АСАНБАЙ АСҚАРОВ ТҰРҒАН ҮЙ

0

Қордай ауданы Үлкен Сұлутөр ауылы, С.Құттықадамбаев көшесіндегі №14 үйде бір кездері көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың тұрғанын бірі білсе, бірі біле бермейді. Ол 1954-1955 жылдары Красногор аудандық партия комитетінің 1-секретарі болып істеген шағында дәл осы үйде тұрған. Кейін өзінің туған ауданы Меркіге комсомол комитетінің секретарі және 1-ші хатшысы
болып ауысып, Жамбыл облысының 1-хатшысына дейін көтерілген.
Ұлы Отан соғысының ардагері Асанбай Асқарұлының көп жылдардағы Кеңес Үкіметі мен халқына, коммунистік партияға сіңірген еңбектері жоғары бағаланып, оған Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Асекең 5 рет Ленин орденімен, екі рет «Еңбек қызыл ту» орденімен, 20-ға жуық медальдар мен Құрмет грамоталарымен марапатталған. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі кезінде А.Асқаровқа жазықсыз жала жабылып, 4 жыл түрмеде азап шегеді. Араға жылдар салып, ақыры әділет орнап, ол ақталып шықты. Қазақстанымыз егемендік алды. Міне, екі айдан кейін А.Асқаровтың туғанына 100 жыл толады.
Маған осыдан 2 ай бұрын Тараз қаласының бір тұрғыны әйелімен, баласымен келіп: «А.Асқаров тұрған үйді білесіз бе? Сізден басқа ешкім білмейді екен»,-деп сұрады. Аты-жөнін жазып алмағаныма өкінемін. Әкесі сол жылдары Красногор аудандық ҰҚК-нің бастығы болып істегенін, А.Асқаровпен бірге осы үйдің бір бөлмесінде тұрғанын, өзінің осы үйде 1955 жылы туғанын айтты. Мен ол жігітті туған жерінің топырағына аунатып алайық деп ұлтымыздың жоралғысын істедік. Олар бізге алғысын айтып, ауылдарына қайтып кетті. Кетерінде ол жігіт А.Асқаров тұрған үйге ескерткіш мемориалдық тақта орнатса жөн болар еді деп кетті. Бұл игі бастаманы ауыл әкімі, аудан әкімі, қалталы ботбай руынан шыққан демеушілер қолға алса, құба құп болар еді. Ол енді келешектің еншісінде.
P.S: А.Асқаров тұрған үйде Калинин атындағы колхоздың мал семірту ісінің шебері «Ленин» орденді майталман бақташы Олжабай Көпешов тұрған. Ал қазір мұнда Олжекеңнің немересі ветеринар-дәрігер Жеңіс Олжабаев жанұясымен және анасы Дариғамен бірге тұрады.

Жуатхан қажы Өмірзақов,
еңбек ардагері,
Үлкен Сұлутөр ауылы

Leave A Reply

Your email address will not be published.