АТ ЕРДІ, ЕР ЕЛДІ ҰСТАЙДЫ!

0

Ат тағалау – қазақ халқының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлі өнерінің бірі. Бұл кәсіп мініс және жорық аты тұяғының табанына тағаны шегемен бекіту үрдісін білдіреді. Көп жағдайда, ат тағалау үрдісі алыс жолға немесе қыста мінілетін аттар үшін жүзеге асырылады. Қыстыгүні тағалы ат мұз бен тоңда таймай, сырғанамай жүруі үшін тағалау аса маңызды.

Наурыз мерекесінің қарсаңында, редакция тілшілері ретінде, біз ат тағалаушы ұста – Еламан Байділдәмен сұхбаттасып, осы қиын әрі қызықты кәсібі жайлы сұрап білуді жөн көрдік.

Еламан Бейсенғалиұлы – қазақ өнері мен дәстүрін дәріптеп, ат тағалаушы ұста болып жүрген жан. Ол Жаңатұрмыс ауылының тумасы. Алғашқы ат тағалау ісіне 16 жасында кірісіп, сол уақыттан бері осы кәсіппен айналысып келе жатыр.

«Мен үшін ат тағалау – өмірімнің бір бөлігі. Әр аттың жаны, өзінің тарихы бар. Мен олармен жұмыс істеп, оларға жан беретіндей сезінемін.«Шеге тағаны ұстайды, таға тұяқты ұстайды, тұяқ атты ұстайды, ат ерді, ер елді ұстайды», – дейді ұста. Бұл халық даналығы ат тағалаудың маңыздылығын, әрі бұл кәсіптің терең тамырын көрсетеді.

Кейіпкеріміздің шеберлігі мен өнеріне сүйсінген біз, оның жұмысын көріп, ат тағалаудың қаншалықты жауапты әрі қызықты екенін түсіндік. Бұл ретте, әрбір аттың тұяғының ерекшеліктеріне қарай таңдалған таға мен шегенің сапасы аса маңызды.

«Тағаланған аттың денесімен сілкінуі тағалаудың дұрыс жүзеге асырылғанының белгісі болып саналады. Содан кейін, атты біраз жерге жетектеп жүргізу қажет, бұл тәсіл аттың жаңа тағаларымен үйлесімділігі мен жайлылығын тексеруге мүмкіндік береді», — дейді ол.

Ұстаның айтуынша, ат тағалаудың сәті барлық уақытта өнер мен тәжірибеге негізделген шеберлікті талап етеді. Көптеген адамдар ат тағалаудың мән-мағынасын білмейді, ал шебер ретінде ол осы дәстүрдің жалғасуына, жастардың ат спортына қызығушылығын оятуға үлес қосып келеді.

Ат тағалау – сонымен бірге өнер мен дәстүрді ұқыппен сақтау қажеттілігі. Еламан Байділдәнің шеберлігі мен адалдығы, болашақта да халқымыздың ұлттық мәдениетін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Еламан ұста, ат тағалау процесін түсіндіре отырып, бұған тек тәжірибе мен кәсіби білім де жеткіліксіз екенін атап өтті:

«Ат тағалаушы шебер болу үшін, адамның атқа деген махаббаты болуы керек. Ат – біздің досымыз, әрі серігіміз», — дейді Еламан Бейсенғалиұлы.

Ат тағалаушы ретінде, Еламан Байділдәнің қызметі тек өз кәсібімен ғана емес, сонымен қатар, қоғамның жүгін, қазақ елінің салт-дәстүрін сақтап қалуымен де байланысты. Оның өнегелі жұмысын барлық жастарға үлгі ету – біздің міндетіміз.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.