АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТҰҚЫМ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ – БАСТЫ НАЗАРДА

0

Биылғы жылы тұқым шаруашылығын дамытуға 857,0 млн. теңге бөлінді. Жалпы соңғы жылдары егіс алқабына сапасы тексерілген жоғары репродукциялы тұқымдар мен I, II, III репродукциялы тұқымдар егіліп, өндірілген өнімнің сапасы да артып келеді.

Осыған байланысты Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәжіліс залында тұқым шаруашылығын дамыту бойынша семинар кеңес өткізілді. Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің төрағалығымен өткен жиынға «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» басқарма төрағасының орынбасары Ғалиолла Мейірман, ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері, аудан әкімінің орынбасарлары мен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшылары және шаруа қожалық жетекшілері қатысты.
Семинар барысында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов тұқым шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндап, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды да тілге тиек етті. Ал, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының орынбасары Ғалиолла Мейірман отандық тұқым сорттары жайлы ақпарат беріп, өз тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар тұқым саласын дамыту бойынша өзара пікірлесіп, сұрақ-жауап алмасты.
Семинар соңында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Қайшыбекұлы аудан атқамінерлеріне ғылыми институттармен бірлесе жұмыс жасап, аудандарда тұқым шаруашылығын жетілдіру бойынша жүйелі әрі нәтижелі шаралар атқару керектігін тапсырды.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ АЛҒА ЖЫЛЖУДА

Мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ауыл шаруашылығының маңызы зор. Сол сияқты агроөнеркәсіптік кешенге заманауи технологияларды енгізу қауіпсіздікті нығайту жолындағы шешуші қадам саналады. Цифрлық трансформация саладағы көптеген проблеманың шешімін табуға көмектесері даусыз. Ең маңызды мәселелер қатарында су тапшылығын жою, тұқым қорын жетілдіру, метеоболжамдардың дәлдігі, нақты циклдық режимге сүйенген жұмыс тәртібін қалыптастыру бар. Бұл тұста еліміздің ауыл шаруашылығы ақсап жатқан жоқ.

ҒАРЫШТАН БАСҚАРУДЫҢ БӘСІ ЖОҒАРЫ
Жалпы, Қазақстанның аграрлық секторына арналған жердің жалпы аумағы – 222,6 млн гектар. Оның ішінде 24 млн гектар (10,8 %) – егістік, 5 млн гектар (2,2 %) – шабындық, 189 млн гектар (85 %) – жайылым жер. Әсіресе, егіншілік саласы қатал климатқа сәйкес экономиканың қауіп-қатері жоғары санатқа жатады. Сондықтан Қазақстан «жерді дәлме-дәл пайдалану технологиясына» көшуі жөн. Ол тек цифрландыру нәтижесінде мүмкін болмақ. Яғни, GPS-навигация мен дрондарды және электронды карталарды жаппай пайдаланған абзал. Мәселен, дәстүрлі жер пайдалануда сараптама жасауға 75 гектар аумақтан бір-ақ рет топырақ алынатын болса, «дәлме-дәл» тәсілде әрбір гектар жердің топырағы зерттеуге алынады. Сөйтіп, алқаптың жағдайына жөнді баға беріледі. Оған қанша көлемде және қандай тыңайтқыш қосу қажеттігі және қандай тәсілмен өңдеу керегі анықталады. Көптеген жұмыс жасанды интеллект көмегімен жүргізілетіндіктен, адамның жұмысы аз болады. Әрі компьютер бір мезгілде өте көп ақпаратты өңдеп, уақыт шығындамайды. Бүгінде еліміз пилотты жобалардың жемісін көріп отыр. Оның аясында Қазақстанның 9 шаруа қожалығы «дәлме-дәл» тәсілді енгізіп, жаңа технологиямен жақсы өнім алуда. Цифрландырудың алғашқы кезеңінде егіншілер мүлтіксіз жер жыртудың арқасында 2,5 есе көп астық алды. Ал шығын 20 пайызға қысқарған.
Жоба аясында «техниканы айдаудың параллельді жүйесі» енгізілуде. GPS арқылы дәлме-дәл треакториямен жер жыртқан егіншілер, одан кейін дән егуде де жаңылмай себеді. Ал ең жауапты кезең – егін орағы кезінде бұл жүйенің берер пайдасы орасан. Ғарыштан спутниктік байланыспен басқарылған техникалармен егінді егуде де, жинауда да басы артық бос жер қалмайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі қолданысқа енгізілген ақпараттық технологиялардың сипатына қарай цифрландыру жұмыстарын үш деңгейде жүргізуді қарастырды: базалық, озық және цифрлық фермалар. Базалық – шаруашылығын бұрынғысынша жүргізетіндер. Оларда жаңа технологиядан алқаптардың электронды карточкасы мен топырақ талдамасы ғана қолданылады. Озық фермалар – ішінара автоматтандырылған шаруашылықтар. Ал цифрлық фермалар – адам күші түгел алынып тасталған, жаңа құралдар мен технологиялар есебінен жұмыс істейтін өндіріс орындары. Бүгінде Қазақстанда 20-дан астам цифрлық және 170-тей озық ферма бар. Цифрландыру процесі аяқталатын 2023 жылға дейін тағы 20-дан астам цифрлық ферма, төрт мыңнан астам озық ферма құрылады деп жоспарланған. Әзірге еліміздегі егістік алқаптар 100 пайыз цифрландырылған. Электронды картасы жасалған аумақ 24 млн гектарды құрайды. Жайылым жерлер де біртіндеп цифрландырылуда. Мал шаруашылығына жаңа технологиялар енгізілетін болса, мал санын нақты көбейту мен бағу да автоматтандырылатын болады. Демек, мал иесі үйінде отырып-ақ төрт түлігі қайда жайылып жүргенін ұялы телефоннан көреді. Қалай десек те, ауыл шаруашылығы саласының жыл сайын алға жылжып, даму жолына түскені аңғарылады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.