жауынгерлері зор үлес қосады. Жаудың әскерлері мен техникаларын талқандай отырып, олар гвардияшыларға жол ашқан. Бұл тамыз айының соңғы күнінде болатын. Бейсеханның дивизионы алдын ала дайындалған ұрыс шебіне жетіп орналасу үшін таңертеңнен жолға шығады. Фашистер үш «Катюшадан» тұратын дивизионды байқап қалып, алапат соғыс машиналарын қалайда қолға түсіруге қам жасайды.
Дивизион белгіленген орынға келіп техниканы ұрысқа әзірлей бастайды, сол мезет минометшілер де өздерін аңдыған жауды көріп қалады. Бейсехан дереу рациямен полкке хабарлайды. Командир: «Катюшаларды» жау қолына түсірмеудің барлық амалын жасаңдар, тіпті болмаған жағдайда жарып жіберіңдер» деп бұйрық береді.
Бейсехан жауынгерлерін жинап жоспар құрады. Алдымен «Катюшаның» көмегімен жауға өлтіре соққы беріп, сосын тез кері қайту керек. Бірінші «Катюшаның» түймесін басуы сол-ақ екен, бірінің артынан бірі аспанды тілгілеген отты снарядтардың ышқынған даусынан құлақ тұнады. Жойқын атыстан әуе айналып жерге түскендей, дүниені бет қаратпас өрт шалғандай бір алапат болады. Жау жақтың естен тандыра ойранын шығарған осы ұрымтал сәтті пайдаланып дивизион кері оралады. Полк командирі майор Захаров дивизионның адамдары да, техникасы да аман келгенін көріп, әр жауынгерді құшағына ала ризашылығын білдіреді. Кейіннен полк барлаушылары «Катюша» болған маңда 33 немістің күйіп кеткен денелері жатқандығын айтып келеді. Осы ерлігі үшін командир Бейсехан Мірәзімов І дәрежелі, ал жауынгерлері тегіс ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталады. Полк комиссары Давыдов әлгі кітапта осы жайларды айтқан екен.
Бұл ерліктен кейін іле-шала қыркүйек айында Бейсехан кезекті ұрысқа шығар алдында партия мүшелігіне қабылданады. Ол оның бұдан кейінгі өмірінің өзегіне айналған еді. Ақыры 1945 жылы желтоқсан айында әскери бөлімнің командирі майор Брыкин мен саяси жетекші Гусевтің Красногор аупарткомына жолдаған саяси мінездемемен оралады. Онда «…коммунист Мірәзімов жолдастың соғыс жылдарындағы тәрізді еңбек майданында да Отан алдындағы борышын қалтқысыз орындайтынына сенім білдіреміз», деген жолдар бар.
Қаруластарының бұл сенімін ол еселеп ақтады да. Соғыстан кейін Жамбыл облыстық Красногор ауданы атқару комитетінің жауапты хатшысы, аупарткомның ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, ауатком төрағасының орынбасары, Свердлов аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерінде болды. 1954-1958 жылдары Алматы Жоғары партия мектебінде білімін жетілдіріп келген соң бұдан да жауапты қызметтерге жоғарылатылады. Әсіресе, оның 1963 жылдан бастап оншақты жылдай алдымен аудандық партиялық-мемлекеттік (кейіннен халықтық) бақылау комитетінің төрағасы, сосын аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болған кезеңі қордайлықтардың жадында жақсы сақталыпты. Әрине, жақсы жағынан.
Мен осы мақаланы дайындау барысында майдангер хатшы Мірәзімовті жақсы білген, қызметтес те болған біраз адамдармен тілдескен едім. Бәрі де оның іскерлігімен қатар адалдығын алға тартады. «Мен алпысыншы жылдардың екінші жартысында алдымен аупарткомның нұсқаушысы, сосын ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болдым, деп еді былтыр ғана дүниеден озған Мырзақұл Үйсімбаев ақсақал. Бейсехан Мірәзімұлы өте қарапайым, сыпайы, тіпті, ашулануды білмейтін адам еді. Біз дайындаған құжаттардағы кейбір қатенің өзін кейбіреулерше ұрсып жекімей-ақ, «мына жерін былай етсек дұрыс болар» деп өзі түзетіп жіберетін. Сенбілікте де жұртпен бірге кірпіш тасып, ағаш кесіп жүргенін көргенде басқалар оған қарап бой түзеуге тырысатын».
