Ауылдардың тұрмысы тіктеліп келеді

0

Инфрақұрылымды жақсарту, сапалы байланыс, абаттандыру, жалпы халықтың тұрмыс-тіршілігі мен әл-ауқатын жақсартуға қатысты барлық мәселелер аудан басшылығының тұрақты бақылауында. Соңғы кездері аудан әкімі Бегзат Болатбековтың тапсырмасымен ауданымыздағы ауылдық округтерде көптеген  түйткілді мәселелер шешімін тауып келеді. Солардың бірқатарына тоқтала кетсек.

Масаншы ауылдық округіне қарасты Күнбатыс-2 ауылында «Актив» және «Теле2» байланыс станциялары орнатылуда. Бұл мәселе тұрғындар мен аудан басшылығы арасындағы кездесулерде бірнеше рет көтерілді. Енді міне, күнбатыстықтардың сапалы мобильді және интернет байланысын пайдалануға мүмкіндігі бар.

***

Қызылсай ауылында ауылішілік арықтар тазаланды. Игі бастамаға ауылдық округ әкімдігі қызметкерлері және тұрғындар атсалысты. Бұл тазалық шарасы ауызбіршіліктің бір көрінісі деуге болады. Сонымен қатар, Қызылсайдағы Жамбыл көшесіне толықтай жарықшамдар орнатылды. Ауыл тұрғындары жарықтандыру мәселесіне қатысты өтінішті дереу орындалғанына аудан әкіміне алғысын айтады.

***

Қарасу ауылында ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай «Ауылым – алтын бесігім» атты жәрмеңке өтті. Жақын ауылдардан келген кәсіпкерлер бал, ет-сүт, жеміс-жидек сынды тауарларын арзандатылған бағамен ұсынды. Ауыл тұрғындары тиімді бағамен азық-түлік алып, алғыстарын жеткізді. Ал, жергілікті өнерпаздар қарасулықтарға өздерінің концерттік бағдарламасын паш етіп, көңілдерін көтерді.

***

Қаракемер ауылдық мәдениет үйінде атақты өнер қайраткері Асқарбек Сейілхановтың өмірін баяндайтын «Менің тағдырым» атты деректі фильм көрсетілді. Фильмді тамашалаған балақайлар еліміздің мәдениет саласына елеулі үлесін қосқан жерлесі жайлы қызықты деректерді біліп, жақынырақ танысты.

***

Сортөбе ауылында жаңадан көкөніс қоймалары салынды. Инвестициялық жобаға кіретін бұл нысанда көкөністер суық мезгілде сақталып, көктем айларына дейін сатылатын болады. Ауданның азық-түлік қауіпсіздігіне осындай қоймалар керек-ақ.

***

Қордай ауданы әкімінің тапсырмасы бойынша Сортөбе ауылдық округінде «Beeline» ұялы байланыс операторының базалық станциялары іске қосылды. Айта кету керек, бұл аймақта сапалы байланыс мәселесі осы күнге дейін шешімін таппай келген және тұрғындар ұялы байланыс жайлы проблеманы жылда көтеретін.

Leave A Reply

Your email address will not be published.