АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ АЛҒА ЖЫЛЖУДА

0

Мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ауыл шаруашылығының маңызы зор. Сол сияқты агроөнеркәсіптік кешенге заманауи технологияларды енгізу қауіпсіздікті нығайту жолындағы шешуші қадам саналады. Цифрлық трансформация саладағы көптеген проблеманың шешімін табуға көмектесері даусыз. Ең маңызды мәселелер қатарында су тапшылығын жою, тұқым қорын жетілдіру, метеоболжамдардың дәлдігі, нақты циклдық режимге сүйенген жұмыс тәртібін қалыптастыру бар. Бұл тұста еліміздің ауыл шаруашылығы ақсап жатқан жоқ.

ҒАРЫШТАН БАСҚАРУДЫҢ БӘСІ ЖОҒАРЫ

Жалпы, Қазақстанның аграрлық секторына арналған жердің жалпы аумағы – 222,6 млн гектар. Оның ішінде 24 млн гектар (10,8 %) – егістік, 5 млн гектар (2,2 %) – шабындық, 189 млн гектар (85 %) – жайылым жер. Әсіресе, егіншілік саласы қатал климатқа сәйкес экономиканың қауіп-қатері жоғары санатқа жатады. Сондықтан Қазақстан «жерді дәлме-дәл пайдалану технологиясына» көшуі жөн. Ол тек цифрландыру нәтижесінде мүмкін болмақ. Яғни, GPS-навигация мен дрондарды және электронды карталарды жаппай пайдаланған абзал. Мәселен, дәстүрлі жер пайдалануда сараптама жасауға 75 гектар аумақтан бір-ақ рет топырақ алынатын болса, «дәлме-дәл» тәсілде әрбір гектар жердің топырағы зерттеуге алынады. Сөйтіп, алқаптың жағдайына жөнді баға беріледі. Оған қанша көлемде және қандай тыңайтқыш қосу қажеттігі және қандай тәсілмен өңдеу керегі анықталады. Көптеген жұмыс жасанды интеллект көмегімен жүргізілетіндіктен, адамның жұмысы аз болады. Әрі компьютер бір мезгілде өте көп ақпаратты өңдеп, уақыт шығындамайды. Бүгінде еліміз пилотты жобалардың жемісін көріп отыр. Оның аясында Қазақстанның 9 шаруа қожалығы «дәлме-дәл» тәсілді енгізіп, жаңа технологиямен жақсы өнім алуда. Цифрландырудың алғашқы кезеңінде егіншілер мүлтіксіз жер жыртудың арқасында 2,5 есе көп астық алды. Ал шығын 20 пайызға қысқарған.
Жоба аясында «техниканы айдаудың параллельді жүйесі» енгізілуде. GPS арқылы дәлме-дәл треакториямен жер жыртқан егіншілер, одан кейін дән егуде де жаңылмай себеді. Ал ең жауапты кезең – егін орағы кезінде бұл жүйенің берер пайдасы орасан. Ғарыштан спутниктік байланыспен басқарылған техникалармен егінді егуде де, жинауда да басы артық бос жер қалмайды.
Сарапшылар жерді игерудің мұндай мүлтіксіз технологиясының болашағы зор деп бағалайды. Өйткені «параллельді айдау жүйесі» шетелдерде үлкен тиімділігін дәлелдеп отыр. Бұл тұста өзгеріс тек материалдық-технологиялық базаны ғана қамтып қоймай, кадр саясатына да бетбұрыс әкелмек. Агроөнеркәсіпте Big Data, DataScience, математика, аналитика, робототехника, жасанды интеллект саласында мамандар пайда болады.