Владимир Приезжев: «1972 жылы «Казсельхозтехника» бірлестігінде инженер-энергетик болып жұмыс істеп жүргенімде, бір күні аудандық партия комитетіне әңгімелесуге шақырылдым. Менің екінші хатшы Б.Мірәзімовпен таныстығым осылай басталды. Онымен жайбарақат сұхбаттасуда жұмысым жайлы, отбасым, тағы бір жайлар туралы сұрақтарына жауап беріп отырдым. Кенет, маған аупарткомның ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы болып қызметке келуді ұсынғанда дағдарып қалдым. Партия қатарына өткеніме бір жарым жыл ғана болған, аупарткомдағы жұмыстың ішкі жайынан мүлде хабарым да жоқ. Бейсехан Мірәзімұлы мұндағы жұмыстың оқу үрдісімен ұқсастығын, ұйымдастырушылық қабілеттер, адамдармен жұмыс істеу әдістері біртіндеп меңгерілетінін түсіндірді. Бұған дейін менде партиялық лауазымдық қызмет атқаратындар шетінен өркөкірек деген ұғым қалыптасқан-ды. Өйткені, ондай басшылар кездесетін. Ал, Б.Мірәзімовтың жетекшілігімен жұмыс істеген жылдары ол ойымның мүлде қате екеніне көзім жетті. Бекең кісілігі және адамдармен қарым-қатынас мәдениеті өте биік, өзіне де, қол астындағыларға жоғары талап қоя білетін ерекше адам екен. Барлық жағынан үлгі болатын. Мен, оның қызмет бабын пайдаланып өзіне бір жағдай жасапты деген сыбыс та естіген емеспін».
Ал, Тұрғанбек Байзақов ағамыз ол кезде институтты жаңа бітіріп келген жас маман. 1968 жылы «Көкқайнар» кеңшарында бөлімше агрономы болып жүрген оны ауданға екінші хатшы шақыртады. Барса оны артта қалған колхозға партия жетекшілігіне жіберу туралы ұсыныс күтіп тұрыпты. Бұған дейін де екі мәрте осындай ұсыныстардан бас тартқан ол, агроном болып жүре берейін деп тағы да ат тонын ала қашпақ болады. Сонда Мірәзімов оның қасына келіп отырып: «Қарағым, өз мамандығыңды сүйгенің жақсы. Бірақ, өмір бір орнында тұрмайды. Партиялық қызметте де шыңдалуың керек. Түсіне білсең бұл саған үлкен сенім, осы жолы бармасаң болашағыңа кесірі тиюі мүмкін» деп ақылмен көндірген екен. Одан Байзақов жаман болған жоқ. Оншақты жыл партиялық қызметте саяси тұрғыда шыңдалып, кейіннен облысқа үздік аты шыққан үлкен шаруашылықтың тізгінін ұстады.
Сондай-ақ, бүгінде Жамбыл облысының Құрметті азаматтары атанған Төле Сүгірбай, Анатолий Шупта, сондай-ақ, Балтабай Байділдаев, Ақлима Қабылбаева, Рашида Семирханова, Әбдібек Сейілханов, марқұм Әлхан Кожамқұлов сынды замандастары да бұрынғы майдангер хатшыны әр қырынан еске алған болатын. Бәрінің айтатыны Бейсехан Мірәзімұлының жоғары мәдениеті мен терең білімі, иман тазалығы. Көлденең жатқанға көз алартпайтыны, лауазымын пайдаланып белден баспайтыны, сұраншақтығы жоқ адалдығы. Бірінші хатшы болған Василий Гордеевич Кравчук екеуінің арасындағы ерекше сыйластық пен өзара сенімнің таңғаларлықтай басқаларға үлгі болғандығы. Оның тәрбиесімен Социалистік Еңбек Ері Л.Хан, В.Городецкий, С.Сарғасқаев, Б.Әденов, И.Кәметов, Н.Бәзілов, А.Бражников, Ю.Морозов, В.Приезжев, Н.Бегалиева, А.Қабылбаева, Ш.Сатылғанова сияқты мамандардың іскерлігі бағаланып, аудан, облыс деңгейіндегі әртүрлі басшылық қызметтерге көтерілген болатын.
Бейсекеңнің отбасындағы тірлігі де көпке өнеге болды. Өкінішке орай, қазір оның ұлдары Шоқан мен Мұқан өмірде жоқ. Ал, Мұқанның ұлдары Данияр мен Бақтияр білікті азаматтар болып өсіп келеді. Данияр облыстық кәсіпкерлік палатасында сарапшы болып жұмыс істесе, Бақтияр «Болашақ» бағдарламасымен Англияда оқып жүр. Бейсекеңнің қыздары да отбасын құрып, Күлиман Қордайда, Гүлхан Алматыда, Мален Бішкекте балалы-шағалы. Біз оның Таразда тұратын қызы Райхан Сапарбекованы жақсы білеміз. Ол Қордай ауданында сауда саласында әртүрлі басшылық қызметтер атқарған. 1993 жылдан қазақ қыздары арасында облыстық тұтынушылар одағын басқарған республикадағы алғашқы әйел атанды. Ері Зәмірбек ішкі істер қызметінің отставкадағы подполковнигі, қазір де нотариус болып жұмыс істейді.
