АУЫЛДЫ ҚОЛДАУ ТОҚТАМАЙДЫ

0

11 қаңтар күні Қордай ауданына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов келді. Алдымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында шаруа қожалық өкілдерімен кездесу өткізген депутат бірқатар сұрақтар бойынша нақты мәліметтер беріп, тұрғындар тарапынан түскен сұрақтарға жауап берді.

Халық қалаулысы кездесу барысында қазіргі таңда Мәжіліс депутаттарының атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, оның ішінде «Ауыл» партиясының негізгі бағыты мен жоспары жайында тарқатты. Мәжілісте қаралған заң жобалары жайын да кеңінен айтып, соның ішінде жер қатынастары мәселесіне тоқталды. Әсіресе, «Қоғамдық жайылымдар» туралы қабылданғалы отырған Заң көпшілік көңілінен шығуы тиіс екендігін жеткізді. Есік алдында уақ мал ұстайтын ауыл халқы үшін бұл заң өте тиімді болмақ. Өйткені, осы заң қабылданса жайылым мәселесі, оның ішінде есік алдындағы шағын малды жаю жайы шешілмек. Сонымен қатар, Ерболат Байұзақұлы «Бизнес туралы» заңды қабылдауда түскен ұсыныстар турасында айта келе, заңды талқылауда оңтүстік өңір халқының тым енжарлық танытатындығын да сөз етті.

-Тиімді, әрі жұмыс істейтін заң ең алдымен халыққа қажет. Сол себепті де, заңды талқылауда тұрғындар тарапынан белсенділік көбірек болғаны абзал, — дейді депутат.

Кездесуде Халық қалаулысына сұрақ қоюшылар қатары да осы күні көп болды. Мәселен, ШҚ басшысы Біржан Құттықов қазір өте өзекті болып отырған суармалы су жайын және алынған өнімді нарыққа шығарудағы қиындықтарды айтты.

-Біз әлі күнге не егерімізді білмей отырмыз. Өйткені, суармалы судың жайы биыл қалай болады, жете ме, жетпей ме, белгісіз. Сол белгісіздік бізді байлап отыр, — деген шаруа алынған өнімді өткізудің де қиынға соғып отырғанын айтты.

Осы орайда Ерболат Саурықов бұл мәселеге қанық екенін айтып, суармалы су келетін Қырғыз елімен келіссөздер жасалып жатқанын, бұл Үкімет тарапынан шешілуі тиіс мәселе екенін жеткізіп, тиімділігі мол өнім егіп, су үнемдеу технологиясын қолдануды арттыру қажеттілігін жеткізді.

Жиын барысында ШҚ басшысы Мэлс Асанқұлов қазіргі таңда құс шаруашылығындағы бәсекелестіктің тым әділ еместігін алға тартып, субсидиялау жағынан туындап отырған қиындықтар жайында сөз етсе, «Қордай Корм» ЖШС басшысы Талғат Сәрсембаев аудан көлемінде өндіріс орнын ашу үшін инвесторлар тарту қажеттілігін айтты.

-Барлығын бірден шешу мүмкін емес, бірақ мүмкіндігінше, қолдан келгенше көмек беруден тайынбаймыз. Депутаттар халық пен билік арасын жақындастыруды өзіне міндет санайды. Өзекті болып отырған жеке мәселелеріңіз болса тікелей өзіме шықсаңыздар болады. Қажетті көмек көрсетуге барымызды салатын боламыз, — деді Ерболат Байұзақұлы.

Кездесуден кейін Мәжіліс депутаты Қордай ауылындағы Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының жұмысымен танысты. Орталықта атқарылатын жұмыстар, жалпы міндеті, проблемалары турасында аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай айтып өтті. Мүмкіндік болса орталық ғимаратын жаңадан салу, кеңейту жұмыстары қолға алынса деген тілек те айтылды. Бұл сұрақ халық қалаулысы назарына алынды.

Осыдан соң Ерболат Саурықов «Балауса» лагеріне барды. Лагерь жұмысы турасында аудандық білім бөлімі басшысы Санат Әшірбеков баян етті. Әр жазғы науқанда балалардың демалыс уақытын көңілді әрі пайдалы етіп өткізуге арналған лагерь қазір күрлелі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Соған қарамастан жыл сайын қызметін лайықты түрде атқарып отырған лагерьді жөндеуден өткізу үшін қомақты қаржы керек. Балаларға арналған демалыс орнының жайына қанық болған депутат қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстарын жүргізуге ықпал етуге уәде етті.

Келесі кезекте Қордай ауылындағы «Дәурен-ай» шаруа қожалығына ат басын бұрған депутат, қазігі уақытта 1500 бас ірі-қара байлап отырған қожалық жұмысы көпке үлгі екендігін айтты. Мал бордақылаудың жаңа әдістері, етті нарыққа шығару бойынша тәжірибесі туралы қожалық басшысы Жайық Манасбаев түсіндіріп өтті. Қордай ауданына ҚР Мәжілісі депутатының жұмыс сапары Талғат Сәрсембаев жетекшілік ететін «Эко Чикен» Кооперативі жұмысымен танысумен соңына жетті. Кооператив мүшелері хақында, қазіргі таңда қолға алынып жатқан жұмыстар бойынша, мемлекеттік қолдаудың қажеттілігі төңірегінде көптеген мәліметтер айтылып, олар халық қалаулысының назарына алынды.

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.