Бірлігі бекем елдің тірлігі де кемел болары анық. Соның айғағы өткен сенбі күні Қаракемер ауылында «Асарлатып үй беру» жобасы аясында тағы бір отбасы баспаналы болды. Бұл салтымыз адамдарды ынтымақ-бірлікке, ұйымшылдыққа, бауырмалдыққа тәрбиелеп, еңбек етуге баулитын қоғамдық және әлеуметтік маңызы зор, пайдасы мол, мәні терең іс екендігі сөзсіз. Облыс бойынша бірнеше жыл қатарынан жүріп, ондаған отбасын үйлі етуге жәрдемі тиген, бүгінгі таңда ауданымызда сәтті іске асып жатқан жоба жемісіне ауылдастар мен қонақтар куә болды.
Баспана бақытын сезінген Күлсара Райымқұлова апайды құттықтауға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай арнайы барды. Бүкіл ауыл болып, іргетасын қалаудан бастап әр кірпішін алуға дейін атсалысқан Қаракемер ауылының ауызбіршілігіне, «Атымтай жомарттарына» бәрекелді айтылды осы күні.
-Асар – ұлттық мәдениетіміздің мәйегі, бірлігіміздің, елдігіміздің бірден-бір көрінісі. Бүгін баспаналы болып отырған отбасын құттықтаймын. Бұл үйде тек шаттық пен қуаныш болсын. Биыл аудан бойынша 15 үй аталмыш жоба аясында берілуі тиіс. Бұл әзірге алтыншы үй. Бірақ, бір ерекшелігі нағыз «Асар» дәстүрін қолдана отырып, бой көтерген баспана. Қоныстарыңыз құтты болсын, еліміз аман болғай,— деп ізгі тілегін білдірді Дамира Маратқызы.
Сондай-ақ, Нұрмаханбет Жақсыбаев ақсақал бастаған ауыл үлкендері де тілектерін айтып, құтты қоныс болсын, деген ақжарма сөздерін арнап жатты. Ауыл әкімі Рашид Алыбаев болса осы бір игі іске қолдау танытып, қысқа мерзімді үй көтеруге атсалысқан барша жерлестеріне алғысын білдірді.
Ал, үй иесі, мүмкіндігі шектеулі жұбайы бар Күлсара апай көзіне жас алып тұрып жалпы ауылдастарына, жиналған қауымға аналық батасын берді. Осыдан кейін салтанаты түре үйдің лентасы қиылып, әжелер дәстүрге сай шашу шашты. Жиналған көпшілік жаңа қонысқа кіріп, ақ дастархан басында ауыл имамы Құран оқып, үлкендер батасын берді.
Айта кетер болсақ, жаңадан салынған үш бөлмелі үй газ-суы толық қосылған, жалпы өмір сүру үшін барлық жағдайы жасалған. Қоныс тоймен құттықтай келген қаракемерліктер сыйлықтарын да ала келіп, одан әрі де қолдау көрсететіндіктерін айтып жатты.
Жандос Омаров