АУДАНДА ШАҒЫН КӘСІПКЕРЛІК ЖАНДАНУДА

0

Жергілікті тұрғындар кәсіп бастауға қашанда ынталы. Осы орайда мемлекеттің қолдауы аса маңызды. Былтырдың өзінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру мақсатында аудан бойынша 100 азаматқа 138 млн теңге қаражат қаралып, бүгінде 49 азаматқа 67 млн 620 мың теңге мемлекеттік грант берілді.

Ауданымызда қаржылай қолдауға ие болып, бүгінде кәсібін дөңгелетіп отырған жандардың бірі – Жеңісхан Ізтелеу. Жас кәсіпкер 2022 жылдың күзінде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба арқылы қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, есік-терезе жасайтын цех ашты. Бір орынды жалға алып отырған ол терезе жасауға арналған станоктар сатып алып, бұрыннан армандаған ісіне үлкен құлшыныспен кірісіп кетті.  «Көбіне өзіміздің отандық құрылыс материалдарын қолданамын. Оларды Шымкент, Алматы қалаларынан алып келемін. Қоңыр, ақ түсті пластик есік-терезелер жасаймын», — дейді Жеңісхан.

Шебер  есік-терезеге деген ауыл тұрғындарының сұранысы жоғары екендігін айтады. Қазір жөндеу жұмыстарының маусымы болмағандықтан, тапсырыстар сәл азайған. Соның өзінде аптасына 3-4 тапсырыс орындайды. Ал маусымдық уақытта жұмыс қыза түседі екен. «Бүгінгі таңда бірде-бір құрылыс пластикалық терезелерсіз болмайды. Сонымен қатар аудан тұрғындары үйлеріндегі ескі терезелерді осы өніммен ауыстыруда. Өйткені, пластик терезелер аса қатты күтімді қажетсінбейді, қосымша жөндеулерді де талап етпейді. Әрі жылуды жақсы ұстап тұрады», — дейді 27 жасар кәсіпкер.

Әзірге Жеңісхан цехта жалғыз өзі жұмыс істеуде. Болашақта кәсібін кеңейтуді, жанына тағы шеберлерді алып, азаматтарды жұмыспен қамтуды көздейді. «Жастардың бизнес бастамаларын қолдап, жобаларын одан әрі дамыту және жұмыссыздықты азайту мақсатында қолға алынған мемлекеттік бағдарламаның барына ризамын. Негізінен, өз мақсатына жұмсалса, қайтарымсыз гранттың қаражатына шағын кәсіп бастау мүмкін екендігіне көзім жетті. Келешекте ірі компаниялармен жұмыс істегім келеді. Сондықтан, осы бетімнен тоқтамай, әрі қарай дамуым қажет»,-дейді кәсіпкер.

Айта кетейік, өткен жылдың соңында іскер азаматтың талпынысын байқаған аудандық Жастар орталығы Жеңісхан Ізтелеуді  «Үздік жұмысшы жас» номинациясымен марапаттаған болатын. Мақсаты мығым кәсіпкерге ісі ілгері басып, табысы арта беруіне біз де тілекшіміз.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.