ЦИФРЛАНДЫРУДЫҢ ҮШТАҒАНЫ

Ауыл шаруашылығы министрлігі қолданысқа енгізілген ақпараттық технологиялардың сипатына қарай цифрландыру жұмыстарын үш деңгейде жүргізуді қарастырды: базалық, озық және цифрлық фермалар. Базалық – шаруашылығын бұрынғысынша жүргізетіндер. Оларда жаңа технологиядан алқаптардың электронды карточкасы мен топырақ талдамасы ғана қолданылады. Озық фермалар – ішінара автоматтандырылған шаруашылықтар. Ал цифрлық фермалар – адам күші түгел алынып тасталған, жаңа құралдар мен технологиялар есебінен жұмыс істейтін өндіріс орындары. Бүгінде Қазақстанда 20-дан астам цифрлық және 170-тей озық ферма бар. Цифрландыру процесі аяқталатын 2023 жылға дейін тағы 20-дан астам цифрлық ферма, төрт мыңнан астам озық ферма құрылады деп жоспарланған. Әзірге еліміздегі егістік алқаптар 100 пайыз цифрландырылған. Электронды картасы жасалған аумақ 24 млн гектарды құрайды. Жайылым жерлер де біртіндеп цифрландырылуда. Мал шаруашылығына жаңа технологиялар енгізілетін болса, мал санын нақты көбейту мен бағу да автоматтандырылатын болады. Демек, мал иесі үйінде отырып-ақ төрт түлігі қайда жайылып жүргенін ұялы телефоннан көреді. Қалай десек те, ауыл шаруашылығы саласының жыл сайын алға жылжып, даму жолына түскені аңғарылады.

АГРОСЕКТОР САҚТАНДЫРУДАН НЕГЕ АЛШАҚ?

Қазақстанда агросақтандыру қызметін пайдаланатын ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің саны 1 пайызға да жетпейді. Неге? Шаруа адамына сақтандыру қызметі тиімсіз болғаны ма, әлде оның басқа себептері бар ма? Сақтандырудың тартымдылығын арттыру үшін қандай шаралар керек? Бұл мәселе басқа елдерде қалай шешілген?
Қазақстан – агроиндустриалды мемлекет. Нақ сол себепті аграрлық сектордың даму деңгейі елдің экономикалық және қоғамдық-саяси тұрақтылығының маңызды тетігі болып саналады. Ауыл шаруашы-лығының табиғи-климаттық және басқа да сыртқы факторларға тәуелділігіне бай¬ланысты Үкімет бұл салаға жүйелі түрде қолдау көрсетіп келеді. Мұндай қолдаулар әлем елдерінің көпшілігінде бар. Соның ішінде сақтандырудың алар орны ерекше. Еуроодақ мемлекеттерінің мысалына қарасақ, Кипрда компаниялардың барлығы 100 пайыз сақтандырумен қамтылса, бұл көрсеткіш Аустрияда – 78 пайыз, Испанияда – 53 пайыз, Германияда – 43 пайыз.

ТОҚЫРАУ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ САҚТАНДЫРУ

Республикада 90-жылдарға дейін мемлекеттік сақтандыру жүрді. Нарыққа көшкен кезеңнен бастап оның орнын коммерциялық құрылымдар басты. Бұл ұйымдар көп жағдайда қызмет көрсетумен ғана шектелді және тек төлем төлеуге қабілетті ірі компаниялардың ғана мүліктік шығындарын өтейтін. Сондай-ақ сақтандыру ұйымдарының жарнасы да тым жоғары еді (өндіріс құнының 2-8 пайызы көлемінде), мұндай соманы екінің бірі көтере алмайтын. Ауылшаруашылық өнімдерін сақтауда төтесінен төнетін қауіптің орасандығын ескере отырып, сақтандыру ұйымдары оның шығындарын жабуға құлшынбады. Мұның бәрі агросақтандырудың барлық түрлерін күрт құлдыратып жіберді.
Әйтсе де, халықты қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етудің кепілі ретінде агросақтандыруға ең бірінші мемлекеттің өзі мүдделі. Осы мақсатта «Қазагрополис» сақтандыру кәсіпорны құрылып (1996 жыл), әр жылдары Ауыл шаруашылығы өндірісін міндетті сақтандыру бағдарламасы (1997 жыл), «Өсімдік шаруашылығын міндетті сақтандыру туралы» ҚР Заңы (2004 жыл), «Өзара сақтандыру туралы» ҚР Заңы (2006 жыл) қабылданды. Бірақ мұның бәрі шаруашылық субъектілерінің жаппай қызығушылығын тудыра алған жоқ. Статистика агенттігінің дерегіне сүйенсек, егер 2009 жылы 30 мың сақтандыру бекітілсе, 2010 жылы ол екі есеге құлдыраған (17 389), ал 2014 жылы сақтанды¬рылған құрылымдардың саны одан сайын төмендеген (14 525). Ал ауыл шаруашылығы өндірісін сақтандыруға лицензиясы бар ұйымдардың саны 1998 жылғы 13-тен 2022 жылы 3-ке дейін азайып кеткен. Бүгінде агросақтандыру жүйесінде «Жусан» ЖШС, «Аманат» ЖШС және «Лондон-Алматы» ЖШС жұмыс істейді. Мұндай жағдайда қандай бәсекелестік, қандай сапа болуы мүмкін?!

