Кезінде алыстағы жақынынан апталап, айлап хабар ала алмаған халық, қазір еш кедергісіз байланыс желісі арқылы алыстағы туғанының даусын естіп, қолындағы телефон арқылы бейнесін көретін мүмкіндікке ие болды. Бұл саланы сөз қылуымыздың да жөні бар. Себебі, 17 мамыр – байланыс және ақпараттандыру қызметкерлерінің кәсіби мерекесі.
Ауданымызда байланыс саласын соның ішінде телекоммуникация жүйесін дамытуға үлес қосқан жандар баршылық. Соның бірі – Мағнат Онгельдиева. Аудан орталығындағы жергілікті желілік техникалық цехта инженер болып қызмет ететін маман. Ол 2008 жылы Тараз политехникалық колледжінде «радиотехник» мамандығын тәмамдап, кейін Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде 2010-2013 жылдар аралығында «радиотехника, электроника және телекоммуникация» мамандығы бойынша білімін жалғастырды.
Оқуын тәмамдағаннан кейін, жас маман 2008 жылы Қордай аудандық телекоммуникация торабына сату бөлімінің операторы болып жұмысқа орналасты. Бұл жерде әртүрлі лауазымдарды атқару арқылы оның жұмыс тәжірибесі арта түсті. Аудандық телекоммуникация торабы бүгінгі күні оператор, электромонтер, және электромеханик сынды мамандармен толықтырылып, байланыс жүйесінің тиімді қызмет көрсетуі үшін қажырлы еңбек етуде.
Алғашқы жылдары кейіпкеріміз сату бөлімінде жұмыс істеп, тұтынушылармен байланыс орнату және сату процесіне қатысу арқылы кәсіби дағдыларын қалыптастырды.
«Отандық байланыс жүйесі «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының байланыс желісі халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатыр. Жұмысқа орналасқаннан кейінгі жылдары техникалық блокқа электромеханик, техникалық бөлімге электромонтер лауазымдарын атқарып үлкен тәжірибе жинадым», — дейді инженер маман.
Сондай-ақ, техникалық бөлімде электромонтер лауазымын атқару барысында Мағнат Барманбекқызы түрлі байланыс құралдарын қолдану мен қызмет көрсету технологияларын меңгереді.
Оның пікірінше, өз саласында жетістікке жетудің басты факторы – терең білім мен табандылық. Ол өз ісіне деген қызығушылығын жоғалтпай, әрдайым жаңа білім алу мен тәжірибе жинауға ұмтылып, байланыс жүйесінің дамуына өз үлесін қосуда. Бүгінгі таңда «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының байланыс желісі халыққа сенімді қызмет көрсету үшін жұмыс атқаруда.
Байланыс саласы қоғам үшін стратегиялық маңызы бар. Ол адамдар арасындағы коммуникацияны үздіксіз қамтамасыз етіп, қоғамдық өмірдің маңызды аспектілерінің бірі болып табылады. Он жетінші мамырда, яғни Байланыс қызметкерлері мерекесі қарсаңында, байланыс саласының қызметкерлерін осы мерейлі күнмен құттықтап, еңбектеріне табыс тілейміз!
Әділет САТЫШЕВ