АРМАН ЖОЛЫНДА

0

Сағат тілі түнгі 12-ге таяп қалған. Алматының көп қабатты тұрғын үйлері орналасқан ауданының бірінде жаяулатып бір адам келе жатты. Жан-жағында, әлемде не болып жатқанына оған бәрібір. Ойда, мида ойнап тұрған музыка жүрегін дүрсілдетіп, алға қарай жетелей түскендей. Иығына көтеріп алған синтезатор аппаратының салмағын да шағын бойлы адам сезбейтін сияқты. Таныс аудан, таныс аула, таныс үй. Жадыға жатталған белгілі мекен жайға жетіп, жеделдете есік қақты. Түн жарымда келген тосын қонақты ешкім күтпеген. Үй иесі есікті секемдене ашқанымен, сыртта тұрған жанның кім екенін сезгендей.

— Арман! Жайша ма сенікі?

— Жоқ, аға, жайша емес. Ән бар, ән… Мына синтезаторға сақтап қойған ән бар. Сөз керек, сөз…

— Кір үйге, тыңдайық!

Ақын сазгер жанын түсінеді. Төргі бөлмеде синтезатордан әдемі әуен төгіле жөнелді. Үнсіз тыңдаған ақын қаламын алып әп-сәтте сөзін жаза қойды. Бүгінгі таңда талай мереке мен тойдың сәніне айналған «Отбасым» әні осылай дүниеге келген еді.

Кенен ауылының үлкендері бір жылдары атақты Нұрғиса Тілендиевтің өзі бастап «Отырар сазы» оркестрының келгенін әлі күнге жыр қылып айтады. Оркестр құрамындағы адамдарды күту үшін бірнеше үй дайындалғаны, атақты сазгердің тосын мінезі, ақын ауылының аспанын дүбірлеткен концерт…

Одан бері қырық жылдай уақыт өтіп кеткен. Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз сол кезде 3 сынып оқушы екен. Сазгер боламын, дирижер боламын, деген сәби санасын жарқ еткізіп, арман жолына қанат  бітірген сол бір кездесу болашаққа нақты бағдар қоюына әкелген сияқты.

Арман Елібаев. Тағдыр жолында талайды бастан кешкен, Шәмшілердің сара жолымен жүріп, жол табу, адасу, қайтадан биікке талпынып, жұмыр тастай төмен құлдилаған жан. Әніне халық сүйсінген, сөзіне үлкендер бәрекелді айтқан азамат. Бірақ, өмір жолы әркімді арманға әртүрлі жолмен апарады. Сол бір шындық.

Әкесі Дүйсеғали Елібаевты ауылдастары керемет құрмет тұтатын. Бар саналы ғұмырын педагогикаға арнаған жан. Ал, ән салғанда өнер ауылына жиі келетін әншілердің өзі қаймығып қалушы еді. Ол да бір заман. Анасы Зияш апайдың жақсылығын кім көрмеді десеңші. Денсаулық қорғаны болған Зияш Иманбайқызы өз жұмысының нағыз майталманы болатын. Үйелмелі-сүйелмелі үлкен отбасынан шыққан Арман әке жолымен музыкант болуды армандады.

— Мен үшін ең бірінші, ең үлкен сахна мектеп болса, одан кейін ауылдағы мәдениет үйі. Сол жерде тұрып, ән салғанымда өзімді құдды бір халық әртісіндей сезінетінмін, — дейді сазгер.

— «Отырар сазы» оркестры ауылға келгенде дирижердың тұрысы, әр аспаптағы партияны бақылауға алуы, қабағы, эмоциясы маған қатты әсер етті. Атақты Нұрғисамен араға жылдар салып Ұзынағашта өткен тойда танысқаным әлі есте. Батасын берді. Көңілдегі сол кездегі толқынды айтсаңызшы. Көңіл толқыны демекші, дәулескер күйші Секен Тұрысбековпен кездесіп, ол кісі өнеріме өз бағасын беріп, басыма тақия кигізді.  Сол бір әсер маған «Көлдей көңіл» атты ән жазуға әкелді…