ЕСКІ ЖҮЙЕНІҢ КЕМШІЛІГІ КӨП

Біздің фермерлер кейінгі 15 жыл бойы (2004-2019 жылдары) ескі сақтандыру жүйесімен жұмыс істеп келді. Ал оның кемшілік-кетігі көп. Ең бастысы – қағазбастылық. Малы өлім-жітімге ұшырап, еккен егіні шықпай, шақшадай басы шарадай болып күйзеліске түскен еңбек адамы енді табиғи фактордан келген шығынның өтемін алу үшін құшақ-құшақ құжат жинауға мәжбүр болады. «Көктемнің бір күні жылды асырайтынын» ескерсек, шаруа үшін әр күн қымбат, алайда осы асыл уақытын ол құжат жинап, шенеуніктердің есігін сағалаумен сарп етеді. Сөйте тұра, сергелдеңге салған осы жүрістен нәтиже шықса жақсы.
Барлық құжаттарын жинап, тапсырып, тиісінше рәсімдеткеннен кейін фермердің алдынан екінші кезекті кедергі күтіп тұрады. Енді билік өкілдерінен, сала мамандарынан және басқа да құзырлы органдардан құралған комиссия жапа шеккен адамның өтемақы алуға қаншалықты құқылы екенін тексеру үшін ырғалып-жырғалып тағы жүріп алады. Күні комиссияға қарап қалған фермер тексеруге келгендерді қол қусырып күтіп алып, шығарып салады. «Мәртебелі меймандар» келген соң, оларға қой соя ма, тай соя ма, жоқ қалтасына бірдеңе салып бере ме, мұны енді өзі біледі. Комиссиямен сөзі келіспесе, өтемақыдан қағылуы әбден ықтимал. Тіпті, комиссия шаруаның шығынға батқанын растағанның өзінде, оның қолына сақтандыру ақшасы оңайшылықпен тие қоймайды. Төлемі ұзаққа созылып кетуі мүмкін.

ОЙЫН ЕРЕЖЕСІ ӨЗГЕРДІ

«АгроИншуранс» ЖШС директоры Машур Зарлықтың айтуынша, 2020 жылы агросақтандыруға қатысты заңнамаға өзгертулер енгізілді. Енді диқандар ешқайда сабылып әуреленбейді, ешқандай комиссия құрылмайды, құжаттар онлайн режимде рәсімделеді. Яғни, жемқорлық әрекетін тудырушы фактор жоқ.
– Біз күн сайын жерсерік арқылы түсірілім жасап, далалық алқаптары мен бау-бақшалық егістіктердің ылғалдығы мен құнарын тексеріп отырамыз. Құрғақшылық, басқадай жайсыздықтар болып жатса, диқандарға бірінші болып өзіміз ескертеміз, хабарлама жібереміз. Табиғи-климаттық жағдайдан болған шығындардың өтемін диқан 20 күн ішінде толықтай алады,– деді Машур Арсенұлы.
Сақтандырудың жаңа механизмі бойынша топырақтағы ылғалдың индексі тексеріледі. Мұнда өнімнің шығымдылығы есепке алынбайды. Өйткені өнімділік тек ауа райына ғана емес, фермердің агротехнологияны қаншалықты сақтаған-сақтамағандығына байланысты. Сондықтан егер топырақта ылғал жетіспесе, аграрға өнімнің шығымдылығы қалай болғанына қарамастан төлем төленеді. Топырақ ылға¬лы туралы ақпарат америкалық және еуропалық жерсеріктерде орнатылған радарлардың қысқа толқындары арқылы жинақталады. Деректерді «ВардерСат» гол-ландиялық компаниясы өңдейді. Бүкіл Еуропаның диқандары осы компанияның қызметін пайдаланады. Бұл деректерді ешбір шенеунік өзгерте алмайды. Яғни, оның мәліметіне сенбеуге еш негіз жоқ.
Машур Зарлықтың айтуынша, агросақтандыруға жұрт ықыласының жаппай аумай тұруының екі себебі болса керек: шалғайдағы фермерлерге ақпараттың толық жетпеуі және азаматтардың әлі де болса онлайн рәсімдеуге үрке қарап, қағаз құжаттардан арыла алмай отырғаны.
– Біз Ауыл шаруашылығы министрлігіне агросақтандыруды 3-5 жыл мерзіммен 80 пайызға дейін субсидиялау туралы ұсыныспен шыққанбыз, министрлік ұсынысымызды қолдап, бірден қызығушылық білдірді. Енді осы құжатты басқа мемлекеттік органдармен келісу жүріп жатыр. Бұл агросақтандырудың тартымдылығын күрт өсіретіні айқын. Өйткені әлемдегі үздіктер рейтингісінің басында мемлекет сақтандыруды 65-90 пайыз субсидия¬лайтын елдер тұр,– дейді М. Зарлық.
Былтырдан бастап ірі қараны, жыл¬қыны, қой-ешкі мен құсты да сақтандыру қызметі енгізілді. Ал биыл бақшалық өнімдерді сақтандыру басталды.
2020 жылы ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер 198 млн теңгенің сақтандыру жарнасын төлеген, оның 50 пайызын Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялады. Сақтандыру ұйымдары өз кезегінде құр-ғақшылықтан жапа шеккен шаруашылықтарға 545 млн теңгенің өтемақысын қайтарды. 2021 жылы агросақтандырушылар төлеген жарна екі есе көбейіп, 370 млн теңгеге жетті. Ал сақтандырушылар диқандардың 824 млн теңге шығынын жапқан. Әлбетте, мұндай қаржыны төлеу сақтандыру компаниялары үшін ауыр түсетіні түсінікті, сондықтан олар өз кезегінде швейцариялық Swiss Re қайта сақтандыру компаниясының көмегіне жүгінген. Міне, жоғарыдағы соманың жартысын осы алпауыт өтеді. Бұл – халықаралық сақтандыру нарығындағы ең беделді компаниялардың бірі.

ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНІҢ МЫСАЛЫНА ҮҢІЛСЕК

Әлемде аграрлық секторды сақтандырудың тәсілдері көп. Мәселен, АҚШ-та агросақтандыру Федералдық ауыл шаруашылығы дақылдарын сақтандыру корпорациясы арқылы жүзеге асырылады. Оның қызметін Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан құрылған Тәуекелдерді бас-қару агенттігі бақылайды. Сақтандырудың барлық міндеттемелері мен төлемдерін жеке ұйымдар көтереді, ал қызмет тарифін агенттік белгілейді. Өнімнің ерекшелігіне байланысты сақтандырудың 60-30 пайызы субсидияланады.
Канадада аграрлық саланы сақтандыру жүйесі мемлекеттің еншісіне берілген және ол ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көрсетілетін қолдаудың бір түрі болып есептеледі. Үкімет сол арқылы аграрлық сектордың тұрақты дамуын қамтамасыз етіп отыр. Канадада аграрлық сақтандыруды субсидиялайтын компанияларының қызметіне екі деңгейлік бақылау орнатылған. Мемлекет агросақтандырудың 60 пайызын субсидиялайды.
Германияда аграрлық сақтандыруды субсидиялаудың белгілі бір бағдарламасы жоқ, тек оны реттеудің үш құралы бар, олар – ауа райының қолайсыздығына байланысты мемлекеттік төлем төлеу, мал басының ауруына байланысты төленетін төлем (оны ішінара мемлекет төлейді), жеке ұйымдардың бұршақтан сақтандыруы.
Испанияда өнімді сақтандыру ұлттық ауыл шаруашылығы саясатының бір бөлшегі саналады. Үкімет тек ауылшаруашылық өнімдерін ғана емес, мал басын да сақтандырады. Онда орташа алғанда сақтандыру сыйақыларының 53 пайызы субсидияланады. Мұның 40-45 пайызын – мемлекет, 10-15 пайызын өңірлік өкіметтер өтейді, қалғаны – жекеменшік ұйымдардың еншісінде.
Көптеген елде ауылшаруашылық өнімдерін сақтандыру саласындағы саясатты мемлекеттің өзі жүргізіп, өзі қадағалайды. Бұл тәсіл біздің ел үшін де қолайлы. Өкінішке қарай, бұл – дамымай отырған сала. Әйтпесе, халықаралық сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның агросақтандыру нарығының әлеуеті орасан зор, шамамен 90 млн еуродан асады. Ал ол көрсеткішке қол жеткізу үшін агросақтандыру жүйесін басқаруды мемлекеттің құзырына толықтай көшіріп, оны ауыл шаруашылығын дамытудың негізгі экономикалық тетігіне айналдырған абзал.
Дәулет АСАУ

Leave A Reply

Your email address will not be published.