ҒАСЫР ҚҰРДАСЫ

0

Өмір көші бұралаңы мен бұлтарысы көп өткел тәрізді. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін сол жолда ең бастысы тепе-теңдікті ұстап, кез-келген жағдайда адам қалпыңды сақтап қалу. Бұл қарапайым өмір заңын бізге 100 жастағы Зейтана Құттықова түсіндіріп берді.

Ғасыр құрдасының ғұмырнамасы еліміздің шежіресі іспетті, өйткені онда бәрі бар: соғыс, аштық, құлдырау және жаңғыру.

Зейтана әжемен өткен ізгілікке толы сырлы кездесуден ерекше әсер алдым. Оның жылы жүзі, ғажап күлкісіне қарап, құдды бір балалық шағыма қайта оралғандай болдым. Менің ішкі толқынысымды байқағандай: «Әжелер сондай, олар өзімнің балам, өзгенің баласы деп ешкімді бөліп — жармайды», — деді күлімдеп.

Әрбір сөзі ризашылық пен сүйіспеншілікке толы бұл нәзік жан өмірдің барлық қиындықтарын бастан өткерген.

Бетқайнар ауылында дүниеге келген Зейтана Құттықова бар саналы ғұмырын туған жерге адал қызмет етуге, бала-шағасына арнап, бүгінде тәтті немерелері мен шөберенің қызығын қызықтап отырған асыл әже. Сұм соғыстың зардабын көрген ана сол кездегі естеліктерімен бөлісті:

– Бізге бір түнде есеюге тура келді. Он жеті жасар бойжеткеннің арманының орындалуы маңдайға жазылмапты, — деп сөзін жалғады. Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін де қиын болды. Ата-анам колхозда жұмыс істейтін. Үйге кеш қайтатын, мен үй шаруасына көбірек көмектесетінмін. Ол кезде соғыс болмаса да балалар ерте есейді ғой, әрқайсысының өз міндеттері болатын. Ал соғыс басталғанда біздің ауылдың ер-азаматтары түгелдей майданға жіберілді. Біз не болып жатқанын жөнді түсінбедік, бүкіл ауыл кенет қаңырап бос қалды.

Жеңісті жақындатуға әрқайсысымыз өз үлесімізді қостық: бірі ұрыс даласында азаттық үшін күрессе, бірі таңнан қара кешке дейін тылда еңбек етті. Біз осындай қиын кезеңде барлығымыз бір отбасының баласындай болып кеттік. Таң қылаулап атқанда алқапқа шығып, кешке дейін жұмыс істейтінбіз. Ал кешкісін шаршағанымызға қарамастан бас қосып, жақсы күндерден үміт күтіп, ән шырқайтынбыз. Соғыстан барлық ерлердің оралып, бәрі бұрынғыдай болатынына мен өзім еш күмәнданбадым.

Бір нүктеге қарап, ұзақ ойланып, жадындағы естеліктерді жаңғыртып, қайта сөзін жалғады кейуана:

– Соғыс бітті, біреулер майданнан оралса, біреулері үйінің табалдырығын сол кеткеннен қайта аттамады. Бір үйде – қуаныш, бір үйде – қайғы. Мен ол уақытта жиырма жаста едім, сол кезде балаларымның әкесі Чайзат Құттықовты кездестірдім. Соғыс аяқталғаннан кейін жұмысымыз біршама жеңілдейді деп ойладық, бірақ соғыстан кейін күнделікті тірлікті, өмірдің өзін қалпына келтіру керек болды. Күйеуім екеуміз жайылымда жұмыс істедік, онда жылқы ұстайтын. Бізге күніне 30 бие саууға тура келді, яғни біреуін тәулігіне төрт рет сауу қажет. Осылайша тынымсыз еңбек еткен күндеріміз болған. Одан бөлек, ошақ қасы, балаларға ас әзірлеуім, уақыт бөлуім қажет. Қазір бәріне қалай үлгеретінмін, деп өзім таң қаламын, шыны керек. Бірақ, заман сондай еді ғой…

Жаратушы өзінің жақсы көрген пендесіне сынақты көп жібереді, дейді. Зейтана әже жарынан ерте айырылды. Қанша ауыр болғанымен, сағын сындырмай, балалары үшін, олардың болашағы үшін аяққа нық тұрып, болаттай берік болды. Тағдырдың өзі оны шыңдады, әзіз әже инабатты қыз, ұлағатты ұл тәрбиелеп, бәрін оқытып, аяқтандырды.

Ғасыр жасаған ақ жаулықты анамен сөйлесе отырып, мен өзімді осыншама тағдыр тәлкегіне төтеп беру үшін қаншалықты табандылық пен ерік-жігерге ие болу керек, жүрегіңіз қаншалықты мейірімді болуы керек, деген ойға келдім.

Зейтана апа өз өмірінен сыр шертетін фильмді көрсетіп жатқандай әсер қалдырды. Ол өткен өмірін мұңмен еске алады. Қазақтың басына туған нәубат жылдардан аман-есен осы күнге жеткеніне шүкіршілік етеді.

Жақында ғана Құттықовтар отбасында үлкен мереке болды. Зейтана апаның жүз жылдық мерейтойына барша ағайын-туыс, көптеген ауылдастары жиналды. Әулеттің анасы – олар үшін махаббаттың, шыдамдылықтың және даналықтың символына айналған. Қарт ананың дұғасы ұрпақтарын әрдайым бәле-жаладан сақтасын деп тілейміз!

Leave A Reply

Your email address will not be published.