АУҚЫМДЫ ЖОБА, НАҚТЫ ЖОСПАР

0

«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы 2020-2025 жылдары аймақтарды дамытуға бағытталған. Онда ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту үшін бірнеше бағыт қарастырылған. Аталмыш бағдарлама турасында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов: «Ауылдарда сапалы жолдар мен мәдениет, спорт және денсаулық сақтау нысандары, мектептер міндетті түрде болуға тиіс, сондай-ақ ауыл инфрақұрылымын дамытуға баса мән беріледі. Біздің басты мақсатымыз – ауылдағы өмір сапасын жақсарту. Қазірдің өзінде нақты нәтижелер бар», — деген болатын.

Бағдарламаның үшінші бағыты ауылдық елдімекендерді дамыту, оның ішінде орталық ауылдардың инфрақұрылымын, тұрмыс салтын жақсарту. Ол бойынша ауданда атқарылған жұмыстар аз емес. Алдағы жылдарға қойылып отырған жоспарлар да баршылық.

Мәселен, 2024 жылға Қордай ауданында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 1 млрд. 189 млн. теңгеге 16 жоба жоспарлануда. Жекелей тоқталсақ, Сұлутөрде — 1, Степнойда — 2, Сарыбұлақта — 2, Қақпатаста — 2, Қарасуда — 1, Ноғайбайда — 2, Үлкен Сұлутөрде  -1, Масаншыда — 2, Сортөбеде — 1, Бетқайнарда — 2 жоба іске аспақ.

Шілде айында өткен бюджетті нақтылаумен барлық ауылдық округтерге қаржы қарастырылған. Мамандардың айтуынша ендігі жерде ең бастысы ведомстволық экспертизаның құжаттары уақытылы дайындалуы тиіс. Өйткені бөлінетін қаржы тікелей соған байланысты.  Барлығы ойдағыдай іске асатын болса аталмыш жобаның жемісін қордайлықтар алдағы жылы да көретіні анық.

Жобада айтылған инфрақұрылым демекші, аудан әкімі Бегзат Болатбековтың тікелей тапсырмасына сәйкес аудандағы шалғай орналасқан бірнеше ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жұмыстар қолға алыныпты. Мәселен, Соғанды, Шарбақты, Бәйтерек ауылдарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жобалық сметалық құжаттама әзірленіп,  мемлекеттік сараптама қорытындылары да алынған. 2024 жылға энергетика басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылған. Сонымен қатар,  Алға, Бел, Жаңатұрмыс, Кенен, Күнбатыс-1, Сұлутөр, Үлкен Сұлутөр, Көктөбе, Қызылсай, Керу,  Қарасай батыр ауылдары және Гвардейск қалашығын сапалы ауыз сумен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттамалары әзірлену үстінде. Бұл жұмыстар аудан басшысының қатаң қадағалауында болмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.