АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДА СПАРТАКИАДА ӨТТІ

0

Ардагерлер ұйымының құрылғанына 35 жыл толуына орай өткен бейсенбіде Қордай ауданының ардагерлері арасында дәстүрлі спорттық турнир өтті. 1 қазан – қарттар күні қарсаңында ұйымдастырылған іс-шараны аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет ашып, алдымен дүниеден өткен әріптестері – Ноғайбай а.о ардагерлер кеңесінің төрағасы болған М.Райымбековты, Қақпатас а.о ардагерлер кеңесінің төрағасы болған Қ.Сауруковты, Қордай а.о ардагерлері Т.Құсаиновты және Б.Сағындықовты еске алды.

Одан кейін өткізіліп отырған шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Аталмыш спорт додасына қатысқан қазыналы қариялар шахмат, дойбы, асық ату, үстел теннисі, волейбол және дартс ойындарынан жарысқа түсті. Көтеріңкі көңіл-күймен тартысты ойын көрсеткен қарттардың арасында сайысқа ерекше дайындалып келгендері де болды. Мәселен, Сарыбұлақ а/о және Қаракемер а/о командалары бірдей спорт киімдерін киіп, ойынның барлық түрлеріне қатысып, жарысқа сақадай сай келгендерін дәлелдеді. Ойынның нәтижесі бойынша, жалпы командалық есепте Қордай ауылы оза шауып жүлделі 1-ші орынды қанжығасына байласа, Отар ауылы екінші орынды, Бетқайнар ауылының командасы 3-ші орынды иеленді. Аудандық ардагерлер ұйымы барлық қатысушылар мен жанкүйерлерге, сондай-ақ демеушілерге алғыс білдіріп, жеңімпаздарды жеңісімен құттықтайды.

Қордай аудандық ардагерлер кеңесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.