АУЫЛ ЖАСТАРЫ ОБЛЫС НАМЫСЫН ҚОРҒАУДА

0

Еңбек ауылының тұрғыны, спорт ардагері Құрманғазы Жетігеновтен тәлім алатын ауыл балаларының бүгінде бағындырған биіктері көп. Балаларды үстел теннисіне баулып жүрген Құрманғазы ағаның қанатынан ұшып шыққан жастардың жетістіктеріне жаның сүйсінеді. Солардың бірі Қалықбай Медияна мен Иманалы Сәуле. Екеуі де спорт шеберлігіне үміткер. №22 Ілияс Жансүгіров атындағы мектептің оқушылары. Сонымен қатар, үстел теннисінен шеберліктерін шыңдап жүрген оқушылар да бар. Мәселен, жақында Қырғызстан Республикасында өткен байрақты бәсекеде жас спортшы Мүсіретбек Нұрай жүлделі ІІ орынды жеңіп алып, Ыстық көлдің Қаракол ауданында өтетін жарысқа жолдама алды. Сәуір айында Шу қаласында өткен облыстық мектепаралық командалық жарыста І.Тұтқабай, Ж.Рафаель, А.Мүсіретбек ІІІ орынды қанжығаға байлап келді. Тараз қаласында өткен облыстық біріншілікке де қатысып, Айжан Рақымжан, Інжу Тұтқабай, Нұрай Мүсіретбек жеңімпаздар тұғырына көтерілді. Қазір ауыл спортшылары Алматы қаласында өтіп жатқан Қазақстан Республикасының чемпионатында облыс намысын қорғауда. Оларға жеңіс туын желбіретіп қайтыңдар деген тілегімізді айтамыз.

Бауыржан ҚҰСАЙЫНОВ, география пәнінің мұғалімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.