«АТА-АНАМ БАЙЛЫҚҚА ДА, МАНСАПҚА ДА ҚЫЗЫҚҚАН ЖОҚ»

0

Сынаптай сырғыған уақыт бүгінді ертеңге алмастырып қана қоймай кейде ұлт тарихындағы елеулі сәттерді, игі істерді, талантты, батыр да батыл жандарды еске салып тұрады. Ақиқатында, халық игілігі үшін жасалған кез келген жақсылық, ерлік, еңбек пен сол жолда жұлдыздай жарқырай көрінген қайсар жүректер ұмытылмаса керек-ті. Әуеде оқ пен оттың ортасында айқасып жүріп, жерін қорғаған, әскери ұшқыш-штурман, «Халық қаһарманы» Хиуаз Доспанованың биылғы 100 жылдық мерейтойы сөзімізге дәлел болып отыр. Осы орайда батыр анамыздың ұлы Ерболат Әміровпен әңгімелескен едік.

– Анаңыз соғыс басталмай тұрып-ақ аэроклубта оқыды. Неге ұшқыш болуға қызыққан?
– Ол уақытта Кеңес Одағы миллитаристік мемлекет идеясын ұстанды. Халық ұшқыштар мен теңізшілер туралы көп еститін. Газет, радиода ұшқыштардың жетістіктері мен жұмыстары әрдайым беріліп тұрды. Яғни оларды сол заманның батырлары сынды көрсетті. Чкалов, Громов, Гризодубова, Раскова есімдерін жұрт жақсы танитын. Олар тіпті кейін «Сталиннің сұңқарлары» атанып кетті. Жастарды авиация саласына тарту мақсатында шыққан бұйрықтан соң шешеміз сол аэроклубқа қабылданды. Өйткені ол мектепте де, партия жұмыстарында да белсенді болды. Комсомолдық жұмысы ретінде басқа оқушыларға үлгі етіп көрсету үшін оны ұшқыштар даярлайтын клубқа жіберген. Клубқа 10-сыныпта барып жүріп, мектеп бітірген соң аэроклубтың куәлігін алды.
– Хиуаз Доспанова 300-ден астам рет әуеге көтерілген екен. Бұл ақ¬парат қайда тіркелген?
– Оның ұшу кітапшасында 300-ден аса деп көрсетілген. Нақты есімде жоқ, өйткені ол құжат жоғалып кетті. Шешемнің кішкентай архиві болатын. Кейін үйде жөндеу жұмыстары кезінде қоқыспен бірге жойылып кетті. Ол менің кінәм.
Сталиннің бұйрығымен Расковалар әйелдерге арналған үш полк құрған: түнгі бомбалаушылар, күндіз бомбалаушылар және жойғыш ұшқыштар. Бірақ жойғыштар Сталинградта құрып кетті. Күндіз бомбалаушылар көбісі қаза тауып, соңында ерлермен қосып жіберді. Ал түнде ұшатындарға кішкене жеңіл болды. Ұшақтың жылдамдығы 130 шақырым, моторы аса күшті емес, дыбысы да қатты емес. Жасырынып, жаздың күні түнде 10 рет, қыста 5 рет ұшады.
Сталиннің бұйрығы бойынша ұшқыш 30 рет «штурмовка» жасаса, оған «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді. Біздің Талғат Бигелдинов сондай штурмовик болды. Ал түнде ұшатындар ол атақты бомбалауға 1 000 рет ұшқан жағдайда ғана алды. Анам екінші апаттан кейін ұша алмағандықтан, бұл межеге жетпей, Кеңес Одағының Батыры атанған жоқ. Дегенмен түнгі бомбалаушыларға 800-900 рет ұшқаны үшін де беріпті. Шешеміз екінші апаттан кейін госпитальден келген соң да бір рет ұшқан. Бірақ оған өте қиын болды. Cүйектері сынған соң оны ұшаққа бәрі көтеріп отырғызып жүрген. Ұшақтан түсерде де көмектескен. Сосын полк басшысы соғыс жағдайында бұлай болмайтынын айтып, анамды штаб жұмысына ауыстырған. Сол үшін ол майданды штаб офицері болып аяқтады.
– Мәйітханаға апарып тұрып, тірі екенін білетін оқиға осы екінші апаттан соң болған ба?
– Иә, таңға жуық олар аэродромға қайтып бара жатқанда екі ұшақ соғылған. Шешем Юлия Пашковамен бірге отырған. Олар таң алагеуімде Полина Макогондардың ұшағын жардан соғып жібереді. Төмендегі екі қыз сол сәтте қаза болды. Ал Хиуаз бен Юлияның ұшағы жоғарыда болған соң, олар қатты жараланды. Шешем ұшаққа отырғанда қауіпсіздік белбеуін тақпайтын. Доспанованың бекітілмейтінін полкта да бәрі білетін. Егер ұшақ апатқа ұшырап, қираса, ол секіріп үлгеруі керек. Осы жолы да соғылғанда ол бекітілмеген соң ұшып кетсе керек. Сөйтіп төртеуін де мәйітханаға апарған. Сонда қалған үш қыз қатып қалған екен. Ал Доспанованың денесі жылы болып, тірі екен деп госпитальға жібереді.