Сазгер, әнші, тіпті асаба Арман Елібаев алдымен өте қарапайымдылығымен, кішіпейілдігімен ел ішінде сыйлы бола алды. Жоғарыда атап өткеніміздей мұғалім мен медицина қызметкері отбасында дүниеге келген Арман Дүйсеғалиұлы балаң күннен өнерге, музыкаға әуес еді. Ауылда болатын барлық мерекелік шаралар оның қатысуынсыз өтпеді. Жалпы, сол бір жылдары өнерге деген ауыл балаларының ынтасы ерекше болатын. Арман замандастары болған Мақсат Базарбаев, Айгүл Иманбаева, Саят Медеуовтер соның айғағы. Жастық шағы қиындығы мол тоқсаныншы жылдарға тура келсе де тура жолынан таймаған Арман Елібаев мектеп бітірген соң Қаскелең қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің «Халық аспаптары» бөлімінің студенті атанады. Арада Ресейдің Хабаровский край, Комсомольск-на-Амуре өңірінде әскери борышын өтеп келіп, оқуын жалғастырып, қолына дипломын алады.

Арман Елібаевтың еңбек жолы өте сәтті басталды десек те болады. 1995 жылы Алматыдағы Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің оқу-тәрбие департаментіне көркемдік жетекші болып қабылданады. Сондай-ақ, техникалық жабдықтау бөлімінде дыбыс режиссеры қызметін атқарады. Талантты алыстан танитын жандар А.Елібаевты өзіне жұмысқа тартумен болған. Солардың бірі Алматы мемлекеттік политехникалық колледжінің директоры, техника ғылымдарының докторы Серік Нүсіпбеков. Ол аталмыш колледжге көркемдік жетекші қызметін атқаруға шақырады. Бұл кезде Арман Елібаевтың жан-жақты жұмысқа дайын, жалындап тұрған шағы. Онысымен қоса жайсаң мінезі, адами келбеті кімді болса да өзіне тартады. Арман Дүйсеғалиұлы барлығына үлгерді. Тіпті, өзі жұмысқа тұрған университетке оқуға түсіп, метал өңдеу факультетін аяқтап, жоғары білім алып шыққан. Сол университет қабырғасында жүріп қаншама ауыл жастарына көмегі тигенін де атап өткен жөн болар. Ауылдан жаңа шыққан жастар көзі таныс, өзі таныс Арман ағаны іздеп барып, оқу жағдайына қатысты проблемаларын айтып, оны шешу жолдарын сұрайтын. Солардың ешқайсының көңілін қалдырмаған.

Арман Елібаев: «Мен жұмысқа тұрған уақытта университет ректоры белгілі ғалым, Ұлттық ғылым академиясың академигі Еренғайып Шайқұтдінов болатын. Не тұрақты мекенжайы жоқ, жұмыс өтілі де кем мені ол кісі бірден қабылдағаны көңіліме дем, өзіме қуат бергендей болды. Бірден іске кірістім. Сол уақытта аталмыш оқу орнына атақты «Досмұқасан» ансамблінің мүшесі, «Той жыры» әнінің авторы Ұлықпан Сыдықов оқу-тәрбие ісі жөніндегі проректор болып келді. Ол кезде домбыра ансамбілі тек 8 адамнан ғана тұратын. Сол кісінің демеушілігінің арқасында 32 адамға жеткіздік. Әр факультеттен дарынды студенттерді жинадық. Көп ұзамай университетке қарасты институттар мен колледж өнерпаздары арасында өткен халық аспабы оркестрлары арасында мен дайындаған ұжым бас жүлдені жеңіп алды».

Сол байқауда бас төреші болған белгілі дирижер Жалғас Бектұрсынов жас талантқа «Нағыз дирижер екенсің деп», оң бағасын беріп, кейін бір концертте екеуі бірге дирижерлік қызмет жасап, мерейін үстем еткен. Осыдан қанаттанған музыкант көп ұзамай Республика сарайында өткен «Жас толқын» фестивалінде Бас жүлдені жеңіп алады. Үлкен шығармашылық ұжымды басқару, дұрыс бағытта дайындау, байқауларға дайындау оңай шаруа емес. Осыны үйлестіре, ұйымдастыра білген Арман Елібаев тарапына мақтаулар аз айтылмады.  Сазгерлігімен қатар әншілігі қатар жүретін Арман Елібаев Б.Момышұлы атындағы әскери мектепте өткен патриоттық байқауда өзі бас жүлдені қанжығаға байлайды. Бір кездері Алматыға арман қуып келгенде, үлкен оқу орындары нота білмейсің деп шығарып жіберген Арман сол оқу орындарының өзіне жұмысқа алсақ деген арманына айналып шыға келеді.

