АУДАН АРДАГЕРЛЕРІ ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

0

Тараз қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт сарайы базасында Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі мен Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің мерекесіне арналған «Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты Жамбыл облысы ардагерлері арасындағы облыстық спартакиада өтті.

Дәстүрлі спорттық дода ардагерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, ардагер спортшылардың белсенділігін арттыру және жастарға үлгі көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Спартакиада спорттың жеті түрі бойынша өткізілді. Атап айтқанда, волейбол, үстел теннисі, дойбы, асық ату, шахмат, тоғызқұмалақ және бильярдтан жарыстар ұйымдастырылды. Волейбол мен бильярд бәсекелері 12 мамыр күні өтсе, қалған спорт түрлері бойынша сайыстар 13 мамырда жалғасын тапты.

Жарыс барысында Қордай ауданының ардагер спортшылары жоғары дайындықтарын көрсетіп, жүлделі орындардан көріне білді. Әсіресе асық ату, дойбы және үстел теннисі бойынша қордайлық қатысушылардың нәтижелері ерекше атап өтуге тұрарлық.

Спартакиада қорытындысы бойынша асық ату спортынан Бетқайнар ауылдық округінің өкілі Жылысбек Джакаев І орынды жеңіп алды. Дойбыдан ерлер арасында Жамбыл ауылдық округінен қатысқан Жәнібек Ермекбай ІІ орын иеленді. Үстел теннисінен Масанчи ауылдық округінің спортшысы Эрсмане Бешанло ерлер арасында ІІ орынға ие болса, әйелдер арасында Отар ауылдық округінің өкілі Раушан Джолдыбаева күміс жүлдегер атанды.

Сонымен қатар, Қордай ауылдық округінің спортшысы Роза Сатова «Үздік ойыншы» номинациясымен марапатталды.

Командалық есепте де Қордай ауданы жүлделі орыннан көрініп, аудан мерейін үстем етті. Аудандық ардагерлер кеңесі барлық жарысқа қатысушыларға алғыс білдіруде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.