МЕМЛЕКЕТТЕГІ ЖАСТАР САЯСАТЫ

0

«Ата-бабалар аманат еткен ұлан-ғайыр даланы аман сақтау, ең алдымен, жас буынға артылатын зор үміт», — деп Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, елдің бүгіні мен ертеңі жастардың қолында. Қазақстанның өркендеуі жолында жастар аянбай еңбек етіп, бар күш жігерлерін салуы тиіс. Елімізде жастардың жан-жақты дамуы үшін  қолайлы жағдайлар жасалған.

Мысалға, республикамызда «Болашақ», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға!», «Жас отбасы», «Жастар практикасы», «Жұмыспен қамту және Бизнестің жол картасы», «Серпін-2050» секілді елдің оң бағасын алған бағдарламалар өз жұмысын жалғастыруда. Аталған бағдарламалардың басты мақсаты – жас ұрпақтың білімге ұмтылуы, алған білімін елдің мүддесіне жұмыс жасату болып табылады. Осы орайда жастар саясатын іске асыруға бағытталған барлық бағдарламаларды жастар арасында белсенді насихаттау маңызды деп санаймын.

2019 жыл Қазақстанда «Жастар жылы» болып жарияланғанын білеміз. Жастар жылы аясында халық игілігі үшін көптеген бағдарламалар қабылданды. Негізгі мақсат – келешегіміздің кемелі саналатын жас ұрпаққа барынша жағдай жасау. Қазіргі таңда елімізде тікелей жастармен жұмыс жасайтын ресурстық орталықтардың саны  227, олардың барлығы өз жұмыстарын белсенді жалғастыруда. Жастар ресурстық орталықтары  – жастардың бос уақытын тиімді өткізу бойынша түрлі шаралар ұйымдастырып, кездесулер өткізіп тұрады. Бүгінде негізгі миссиялары орындалып, жұмыстары жеміс беруде деп толық айтсақ болады. Статистикаға сүйенетін болсақ бүгінгі таңда облыстық – 13, Республикалық маңызы бар қалаларда – 3, қалалық – 39, аудандық – 175 бірдей орталық жұмыс жасауда. Сонымен қатар, жастар саясатын жүргізуде барлық деңгейдегі әкімдіктер жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңестер де ашылды. Бұдан бөлек, 547 жастар ұйымдары да есіктерін айқара ашып, түрлі бағытта жұмыс жүргізуде. Мемлекеттік органдардың жастармен және жастар ұйымдарымен жалпыұлттық өзара іс – қимылы үшін республикалық жастар форумы-жас ұрпақтың проблемаларына назар аударуға және оларды шешу бойынша бірлескен өзара іс-қимыл жасау құралдарын жасауға арналған алаң құрылды.

Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясатының мақсаты жастардың толыққанды рухани, мәдени дамуы, табысты әлеуметтенуі үшін жағдайлар жасау және оның әлеуетін елді одан әрі дамытуға бағыттау болып табылады. Еліміз жастарға сенім білдіріп, үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Біз де өз тарапымыздан мемлекетімізге пайдамызды тигізіп, дамыған елдермен тең тұруға жағдай жасау қажетпіз, деп есептеймін.

Естай ҚОСАЛЫ, Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетінің 2 курс студенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.