Ауыз су — әлеуметтік маңызы жоғары мәселе

0

Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – халықтың тұрмыс деңгейін жақсартудағы басты мақсаттардың бірі. Мемлекет басшысы 2025 жылы Қазақстан халқын 100 пайыз таза ауыз сумен қамтуды тапсырған еді. Үкімет отырыстарының бірінде Премьер-министр Әлихан Смаилов: «Бұл әлеуметтік маңызы жоғары мәселе. Сондықтан, әкімдіктер ауылдар мен қалаларда тиісті инфрақұрылымды тарту жұмыстарына ерекше мән беруі тиіс. Аталған жобаларды қаржыландыруға басымдық берілу керек», — деген болатын.

Осы мақсатта соңғы жылдары ауданда ауылдықтарды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтуға бағытталған атаулы бағдарламалар жүзеге асырылып келеді, соның ішінде сапалы ауыз сумен жабдықтау бар.

2022 жылдан бері Қарасу ауылдық округіндегі Қарасу ауылында ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Мердігер «Тараз-Строй-2004» ЖШС бүгінде жұмыстардың бірсыпырасын аяқтаған. 97,58 шақырым су құбыры желісі төселіп, 552 ұңғыма қосылған, 150 метрге дейін ұңғыма қазылған, су қоймасы, сусорғы жүйесі салынуда, электрмен қамту жүйесі монтаждалып, орнатылған, көлемі 50 текше болатын 4 су жинау мұнаралары орнатылды. Сондай-ақ, су айдау стансасының құрылысы аяқталуға жақын, мұнда қондырғылар орнатылып, таза суға арналған резервуарлар салынуда. Жалпы жобалық құны 1959,814 млн.теңгені құрайды.

Су құбырын қолданысқа өткізу мерзімі 2023 жылдың желтоқсан айына белгіленгеніне қарамастан, мердігер жұмысты күзге дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Қарасу ауылдық округінің әкімі Рая Жасыбаеваның айтуынша, салынған су құбыры ауыл тұрғындарының тұрмысын жеңілдетіп, су мәселесінің шешілуіне септігін тигізеді. Ауыл тұрғындарының орталық су құбырына қолжетімділігі 80 пайыздан асады деп күтілуде.

Еске сала кетсек, жалпы саны 17 105 адамды құрайтын 5 елді мекенде су құбыры желілерін салу Қордай ауданында тұрғындарды тұрақты және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылдан бері жұмыстар қолға алынған. Олар Сарыбұлақ, Ноғайбай, Степное  және Қайнар  ауылдарының ауыз су жүйесінің құрылысына қомақты қаржы бөлінген.

Барлық жұмыстар Қордай ауданы әкімдігінің ТҮКШ, ЖК және АЖ және  сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімдерімен бақылауға алынған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.