АУЫЛҒА ЖАНЫ АШИТЫН АДАМ ӘКІМ БОЛУЫ КЕРЕК

0

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халық пен жергілікті билік арасындағы тығыз байланысты қамтамасыз ету мақсатында жергілікті ауыл әкімдерін халықтың сайлауына ұсынғаны белгілі. Мемлекет басшысының бұл ұсынысы қоғамда қызу талқылана келе зор қолдауға ие болып, биылғы жылы Қордай ауданында бірнеше ауылдық округке жаңа әкім сайланды. «Бүгінде бұл үрдіс нендей нәтиже береді, осыған дейінгі әкімдердің сайлауы қалай өтетін еді?», деген сауалдарға жауап іздесек…

Жалпы, бұған дейін ауыл әкімдерін аудан әкімінің ұсынысымен мәслихат депутаттары сайлап келді. Үміткер алдымен халыққа, одан кейін мәслихатқа өз бағдарламасын ұсынатын. Десе де, оны халық емес, мәслихат мақұлдайтұғын. Мұндайда үміткер көбіне өзі әкім болып сайланып жатқан ауылдық округтің әлеуметтік жағдайын, тұрмыс-тіршілігін, шаруашылық мәселелерін терең біле бермей, сол ауылдағы шешімін көптен күткен күрмеуі қиын мәселелерден де бейхабар болған жағдайлар да кездесетін. Оның басты себебі, жаңа әкімдердің көбіне басқа ауылдардан келіп жататығында. Осымен қоса екінші мәселе – ауыл әкімдерінің жиі ауысып отыратындығы. Бір-екі жыл отырып, басқа лауазымға ауысып кететін азаматтың тындыратын ісі көп жағдайда ауыз толтырып айтуға келмейтіні белгілі. Сол себепті ауылдық округке сол ауылда туып-өскен, елдің, жердің жағдайын жақсы білетін, шебер ұйымдастырушы, шынайы жаны ашитын азамат әкім болып келуі керек, деген мәселе сұралып тұрғаны анық еді.
Міне, енді Мемлекет басшысының бастамасымен тұрғындар өз ауылында туып-өскен, туған жерінің ыстығына күйіп, суығына тоңудан тайынбайтын азаматты әкім етіп таңдауға мүмкіндік алды. Мәселен, осыдан екі ай бұрын Сұлутөр ауылдық округінің тұрғындары өздеріне жаңа әкімді сайлады. Көпшіліктің шешімімен ауылға жаңа басшы болып осы ауылдың тумасы, жергілікті әкімдікте қызмет етіп жүрген Нұрлан Байсал таңдалды. Өзінің жас екеніне қарамастан Нұрлан Байсал көпшілікке іскерлігімен, ұйымдастырушылық шеберлігімен танылған. Тағы ерекше атап өтетіні жаңа әкім аудандағы, қала берді облыстағы ең жас ауыл әкімі атанған. 1992 жылы туылған Нұрлан Айдарұлы 2014 жылы Алматы Технологиялық университетін «кәсіптік оқыту» мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын 2014 жылы Қазақстан Республикасының Иордания Хошимиттік Корольдігіндегі Елшілігінде консул көмекшісі қызметінен бастап, жұмыс орнын бірнеше рет ауыстырып, 2019 жылы сол кездегі Сұлутөр ауылдық округінің әкімі Еркебай Мырзағұловтың шақыртуымен әкімдікке жұмысқа келді. Өзі туып-өскен ауыл болғандықтан Нұрлан Байсал округ құрамына кіретін қос елді мекеннің барлық проблемаларынан хабардар.
Әрине, барлық проблеманы бірден шешу мүмкін емес. Алайда, бүгінде республика бюджетінен ауылды дамытуға мол қаржы бөлініп жатқанын көріп жүрміз. Ауылдық елді мекендерді газдандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен қамту бағытындағы небір бағдарламалар бар. Нұрлан Айдарұлымен болған сұхбат барысында ол аталмыш бағдарламаларға бөлінген қаржының нақты бір ауылға жету-жетпеуі ең алдымен ауыл әкіміне байланысты екенін алға тартты.
«Біздің округтегі ең қордаланған проблемалардың бірі – ауыз су мәселесі. Ауылға су тарту үшін оған жергілікті атқарушы орган, яғни ауыл әкімі өтінім береді. Бірақ алдымен жобалық-сметалық құжаттарын дайындау керек. Одан түрлі басқармаларға, тұрмыстық-коммуналдық шаруашылықтарға жүгіруге тура келеді. Алайда, мен оның барлығына дайынмын. Жер асты су қорын зерттей келе Сұлутөр ауылында жеткілікті мөлшерде су қоры табылмады. Ауылға ауыз су қайнар-бұлақтардан келеді. Биыл ең болмағанда сол суды жинайтын шағын плотинаны жөндеттік. Ал, Көктөбе ауылындағы су құбырларының крандарын жаңалап қойдық. Әзірше, қолдан келгені осы. Жақында мектепті ауыз сумен қамту мәселесі шешіледі. Ауылдың жанашыр азаматы Әлібек Момбековтың қаржылай қолдауымен 4 шақырым жерден мектепке қарай құбыр тарттық. Жұмыстар аяқталған соң, балақайлар сапасы жақсы қайнардың суын пайдаланады. Бұл да бір қуаныш», — дейді Нұрлан Айдарұлы.
Нұрлан Байсал әкім болғалы округте біршама жұмыстар атқарылғанын атап өту керек. Жақын арада Сұлутөрден өрт сөндіру пунктін ашу жоспарда болса, биыл тағы бір өзекті мәселе мобильді байланыс шешімін тапты. «Билайн» ұялы байланыс операторы өз қондырғыларын орнатып, 4G интернет пайда болды. Тұрғындар толығымен вакцинациядан өтіп, елді мекендерді газдандыру мәселесі жүруде. Қос ауылдың 36 үйі газға қосылып, тағы 40 үйдің құжаттары ретіне келтіріліп, қосылуға дайын. Әкімшіліктің ұйымдастыруымен тұрмыс жағдайы төмен азаматтарға 120 теңгеден 10 мың түк сабан сатылды. 120 теңге тек жанар-жағармайға жұмсалған шығын екен. Биылғы қуаңшылықтан айтарлықтай қиындық көрген тұрғындар бұл іске алғысын айтуда.
Қысқасы, ауыл әкімінің алға қойған мақсат-жоспарлары көп. Әрине, ең бастысы ауыз су мәселесі шешімін тапса нұр үстіне нұр болмақ. Талабы таудай жас әкімнің округті көркейтуге аянып қалмайтынын көпшілік көріп жүр. Ендеше, Нұрланның жұмысына біз де сәттілік тілейміз.

Еркін ҚАТБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.