Атбегілерге құрмет көрсетілді

0

Қазақ – жылқы мінезді халық. Бұл қанға сіңген қасиет, ата-бабабан қалған тектілік деген түсініктің бір ұғымы. Өйткені «Жылқы су ішкен жерде шөліңді қандыр» деп ертеректе бекерге айтылмаған. Жылқы малы тазалыққа жаны құмар, бекзадалық пен керімдік, кербездік дейсіз бе, барлығы бар. Сондықтан болар, жасынан ат жалын тартып мінген ұлын үнемі халқымыз мақтан тұтып, алдынан кесе-көлденең өтпеген.

Бүгінгі таңда төрт аяқты қазанатты төрт дөңгелекке ауыстырып, замана көшімен жүрсекте жылқы десе, оның ішінде бәйге десе «ішкен асын жерге қоятын» жандар жетерлік. Ат баптап, шабандоз дайындап, күн мен түнін сол жұмыстарға сарп ететін атқұмарлар қаншама. «Ағайынның аты келгенше, көршінің тайы келсін» деген тілекші халық ұрпағы жақында 2022 жылды қорытындылап, бапкерлер мен шабандоздарға құрмет көрсетті.
«Жеті қазына» тойханасында Қордай ауданы ат спорты федерациясы ұйымдастырған шараға ауданымыздың аталмыш спорт түрінен атын шығарып, жалауын биікте желбіретіп жүрген жандар шақырылды. Талай аламанда бәйгенің алдын бермей жүрген қордайлықтардың барша Қазақстанға, көрші елдерге де аты жақсы таныс. Сол азаматтар осы күні құрметке бөленді.
Аудандық федерацияның президенті Бақыт Байтөле сөз алып, 1996 жылы құрылған федерацияның қандай күрделі жолдардан өткені турасында айта келе, бүгінгі таңдағы жетістіктеріне тоқталды. Ауданымызда ұлттық спорт түрлерінен мектептің ашылуына да федерация сеп болғанын осы жолы айта кеткен жөн. Қазіргі таңда атбегілер мен аталмыш мектеп шәкірттерінің жеткен жетістіктері орасан. Оның барлығы үлкен еңбекпен келді. Жақын арада Қордай ауылы маңындағы «Ноғайбай би» атшабары да жаңара түсетін болады. Ол турасында газетімізде бөлек мақала дайындамақ ниетіміз бар. Сонымен мерекелік күнге оралсақ.
Атбегілер үшін өте сәтті болған 2022 жылды қорытындылаған қордайлықтар үздік деп танылған мықтыларға грамоталармен қатар арнайы жасалған жаңа жүгендер мен жабулар табыс етсе, бәйгеге бапталған жүйріктердің тілін тауып, талай аламанда небір мықтылардың алдын орап, жеңіс тұғырына көтерілген шабандоз балаларға да сыйлықтар ұсынылды. Олардың қатарында бір жыл ішінде бірнеше көлік ұтқандары да бар. Осылардың барлығы жиын барысында ерекше аталып өтті. Сондай-ақ, алдағы жылға да жоспарлар айтылды.
Көктем айларында басталатын бәйгелерге қазірден «қазанаттарын» дайындап жүрген барша атқұмар ағайынға алдағы жыл сәтті, ат бәйгелі болсын, деген тілегімізді айтамыз.

Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.