-Өмір мен өнер жолымда жақсы адамдар көп кездесті. Соларға әркез айтарым тек алғыс. Есте қалған кездесулердің бірі сол Алматы қаласында болып еді. Қазақтың мақтанышы Роза Рымбаеваны күйсандықта сүйемелдеу бақыты бұйырған еді. Ол мен үшін тамаша тосын сый болды. Сол кезде кең танымал болған «Арай» тобының жетекшісі, Роза әпкеміздің жұбайы Тасқын ағамен танысу сәті түсті. Менің жұмысыма қарап, орысшалап былай деген еді: «Самое главное гармонию знаешь Арман. Молодец, ты, настоящий музыкант», — деп бағасын берген болатын.

Арман Елібаевтың сазгерлік қырына қайта оралсақ. Жоғарыда айтып өткеніміздей, иығына синтезаторын алып, түн жарымында ақын үйіне ат басын бұру, бұл өнер адамдары үшін таңсық жағдай емес. Әр әннің өз тарихы болады.

— Отбасы болған соң ыдыс сылдырламай тұрмайды. Ондай жай менің де басымнан өтті. Кезекті бір жағдай орын алып, жұмыста өзімді қоярға жер таппадым. Миымда бір музыка ойнайды. Бірақ ұстатпайды. Бар аппаратты құрып алып ойнаймын, бірақ, түсе қоймайды. Отбасым деген сөз ғана оралып келе береді. Сенсеңіздер, үйге бармай бір апта сол әнді жұмыста отырып іздедім. Нақ бір аптада жазып шықтым. Бірден ақын ағама жүгірдім. Кейін ол ән үлкен отбасылық мерекелер мен мерейтойларда айтыла бастады. Қазір кеңінен танымал болды. Сол ән «Әкем әнім, Асыл анам» атты ән жинағымда басты шығармалардың бірі саналады, — дейді сазгер.

Арман Елібаевтың ән жинақтары өңдеуде Қазақстанға белгілі музыкант, ән әрлеуші Павел Лидің өзі болған.

Сол азаматқа айтар алғысым мол, дейді кейіпкеріміз.

Ең алғаш өз ауылында жеке ән кешін өткізгенде елімізге белгілі әнші Рамазан Стамғазиев келіп «екінші Шәмші» деген атақ беріп кеткен.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, прозашы, ақын Аспандияр Өмірбеков сазгердің  «Түлектер вальсі», «Отбасым» «Көңіл күйі» әндерінің сөзін жазған. Жалпы осы азамат кейін шыққан сазгер әндерінің жартысына сөз жазған жан. Ал, ауданымызда кең танылған «Асу Қордай» әніне сөзді Ерлан Бүрбаев жазыпты. Жақында Арман Елубаев елу жасқа толды. Соған байланысты қордайлық дарын Мұрат Рысбектің қолдауымен «50 менің» әні жарыққа шығып, оны көпшілік жылы қабылдады. Қазір ол ән елуге толған азаматтардың өзіндік гимніне айналып үлгерген.

«Ер жігіт бірде малды бірде малсыз, Қаратау бірде қарлы бірде қарсыз». Қапысыз айтылған сөз. Тағдыр жолымен талай жол кешкен Арман Елібаев қазір туған жерінде, Кенен ауылында. Ауылдағы балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында «Вокал» пәнінен сабақ береді. Артынан ерген шәкірттері де баршылық.

-Туған жерге келгенде маған қолдау танытқан орталық директоры Бақытжан Арқабаевқа, Асылкүл Ордабайқызына айтар алғысым мол. Олар болашақ ұрпақ үшін үлкен еңбек атқарып жатыр. Соған мен, өзімнің сүбелі үлесімді қоссам деймін, — деген Арман аға қазіргі таңда өнер ордаларында білім алып жүрген шәкірттерін мақтан тұтанынын жеткізді.

Ал, былтыр өзі 27 жыл күткен «Авторлар қоғамына» мүше болып, қолына ресми түрде композитор деген куәлігін алды. Бұл әрине шығармашыл жанға ерекше шабыт бергені рас.

Арманның ендігі арманы аудан орталығында шәкірттерімен бірлесе ән кешін өткізу. Есті әнді елге жеткізу. Елуге келгенде шыққан «50 менің» әнінде «Көктемдей жайнап көңілім, ризамын саған өмірім» деген жолдары бар. Арман ағаның өнеріне ел риза, әніне құмар.

Ал, Арманның арманы орындаларына біз де сенеміз.

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.