— Мен әкемді өзіме үлгі тұттым, — дейді Райхан Бейсеханқызы. — Анамыз да бала күнімізден әкеміздің атына кір келтірмеуімізді, босқа мазасын алмауды, оның ел алдында жүрген азамат екенін құлағымызға құйып өсірді. Әкем көпшіл, жайдары, қалжыңқой адам еді. Дана халқымыз «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген. Мен облыста қызмет етіп жүргенімде де әкемнің көзін көрген, бірге қызмет атқарған елге танымал тұлғалармен кездестім. Атап айтсам, Серік Үмбетов, Ғайникен Бибатырова, Нәмелбек Кемелбеков, Лидия Ахметова, Нұрдәулет Әлібеков, Шура Нүсіпова, Нариим Сейдалиев сынды ағалар мен апалардың әкем туралы жылы лебіздерін, естелік әңгімелерін естігенде кеудемді шаттық кернеп, бойымды қуаныш билеп кететін.
Биыл еліміз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығын мерекелеуде. Мен әкемнің осы Жеңіске лайықты үлес қосқанын мақтан етемін. Әкемнің өнегелі өмірін балаларым мен немерелеріме үлгі етемін…

Құрманбек ӘЛІМЖАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

ЖҰМАБАЕВТАРДЫҢ ЖЕҢІСТІ ЖОЛЫ
Бұрынғы Кеңес Одағының халқы үшін 41-дің жаймашуақ жазы жүректерде жазылмас жараның, орны толмас өкініш пен қайғының бастауы болды. Фашистік Германияның қандықол әскері әлемге құдыреті мен күшін паш ету мақсатында ең ірі одақтас елге тұтқиылдан шабуыл жасап, қамаулы тұрған майдан құлпын бұзып, миллиондаған тағдырларды талқан етті. Бір отбасынан бірнеше адам соғысқа аттанып, оралмағаны қаншама. Ел басына қара бұлт үйірілгенде жерлестері қатарында Отан қорғауға ағайынды МАХАЙ және ТҰРҒАМБАЙ ЖҰМАБАЕВТАР да аттанған еді.

Ағайынды Жұма-баевтар Шарбақтыдағы қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкелері Ілияс Жұмабаев өз заманында білімділігі және еңбекқорлығымен ерекшеленген жан еді. Отбасындағы үйелмелі-сүйелмелі 9 бала 30-шы жылдардағы аштықтың құрбанына айналып, жеті ұрпағын жер қойнына тапсырған әкесінің жанында тек Махай мен Тұрғамбай қалған. Ілияс ақсақал ендігі жерде екі ұлды жеткізу үшін күн-түн демей жұмыс істеп, барын балалардың алдына тосады. Сонымен қатар, ұлдарының білімді болып өсуі үшін де ерекше күш жұмсаған. Махай Жұмабаев мектеп жасында математикаға үлкен әуестік танытып, физика, геометрия пәндерін сүйіп оқиды. Мектепті аяқтаған соң Қырғыз мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, 1941 жылы аяқтап шығады. Жас маман туған жеріне оралып, ұстаздық жолын бастауды жоспарлап отырғанында соғыс басталғаны туралы сұм хабар жетіп, мұғалімдік қаламды қаруға ауыстыруға тура келеді. Көп ұзамай майданға шақырылады. Фрунзе қаласында артиллерист командирлерінің алты айлық курсын оқуда және майдан даласында өзінің математикалық білімі үлкен көмек болғанын айту керек. Нағыз есеп-қисапты талап ететін зеңбірекшілер үшін оның алған ілімі тура келген еді. Командирлер курсында оқып жүріп, майдан даласына асығып, тезірек басқыншыларға тойтарыс берсек деген тілекпен жүргенде ауылдан кіші інісі Тұрғамбайдың өз еркімен майданға сұранғаны туралы хат келеді. Соғыста орасан зор адами және өзге де шығын көріп жатқан Қызыл әскер бұл кезде жігіттерді жаппай шақыруды үдете түскен болатын. 17 жасар уыздай жастар сол кезде әскерге алына бастаған еді. Шымыр өскен Тұрғамбайдың еш кедергісіз әскери коммиссариаттан өтіп, соғысқа аттанатынын және оны ешкімнің тоқтата алмайтын тік мінезін білетін Махай Қордай аудандық әскери комиссариатқа өтініш жасап, інісін Фрунзедегі артиллеристер курсына жіберуді сұрайды. Махайды және жалпы ауданға жақсы атымен таныс әкелері Ілиясты жақсы білетін бөлімдегілер қарсылық танытпай, інісін ағасы өтіп жатқан командирлер курсына жібереді.
