Бетқайнар ауылдық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде шахматтан жарыс өтті. Аудандық деңгейде жалауын көтерген бәсекеде ой спортын жанына серік еткен балалар мен жасөспірімдер өзара бақ сынасты.
Шараның салтанатты ашылуында үміттерін үкілеп келген ойыншылар жарыс жолындағы қадамдарын ҚР Мемлекеттік Гимніне құрмет көрсетуден бастады. Ой спортын халық арасында кеңінен насихаттап, жас шахматшылардың деңгейін арттыру және бұқаралық спортты дамытуды мақсат еткен айтулы шараға ауылдық Әкелер кеңесінің төрағасы, Аналар кеңесінің төрайымы, мектеп директоры Аида Бейсебекова қатысты. Алғашқы болып сөз алған №27 Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебінің директоры Аида Талғатқызы аталған шараның мәні мен мақсатына қысқаша тоқталып, ауданның бірқатар ауылдарынан келген шахматшылардың қадамдарына сәттілік тіледі. Келесі кезекте Әкелер кеңесінің төрағасы мен Аналар кеңесінің төрайымы сөз алып ақ ниет ыстық ықыластарын арнады. Жеңіске жетуге рухтандырған аудандағы ақылдылар ойыны қызықты, тартысты өтті. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды №29 ОМ оқушысы Нұрбек Дабыржан иеленсе, екінші орынды №27 ОМ оқушысы Аслан Аймахан еншіледі. №27 ОМ оқушысы Нұрасыл Адамбаев жүлделі үшінші орынды қанжығасына байлады. Шахмат жарысының жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдар және қаржылай сыйақымен марапатталды.