– Анаңыздың мінезі қандай болды? Бала тәрбиесінде қатал ма еді?
– Анам қатал болған жоқ. Ата-анам негізінен қызметте болды. Отбасымызда бәрі өз ретімен жүріп жатты: мен мектепте, олар жұмыста. Ал анамның мінезі қарапайым, көп сөйлемейтін. Ол денсаулығына байланысты зейнетке ерте шықты – 37 жасында. Шешем соғыста екі рет ауыр апатқа ұшырап, соның салдарынан басы ауыратын (контузиясы болды). Ол уақытта әкем жұмыста, мен оқып жүрдім. Сол ауруына байланысты ремиссия кезінде ол қатты мазасызданатын, кездесіп қалған адамдармен жылы сөйлесе алмайтын. Сондықтан да Хиуаз Доспанованы көзкөргендер қатал деп ойлайтын болар.
ІІІ топтағы мүгедектікті алып, үйде отырды. Кейін Кеңес Одағы ыды¬раған соң соғыс ардагерлерінің алқасында Дәметкен деген кісі (фамилиясы есімде жоқ) көмектесіп, І топқа өтті. Қазір бәрі шешемді «жалғыз қазақ ұшқышы» деп дабыра қылады. Шынында, ол мүмкін бірінші шығар, бірақ жалғыз емес. Мәселен, жаңағы Дәметкен апай авиациялық полкта механик болған. Ол ылғи ұшып соғысқым келеді деп арыз жазыпты. Соғыстың аяғында оны үйретіп, экипажға қосқан. Дәметкен атқыш-радист болып 8 рет ұшты. Сондықтан Хиуаздан басқа да қазақтан шыққан ұшқыш қыздар бар. Дәметкен сияқты механиктер, бомбаны, ракетаны бекітетіндер, оқшашқышқа оғын толтыратын қарушы қазақ қыздары болған. Олардың бәрі авиация деп саналады ғой. Соларды табу керек, солар туралы да жазу керек. Ұшқыш десе, Талғат Бигелдинов пен Нұркен Әбдіровті ғана атаймыз. Алып Кеңес Одағының авиациясында олардан басқа қазақ жігіттері болмады дегенге сену қиын. Көп емес болса да біз бәрін көрсетуіміз керек.
– Әкеңізбен қалай танысқан?
– Шешем соғыстан кейін Атырауға қайтып, партия жұмыстарына араласады. Кейін Алматыға Үгіт-насихат курсына оқуға барады. Ал әкем Тюмень қаласында әскери училищені бітірген. Жоғары біліміне байланысты және екі тілде де сөйлей алады, партияда бар, тәртіп бұзбайтын, бұйрыққа бағынатын деп, оны офицерлер даярлайтын училищеде қалдырған. Кейін Украинаға ауысқан ол апатқа ұшырап, госпитальден шыққан соң 1946 жылы демобилизацияланып Қостанайға қайтады. Өзі айтқандай, «әкемнен қашып кеттім» деп, ол да Алматыға Үгіт-насихат курсына барады. Сонда екеуі бір топта оқыған. Курс аяқталарда оның орнына Жоғары партия мектебі құрылып, олар сонда оқуын жалғастырады. Бітірген соң екеуі де комсомол жұмысына араласады. Ол кезде орысшаны жақсы білетін қазақ балалары аз болатын. Сондықтан әке-шешем қызметке тұруда, өсуде қиналған жоқ. Өмірде адамдарда түрлі арман, сұрау болады: біреу байлыққа, біреу мансапқа қызығады. Ал ата-анам ештеңеге ұмтылмапты. Ешкімнен ештеңе сұрамай, қарапайым өмір сүрді. Күнделікті жұмысына барады, жалақысын алады, үй бар. Яғни жоқшылық та болған жоқ, асып-тасып та кеткен жоқпыз.
– Анаңыздың Алматыдағы Медеудің, Ғалымдар үйінің салынуына және «Абай», «Шоқан» драмаларының қойылуына атсалысқаны сол жылдар ғой?
– Иә, ол жұмыстарға партияда жүрген кезде араласты. Жалпы, шешем мақтанғанды жақсы көретін. «Мен жасадым», «мен басқардым» деп отыратын (күліп).
– Күнделік жазбаушы ма еді?
– Күнделік жазған жоқ. Тек сол «Халқым үшін» атты мемуары ғана бар. Бірақ ол комсомолда, партия жұмыстарындағы сөйлейтін сөздерін жинап жүрді. Ол архивін кейін зейнетке шыққан соң өзі өртеп жіберді.
– Анаңыз өз естеліктерінде Белмерген, Марат деген інілері болғанын жазған. Ол кісілердің тағдыры қалай болды?