1942 жылы курсты үздік аяқтаған қос бауыр, офицер атағын алып, майдан даласына жіберіледі. Олар 109-шы дивизия, 306 атқыштар полкінің 1-ші минометтік ротасына командир болып жіберіледі. Ағайындылардың бір полкке түсуіне де ағасы Махайдың өтініші сеп болған екен. Үздік курсанттың өтінішін басшылық жерге тастамайды. Мұны өз бауырына деген үлкен қамқорлықтың белгісі деп түсінген абзал болар. Махай мен Тұрғамбай жаумен Солтүстік Кавказ майданында кездеседі. Сол жерде олардың ерлікке толы күндері басталады.
1943 жылы Гельденбург селосын жаудан азат ету операциясында Махай Жұмабаев минометтік қарумен жаудың екі пулемет ошағын және төрт ату ошақтарын жойып жіберіп, жауынгерлердің алға жылжуына мүмкіндік жасайды. Ал, сол жылдың 29 қыркүйегінде жауынгерлерді шабуылға бастап, ауыл ішінде тығылған жаудың жеті адамын жер жастандырып, сол маңда өзі де жарақат алады. Махайды командирлері Михаил деп атапты, өйткені жас офицер орыс тілінде таза сөйлеген, сауатты жазып, өз ойын нық жеткізе білетін сарбаз болған.
Осы операциядан кейін Махай Жұмабаев «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Ал, бауыры Тұрғамбай аталмыш операция кезінде минометпен жаудың миномет және пулемет ошақтарын жойып, сонымен қатар қайта шабуылға шыққан жау әскерінің жарты ротасын жер жастандырып, ол да «Қызыл Жұлдыз» орденіне лайық деп танылады.
Жалпы Махай Жұмабаев І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін», «Кавказды қорғағаны үшін» медальдарымен марапатталып, Венаға дейін жеткен. Ал, Тұрғамбайдың да қайсарлығы мен батылдығы үшін алған марапаттары жетерлік.
Ағайынды Жұмабаевтар соғысқа араласқан рота құрамында минометті үш рота бар болған. Біріншісінде Махай болса, екіншісінде Тұрғамбай жауға қарсы соғысады. Ағайынды жігіттердің миномет оғы таусылғанда арқасындағы қаруы мен гранатасын қолға алып, жауынгерлерді шабуылға еркін бастайтын ерекше қасиеттері де жоқ емес еді. Талай рет жаумен бетпе-бет келіп, өлім мен өмір айқасына араласып, ерен ерлік пен жігерлерінің арқасында қаруластарына үлгі болғаны анық. Оқ бораған майдан даласында қос бауыр бір-бірінен 150 метр қашықтықта жауға тойтарыс беріп, әрдайым бірге болған. Олардың жеңісті жолдары және марапаттары туралы тек 2009 жылы жалпыға мәлім болған екен.
Екеуі де елге аман оралады. Алайда, майдан даласында алған контузия, жарақаттар болашақта өз әсерін бермей қоймады. Махай Жұмабаев соғыстан кейін Шарбақты, Ворошилов, Ақтерек, Красногор колхоздарын, Сарысу ауданының білім басқармасына басшылық жасаған. Ата-анасы қайтыс болған соң туған ауылына келіп, өмірінің соңына дейін кешкі мектеп директоры қызметін атқарды. Ауыл балаларын математика мен физика ғылымына жетеледі, Қазақстанның білім беру саласының үздігі атанды. 1986 жылы 68 жасында соғыста алған жарықшақтардың әсерінен өмірден озды. Ал, Тұрғамбай Қырғыз елінде Қызыл Крест қоғамында әр түрлі басшылық қызметтер атқарады. Соғыста алған жарақаттар салдарынан небәрі 56 жасында өмірден өткен. Екі бауыр да өздерінің туған жері Шарбақты ауылының маңында, өздерінің туыстарының жанына жерленеді.
Ағайынды Жұмабаевтардың майдан даласы мен өмірде жүріп өткен жолдары өнегеге толы, ерлік пен еңбекке жетелейді. Олардан тараған ұрпақ бүгінде бір қауым елге айналған.
Ж.ОМАРОВ
ЖАУ ЖЕРІНЕ ЖАЯУ ЖОРЫҚ
Ақажан Байсүгіров 1922 жылы шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Байсүгір ұлт-азаттық көтеріліске дейін шаруа қожалығымен айналысып,етікші болып қызмет атқарған.1930 жылға дейін колхоз шаруашылығында еңбек еткен. Әкесінен 8 жасында айырылған ол анасы Тоқыштың тәрбиесінде болды. Успеновка селосында бастауыш сыныпты оқып, кейін Қасық орта мектебінде 9-шы сыныпты аяқтайды.Орыс — қазақ тілін жетік меңгерген жан еді.
