АРНАЙЫ БІЛІМ БЕРУДІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

0

Балалар құқығы – қоғам назар ауда­ратын мәселе. Әсіресе ерекше қамқорлыққа мұқтаж балаларға білім беру, денсаулығын жақсарту, қо­ғамнан қағажу көрмей өсуіне толық жағдай жасауға кешенді қадамдар қажет. Жаңа оқу жылы қарсаңында Оқу-ағарту министрлігінің Арнайы және инклюзивтік білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу» мәселесі талқыланды.

Орталық директоры Әйгерім Күдеринова жаңа оқу жылында ерекше қажеттілігі бар балаларға білім беруге қатысты нормативтік құжаттардағы өзгерістер, әлеуметтік ұйымдар алдында тұрған келелі міндеттер туралы айтып өтті. Осы орайда арнайы және инклюзивті білім беру, тәжірибе алмасу, педагог кадрларды даярлау, білім беру қызметтерінің сапасына жете көңіл бөлуге байланысты туындайтын мәселелерді шешу уақыт күттірмейді.
«Мемлекет тарапынан баланың дамуындағы кедергілерді ерте анықтау және түзету үшін қосымша жағдайлар жасалуда. Осы бағытта психологиялық медициналық-педагогикалық кеңестер, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері, оңалту орталықтары санының артуына байланысты балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту жағы 40 пайыздан асты. Оңалту мен логопедиялық орталықтар желісін кеңейтудің ықпалы зор. Өткен жылы осы орталықтар тарапынан 30 мың балаға қызмет көрсетілсе, биыл бұл көрсеткіш 50 мыңнан асып отыр», деді Ә.Күдеринова.
Оның айтуынша, елімізде 457 арнайы білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Оның ішінде облыстар мен қалалар бойынша арнайы мектепке дейінгі ұйымдар саны – 45, ал арнайы мектеп ұйымдары – 99, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттерінің саны 213 болса, 87 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес пен 13 оңалту орталығы бар. Бұған дейін осы мекемелер медициналық модельмен жұмыс істеп келсе, ендігі кезекте педагогикалық модельге көшетін болады. Яғни баланың диагнозын емес, баланың оқу барысында қандай ерекшелігі бар, соны анықтай отырып, білім беру ұйымына нақты ұсыныс берілетін әдіс кеңінен қолданылады. Бүгінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқыту мен тәрбиелеу инклюзивті білім беруді іске асыратын жалпы білім беретін мектептер мен балабақшаларда, жалпы білім беретін ұйымдар жанындағы арнайы топтар мен сыныптарда да жүзеге асып келеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.