– Оның тағы екі інісі болды. Нағашы атам Қайыр екі рет үйленген. Бірінші әйелі Меруерттен төрт баласы бар – Хиуаз, Белмерген, Алма, Марти.
– Марат па?
– Марти. Бірақ оны бәрі Марат деп атайтын. Хосе Марти деген испан коммунисі болған. Соның құрметіне қойған. Ал Белмергеннің шын есімі – Вилмирген (Владимир Ильич Ленин гений мировой революций). Ол уақытта осындай есімдерді көп қоятын. Сонымен, атамыз Қайыр кейін ажырасып, екінші әйелінен тағы Қобыланды мен Тарғын деген екі ұлы болды. Қобыландының қайтыс болғанына бір жыл өтті – ол менен екі жас үлкен еді. Тарғын менен екі жас кіші, қазір Құрманғазыда тұрады. Белмерген партия жұмысында істеген, өмірден ерте озды. Шешемдер Алматыда Абылайхан-Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы үйде 1951 жылға дейін тұрды. Сол үйде бір «пахан» тұрған. Яғни ұрылардың басшысы. Олар партия адамдарының балаларымен жұмыс істейтін. Сөйтіп, олар Мартиден ұры жасады. Бұл шешеме қиын соқты. Мысалы, Молотов – Сталиннен кейінгі екінші адам. Оның әйелі лагерьде отырды. Яғни бұндай жағдайлар партия қызметкерлеріне ілмек сияқты болды. Сталин қоғамдағы түрлі топтардың бәрін қадағалап отырды. «Ұры болсаң да Сталинге, партияға бағынатын ұры бол» деген идеяны ұстанды. Ал Марти ол үйде көп тұрған жоқ, түрмеде қайтыс болды.
– Қарап отырсақ, анаңыздың май¬дандастарының көпшілігінің балалары ұшқыш болуды армандаған немесе біршамасы ұшқыш мамандығын меңгерген екен. Сізде авиация саласына деген қызығушылық болған жоқ па? Неге математикаға кеттіңіз?
– Мен қандай бала болдым? Үйшіл, кітап оқитын, көзілдірік тағатын, бұзық емес, момын, қорқақ, ұялшақ, «ботаник» бала болдым. Ал математика маған қиын болған жоқ. 7-8-сыныптан бастап қатты қызыға бастадым. Мектеп бітірген соң Новосібір университетіне оқуға түстім.
– Ата-анаңыз мамандық таңдауыңызға араласқан жоқ па?
– Жалпы, олар менің өміріме, тәрбиеме аса көңіл бөлген жоқ. Таңдаған мамандығыма да араласқан жоқ. Мектеп оқытады, газет-журнал, кітап тәрбиелейді деп ойлайтын. Кейде әкемнің сабақ орындауыма көмектесетін кездері болатын. Әкем көп кітап жинады. Менің бөлмем кітапхана болды. Ол кезде жақсы кітаптар бәріне жетпейтін. Ал партияда істейтіндердің қолына тез тиетін.
– Хиуаз апай соғыс туралы, майдандағы басынан кешкендері туралы жиі айтатын ба еді?
– Жоқ, ештеңе айтпайтын. Тек бір жолы ғана соғыста шырқайтын әндерін айтқаны бар.
– Жалпы, соғыс анаңыздың тағдырына қалай әсер етті деп ойлайсыз?
– Соғыс – өрт. Соғыс – майдан. Соғыс – тәуекел. Әрине, оның адам өмірінде болмағаны жақсы. Шешем өз еркімен ұшқыш болған жоқ, өз еркімен жауды бомбалаған жоқ. Бәрі бұйрықпен. Бірақ соғыс оның жауынгерлік сипатын көрсетті, болмысын ашқан сияқты.
– Егер соғыс болмаған болса, мектепті тек бестік бағамен бітірген Хиуаз Доспанова кім болар еді?
– Соғыс болмаса, мединститутын бітіріп, елге келіп, дәрігер болатын еді деп ойлаймын.
– Хиуаз деген есімді кім қойған? Қандай мағына береді?
– Хиуаз деп әкесі қойған шығар. Жалпы, бұл қазақ есімі емес. Иранның батырлар эпосында Хиуаз деген батыр болған. Ол өзі иран ба, түрік пе, түсініксіз. Ал «Көрұғлы» эпосында Көрұғлының ұлы Хиуаз хан. Нағашы әжем сол Хиуаз хан туралы бір шумақты айтып жүретін. Ол өзі медреседе оқыған, содан біледі. Әкем айтатын, Меруерт байдың қызы болды, медреседе оқыған, білімді деп. Ал Қайыр қарапайым отбасынан шыққан.
– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен
Маржан ӘБІШ

Leave A Reply

Your email address will not be published.