АУЫЛДЫҚ ТІЛШІДЕН АҚСАҚАЛДЫҚҚА ДЕЙІН

0

Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары аудандық «Қордай шамшырағы» газетіне  ауыл-ауылдардан қысқа хабар-ошар жазып тұратын газет жанашырлары біршама еді. Мәселен, Н.Бушмакин, И.Юнкман, Қ.Садықов, Н.Нүпбаев, Н.Тілеубаев, Қ.Жүргенов, Ж.Әбдірахманов, Қ.Ораздыбаев, Р.Тұрғанова, А.Бокслер, П.Энс, Р.Молдашев, Ж.Нүсіпбаева, С.Әбдіқадыров, Г.Семухин және басқаларын атауға болады. Бұл «селолық тілшілермен»  газеттің хат бөлімі тығыз  байланыста жұмыс жүргізетін-ді.  Ауылдық тілшілер өздері куә болған жақсы жаңалықтармен қатар, кемшіліктер туралы да жазып, газеттің беделін көтеруге атсалысатын қосалқы күш болды.

Солардың бірі  Аймахан Көрпелдесов  Бетқайнар ауылынан еді. Ол сол кездегі Роза Люксембург атындағы кеңшардың ұланғайыр қант қызылшасы плантацияларынан, тауарлы-сүт фермаларынан, егінжайлары мен мал қыстауларынан, Успеновка кәсіптік-техникалық училищесінен  жерлестерінің қажырлы еңбегі жайлы тынбай жазып тұратын. Арада ондаған жылдар өтті, жаңа ғасыр жетті. Аймахан бүгінде жетпісті алқымдаған ақсақалдық жаста. Немерелерін қасына алып ұлағатты әңгімелер айтып, ара-тұра өз өмірінің өткен шырайлы шақтарынан сыр шертіп тұратыны бар.

Бала кезден кітапқа бауыр басты. Ертегі, дастандарға құмар болды. Мектептен кейін Красногор кеңшар-техникумында оқып техник-механик мамандығын меңгерді. Әдебиетке құмарлығы оны 1975 жылы ҚазМУ-ге жетеледі. Қызылсайлық Шалабай Мәжінов екеуі журналистика факультетіне емтихан тапсырып, ол өтті де, бұл ауылына қайтты. Бірақ, газет ісінен алыс кетпеді, аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі атанып, ауыл өмірінен хабарлар жазып тұрды. Содан ләззат табатын. Ара-тұра редакцияға барып хат бөлімінің меңгерушісі Сағыныш тәтесінен, жауапты хатшы  Несіпбек көкесінен жаңа  тапсырмалар алып тұрды.  Ай сайын ауылдағы пошта арқылы үш-төрт сом қаламақы келетін, оның өзі әжептеуір ақша еді ғой. «Қордай шамшырағының» өткен ғасырдың жетпісінші жылдарғы тігінділерінен авторы «А.Көрпелдесов, селолық тілші» деп көрсетілген мақалаларды көруге болады.

Аймахан кеңшардың  мал фермаларында слесар-механик болып механикаландырылған жүйелердің жұмысына жауапты болыпты. 1979 жылы Мейрамкүл атты арумен бас құрады, тұңғыштары Жанболат өмірге келді. Кеңшар жас отбасы ретінде оларға үй берді, қазірге дейін сол үйде тұрып жатқан жайлары бар. Ол  кезінде қоғамдық жұмыстарға  белсенді атсалысты,  тіпті, аудандық советке депутат болып ауылдың проблемаларын шешуге атсалысқаны бар.

Міне, шау тартып ақсақал атанып отыр. Шүкір, балалары өсіп жетілді, ұлы Жанболат мұғалім, келіні Зульфия банк қызметкері, тұмыстағы қыздары Наргиза мен Айнұрдың өз тірліктері өзінде. Үш немересі,  төрт-бес жиендері бар. Мереке күндері бәрі ойдан-қырдан қара шаңырақта  бас қосқанда орта толып, кәдімгідей марқайып қалатыны бар.  Тек,  қырық жылдан аса отасқан жұбайының мезгілсіз қазасы  жанына батады.  Ендігі ермегі немерелері. Олармен шахмат ойнап, ертегі айтып беріп мауқын басады. Алтыншы сыныптағы Арсен бала кездегі өзі сияқты суретті жақсы салады, бокс үйірмесіне де барып жүр.  Аслан да одан қалысар емес, кенжесі Әдия биыл мектеп табалдырығын аттады. Биылғы домбыра күні ауыл мектебіне отбасы атынан домбыра тарту етті, демалыс күндері аудан орталығындағы бірқатар балабақшаларға барып бүлдіршіндерге ертегі айтып бергені де бар. Мешіттегі жұмалық намаздан қалмауды, жастарды имандылыққа шақыруды өзіне міндет санайды. Кешегі ауылдық тілші, бүгінгі жетпістегі қарияның қарапайым тірлігі бұл.

Құрманбек  ӘЛІМЖАН, ардагер журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.