1941 жылы әскер қатарына шақырылып, Жамбыл қаласындағы № 287 қазақ кавалер полкі мектебінде дайындықтан өтіп, сержант шенін алады.1942 жылдың тамыз айынан бастап №491 артиллериялық полкі құрамында майданға араласады.1942 жылдың 18 қазанынан 1943 жылдың тамыз айы аралығында Сталинград және Ворошиловоград аралығындағы шайқасқа қатысады. Ақажан Байсүгіров майдан даласындағы барлық қиындықтықты басынан өткерген, соғыс сұмдығын бір кісідей көрген адам. 1943 жылы шілде айында ауыр жарақат алып, №258 Молотова госпиталінде емделіп шығады. 1943 жылдың қазан айынан бастап Кунгур қаласындағы №86 әскери бөлімшесінде және Онега қаласында №634 әскери бөлімінде бөлім командирі қызметтерін атқарған. Ал, 1944 жылдың желтоқсан айынан 1947 жылдың 10 наурызына дейін Мәскеу қаласындағы Кучино станциясындағы №520 әскери бөлімшесінің взвод командирі қызметін атқарды.
Майданда көрсеткен ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Германияны жеңгені үшін», «Үздік Артиллерист» белгісі және жеңістің әр мерейтойына байланысты қосымша медальдармен марапатталған.
Туған жеріне 1947 жылы оралып, Роза Люксембург ауылында есепші болып еңбек етті.1950 жылдың наурыз айында облыстық исполком жанындағы Еңбекші депутаттар кеңесінің курсын үздік бітіріп, Успеновка селолық советінің хатшысы қызметін атқарды.
Тағы бір айта кететін жәйт, ол кісінің соғыс даласында қаруымен қатар қолынан тастамай жазған қойын дәптеріндегі өлең шумақтарынан туған жеріне деген сағынышын, басынан өткен зұлмат соғыстың зардабын көруге болады.
«Жау жерінде» «Құрдасқа хат» «Майдан» «Жаяу жорық» деп аталатын өлең жолдарынан жаужүрек батырдың елі үшін аянбай күрескен майдандас достарын көреміз. Ол кітапшасындағы өлең шумақтарын соғыстан келгеннен кейін басқа дәптерге өз қолымен қайта көшіріп жазуына тура келді, деп еске алады ұрпақтары. Себебі соншама жыл оқ пен оттың ортасында жазылған қолжазбасын оқу мүмкін емес еді. Ол жазбалар апамыздың көне сандығында әскери кітапшасы, ордендерімен бірге осы күнге дейін сақтаулы тұр. Ұл-қыздары әкесінен қалған мұраны Жеңіс мейрамы болған күндері бейбіт заманда өмірге келген немерелеріне көрсетіп, аталарының ерлігін мақтаныш етеді.

Зоя КАСЕНОВА,
№27 Ы.Алтынсарин орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі

45 ЖЫЛДАН КЕЙІН ЖЕТКЕН ОРДЕН
Қанша уақыт өтсе де сол бір сұрапыл соғыс адам жадынан өшпейді. Себебі, ол біреулерді әкесінен, біреулерді досынан, біреулерді бауырынан, біреулерді жолдасын мәңгілікке айырған сұм дүние. Ал, аман қайтқандардың өзі өмір бойы мүгедек болып қалды. Солардың бірі менің ардагер бабам – Дәулетқұл Еспаев. Дәулетқұл атамыз 1942 жылдың 22 сәуірінде әскер қатарына алынған.
Соғыста жүріп Сталинград, Орел-Курск шайқастарына да қатысып, ерлігімен көзге түскен. Отбасымен үнемі хат алысып тұрыпты. 1944 жылы хат келу мүлдем тоқтайды. Ең соңғы жазып жіберген хатында командир болғанын, өзін наградаға ұсынғаны туралы айтады. Алайда ол хат сақталмай қалған. Арада бір жарым жыл өткенде елге келген әкесімен көріскен ұлы Сыдық атамыз ол кездесуді былай суреттеп берген еді.
«1945 жылдың қыркүйек айында әкемді бір дәрігер мен санитар қыз ауылға өздері алып келді. Әкемді көргенде мен де шешем де есіміз ауып, талып қалдық. Өтпегендеші, майданға аман-сау аттанған нардай адам үйге екі қолы, екі аяғы жоқ болып оралды. Ол аз болғандай, екі көзі ойылып, орны үңірейіп тұрды. Жат та келіп жыла…».
Адамзат баласына осындай өлшеусіз қиындық әкелген соғыс атамның отбасын айналып өтпеді. Әкесіне өздері барынша қамқорлық жасап, көзден таса қылмады. Колхоз басқармасы көмегін аямай, бар ауыл жұмылып оларға жәрдемдескен.
Батыр бабамның «Ленин» орденімен марапатталған ерлігі дер кезінде еленбей соғыс аяқталғанына 45 жылдан соң мәлім болыпты. Бұл шұғыл хабарлама 1989 жылдың сәуір айында «Ветеран» газетінде алғаш жарияланыпты. Газеттегі алғашқы сөз осылай деп басталған: «Мәскеуден қуанышты хабар жетті. Біздің жерлесіміз Дәулетқұл Еспаевтың осыдан 45 жыл бұрын жауынгерлік тапсырмасын ойдағыдай орындағаны және Ұлы Отан соғысы кезінде көрсеткен ерлігі үшін Үкіметіміздің ең жоғарғы наградаларының бірі — «Ленин» орденімен марапатталғаны мәлім болды».
Осы жарты ғасырдай уақыт аралығында Дәулетқұл бабамыздың отбасы бұл қуанышты хабардан беймәлім еді. Неге десеңіздер, қатардағы жауынгердің майданда көрсеткен ерекше ерлігі үшін марапатталғаны туралы КСРО жоғарғы Кеңесінің президиумының шығарған Указы мен оған байланысты құжаттар Қорғаныс Министрлігінің архивінде 45 жыл сарғайып жата берген. Сөйтіп Кеңес Одағының соңғы жылдарында ол сейфтен алынып, жарияланған.
Отан үшін отқа түсіп, бар мүшесінен айырылған батыр бабамыз Дәулетқұл Еспаев елі, жері, ұрпағының жарқын болашағы үшін майданда нағыз ерен ерлік көрсеткен. Ардагер бабамыз жоғары дәрежелі «Ленин» орденімен, екі рет «Қызыл Жұлдыз» және 2-ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталған.
Жылдарға жылдар салып, ұрпақ жалғасып, заман өзгерсе де, барлығымыздың Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне деген алғысымыз шексіз.

Назерке БОЛАТХАН,
ҰОС ардагерінің ұрпағы

БАТЫРЫН ҰЛЫҚТАУ – ҰРПАҚТЫҢ ПАРЫЗЫ
Әлем тарихында адам шығыны жағынан алға шыққан, қасіретті қан майданның бірі – 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы.Бүгінгі күнге дейін қаншама ержүректердің қаза тапқаны жайлы нақты мәлімет болмаса да, сол бір сұм соғыстың кезеңінде армия қатарына 1 млн. 366 мыңдай қазақстандық аттанды деген деректер бар.
Алайда, талай боздақтың оқ бораған даладан қайтып оралмағаны қаншама. Туған жердің топырағы бұйырмай, сұрапыл соғыстан хабар-ошарсыз кеткендердің бірі – Қалманбет Әуелбеков. Қан майданда қару асынған осы қаһарман Қалманбет батырдың ұрпағы Алматы және Жамбыл облыстарының тұрғындары екенін де айта кеткен жөн.
Біз айтып отырған, Қалманбет атаның есімі белгілі майдангер ретінде Жамбыл облысына қарасты Қордай ауданының Жаңатұрмыс ауылындағы жұртшылықтың жадында сақталған. Отан үшін кеудесін оққа тосқан жауынгер жайлы осы уақытқа дейін жарияланған деректер көп емес. Отағасынан айырылған, бір ғасырдай ғұмыр кешіп, дүниеден өткен Күлсін әженің ұрпақтарына қалдырған өшпес өсиетіне сүйенсек, Қалманбет Әуелбеков 1936 жылы Мәскеу қаласынан оқудан оралып, ауыл ішінде көшбасшылыққа жақын, белсенді азаматтардың қатарында болған. Нақты айтқанда, Молотов атындағы колхозды (қазіргі Жаңатұрмыс ауылы) құруға атсалысқан әрі оның председателі болған.
Талай жыл ауылға еңбегі сіңген 40 жастан асқан шағында Қалманбет Әуелбеков 1942 жылы жергілікті комиссариаттың шақыртуымен сұрапыл соғысқа аттанады. Соңғы рет солдаттан «Белоруссия жеріндеміз» деген ғана хат келеді. Көңіл көйлегі кірлемеген Күлсін әжеміз сонда да үкілеген үміт сәулесін сөндірмей, әр күнін жақсылыққа жорып, отағасының Отанына оралуын күтеді. Неге десеңіздер, майдангер жайлы қаза тапқанын білдіретіндей ешқандай қара қағаз келмеген еді…
Тағдырдың жазғанына амал бар ма?.. «Тірі адам тіршілігін жасайды» дегендей, жауынгердің жары, Әуелбек келіні Күлсін Байтұрғанқызы ақ жаулығымен көз жасын қанша жасырып жүргенімен, ол үшін іштегі мұң-қайғы, жесір қалуы, жолдасына деген сарқылмас сағыныш, бәрі-бәрі су сепкендей бірден басылмады. Қалған ғұмырын өмірінің мәні болған, артында қалған Оңласын, Гүлжахан, Ермек атты бала-шағасына әке орнына әке болып, жетімсіретпей, қайын жұртының қолдауы арқылы бағып-қақты. Отбасы тәрбиесінен бөлек, Күлсін әжеміз соғыс жылдары тылда да еңбек етті. Сонымен қатар, компартия мүшесі болғанын да атап айтқан дұрыс.
…Өмір-өзеннің ағысымен Күлсін әжеміз бір ғасырлық ғұмыр кешті. Тіршілігінің соңғы сәтіне дейін есінде арқа сүйер ер азамат ретінде сақталған жарына «бір уыс топырақ салсам, Құран бағыштасам…» деген орындалмас арман-тілекпен осыдан он жыл бұрын дүниеден озды.
Өсиет өнегелері өзгеге үлгі болар Қалманбет пен Күлсіннен (1-сурет) тараған, жоғарыда есімдері аталған екі ұл, бір қыздың арқасында Әуелбековтер әулетінің ошағы өшкен емес. Бүгінде тамыры тереңге жайылған отбасының ұрпағы Отан үшін от кешкен майдангер аталарын мақтан етеді. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында туған жері – Жаңатұрмыста бас қосып, аруақ разы болсын деген ниетпен ата-әжелерін дәстүрлі түрде жыл сайын еске алады. Бұл, әрине, ұлағатты ұрпақтың парызы екені анық.
Әже өсиеті – кейінгі буынға аманат. Иә, осындай жауапкершілікті сезінген, Қалманбет атасының жатқан жерін іздеуді мақсат еткен, үлкен немерелерінің бірі – Қаскелең қаласының тұрғыны Оңгелді Әуелбеков. 2010 жылы Германияға арнайы іссапармен барып, қайтар жолда Белоруссия еліне соғуды жөн санады. Өйткені, осы елде бұған дейін қаһарман Қалманбет Әуелбековтың жерленгені жайлы нақты ақпарат анықталған еді. Ол деректе: «Соғыс солдаты ІІ дәрежелі Суворов орденді 80-ші гвардиялық Умань дивизиясы құрамында Отан үшін от кешкен. 1943 жылы Гармань деревнясын азат ету жолындағы шайқаста көз жұмды. Сөйтіп, қаза тапқаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен наградталды. Денесі Беларусь Республикасы, Витебск облысы, Дубровна қаласындағы бауырластар зираттарына қайта жерленген» деген тың дүниелер белгілі болған. Осылайша, Оңгелді Оңласынұлы атасының қабірін тауып (ол кісінің аты-жөні суретте әдейі ұлғайтылып көрсетілді), рухына тағзым етіп қайтады. (2-сурет).
Міне, біз білмейтін белгісіз батырлардың тізімінде Қалманбет Әуелбеков те бар. Ер есімі ел жадында сақталу керек деген ниетпен оқырман назарына майдангер жайлы жазғанымызды ұсынуды жөн санадық. Тарих тағылымы кейінгі ұрпақтың санасына сілкініс тудырса, біздің өткеніміз өшпейтіні анық.

P.S. Қалманбет Әуелбековтен тараған ұрпақтар Алматы және Жамбыл облыстарында ғұмыр кешуде. Қордай ауданы, Жаңатұрмыс ауылында жауынгердің ерлігі үшін берілген «Қалманбет» атындағы бір көше бар. Сонымен қатар, осы ауылдағы «Мәңгілік алау» маңайындағы тақтайшаларда батырдың есімі тасқа қашалып жазылған.

Дидар МУХАМАДИЕВ,
Алматы облысы, Қарасай ауданы
ЕШКІМ ДЕ, ЕШЌАШАН ДА ЎМЫТЫЛМАЙДЫ!

Бұл сурет 1975 жылы 9 мамырда түсіріліпті. Онда Жеңіс күнінде Әлжан ана ауылының майдангерлері бейнеленген. Зымыраған уақыт кімді аясын, бүгінде қатары селдіреп, санаулы майдангер ғана ортамызда қалды. Ал, сол соғысқа аудан бойынша он мыңға жуық адам аттаныпты.

«Жеңісті жақындатқан жандар ұрпақ жадынан өшпеуі тиіс. Біз олардың алдында мәңгіге қарыздармыз. Бейбіт өмір үшін арпалысқан әр майдангер қандай құрметке болсын лайық», — дейді суретті редакцияға ұсынған Болатхан Досалиев ақсақал.
«Біз ержүрек аға буынның алдында мәңгі қарыздармыз. Олардың қайсарлығы мен төзімділігінің, табандылығы мен патриоттығының арқасында бейбіт заманда өмір сүріп, жарқын болашағымызға жол аштық», — деген сөзі бар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың.
Ендеше жарқын болашаққа жол ашқан ардагерлердің жарқын бейнесі еш ұмытылмақ емес.

«ДАҢҚ»орденінің иегері
Әлімбай Тұрсынов 1911 жылы Қордай ауданы Алға ауылында дүниеге келген. 1932 жылы әскер қатарына шақырылып, 1936 жылы запасқа жіберіледі. 1942 жылдың 12 ақпанында Қордай аудандық әскери комиссариатының шақыруымен 139 атқыштар полкінің 311 атқыштар дивизиясына, одан әрі 1071 атқыштар полкіне жіберіледі. Ұлы Отан соғысында 1943 екі рет қолынан және аяғынан, ал 1944 жылы майдан даласында иығынан ауыр жарақат алған. Соғыста қайсарлығымен, үлкен ерік-жігерімен ерекше көзге түскен жан. «Жауынгерлік ерлігі», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, ІІІ дәрежелі «Даңқ», «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында неміс-фашистік басқыншылармен ұрыс алаңында көрсеткен батылдығы, төзімділігі және ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен мараптталған. 1945 жылдың ақпанында әскерден босатылып, бірінші топ мүгедегі болып елге оралады.
Әлімбай Тұрсынов соғысқа дейін де кейін де туған жерінің гүлденуіе үлкен еңбек сіңірген азамат. Стаханов қозғалысына қатысқан. «Еңбек ардагері» орденімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

ӘКЕ ТУРАЛЫ ҰЗІК СЫР
Елімізде Ұлы Отан соғысының зардабын шекпеген отбасы кемде-кем. Мен сол сұрапыл майданға қатысқан ардагерлердің, ұрыс даласынан қайтпаған боздақтардың есімдерін «алтын әріппен» жазылған киеге теңер едім. Биыл Ұлы Жеңіске 77 жыл толып отыр. Осы айтулы күнге орай қан майданды өз көзімен көріп, Отан алдындағы борышын адал атқарып, 1947 жылы елге қайтқан әкем Қабдрахман Бигембаев жайлы сыр шертуді жөн көрдім.

Әкем 1908 жылы Павлодар облысы, Первомайский ауданында дүниеге келген. Ауыл мектебін бітіріп, Алматы қаласындағы зооветеринарлық училищеде білім алған. Оқып жүріп сол жерде анамызбен танысып, екеуі шаңырақ көтерген. Оқу орнын тәмамдаған соң оны Қордай ауданына зоотехник маманы ретінде жұмысқа жібереді. Зоотехник болып істеп жүргенінде 1941 жылы аяқасты соғыс басталып, ұрыс даласына аттанатын әскер қатарына ілінеді. Ұлы Отан соғысы жылдарында Белоруссия түбіндегі ұрысқа қатыстым деп айтып отыратын. Атқыштар полкі бөлімінің командирі болған әкем 1947 жылы елге оралған. Оны майданнан анам Күлімхан мен ағам Сергей күтіп алған екен. Кейіннен 1948 жылы мен, 1966 жылы сіңлім Шолпан дүниеге келді.
Әкем соғыстан келген соң бұрынғы Сталин колхозында колхоз бастығы қызметін атқарған. Еліне елеулі, халқына қалаулы болған кең пейілді, ержүрек азамат 1981 жылы 21 қаңтарда өмірден озды. Әттең, әкеміздің осы күнге жете алмағаны жанымызға батады. Ардақты әкеміздің өмірден өткеніне қырық жылдан асыпты. Әйтсе де 9 мамыр – Жеңіс күні біздің отбасымыз үшін айрықша дата. Осы күні әкеміз Қабдрахман мен анамыз Күлімханның жүректері толқып, ерекше қуанушы еді. Біз әкемнің соғыс туралы әңгімесін тыңдаудан жалықпайтынбыз. Бізге оның басынан кешкен оқиғалары құдды бір деректі фильм секілді болатын. Қандай қиыншылықтарды басынан өткерді…Ұрыс даласында Отан үшін от кешіп, үш рет жараланып та үлгерген екен. Әкеміз Қабдрахман Оразалыұлының бүгінгі бейбіт күн үшін, жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін сіңірген еңбегі орасан зор. Көзі тірісінде «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталып, «Қызыл жұлдыз» орденін иеленгені соның айқын дәлелі. Оның өшпес ерлігі мен өлшеусіз даңқы ұрпақтарының жадында мәңгіге сақталады.
Майра БИГЕМБАЕВА,
ҰОС ардагері Қабдрахман Бигембаевтың қызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.