Жақында Елордамыз Астанада «Әділетті Қазақстан: азаматтық қоғам мен мемлекеттің серіктестігі» ұранымен Қазақстанның XII Азаматтық форумы өтті.
Ауқымды жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 700-ден астам делегат қатысты. Олардың қатарында Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен дипломатиялық корпус өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ), бизнес қауымдастығының мүшелері, сондай-ақ отандық және халықаралық сарапшылар бар.
Жамбыл облысынан форум жұмысына қоғамдық кеңестердің төрағалары да қатысып, өңіріміз атынан Қордай аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Нұржан Молдабеков делегат ретінде қатысып қайтты.
Форумның пленарлық отырысы Мемлекет басшысының құттықтау сөзімен ашылды. Президенттің құттықтауын ҚР Президентінің ішкі саясат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев оқып берді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева форум делегаттарына арнаған сөзінде мазмұнды баяндама жасаған барлық спикерлер мен қатысушыларға алғысын білдірді. Ол форумда айтылған идеялар мен ұсыныстар алдағы уақытта нақты істерге ұласып, қоғамда өзара сенім, әлеуметтік жауапкершілік және ашық диалог мәдениетін нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Министр сондай-ақ Парламенттік реформаның маңыздылығын атап өтіп, бұл өзгерістер заңнамалық базаны жетілдіріп, мемлекеттік шешімдер қабылдау процесін барынша ашық әрі әділ етуге бағытталғанын айтты.
Соңғы бес жыл ішінде Азаматтық форумның қорытындылары негізінде елімізде стратегиялық маңызы зор бірқатар құжаттар қабылданды. Атап айтқанда, «Азаматтық қоғамды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы», «Қоғамдық бақылау туралы» заң, сондай-ақ онлайн-петициялар институтын енгізу жөніндегі заңнамалық түзетулер және басқа да маңызды бастамалар жүзеге асты.
«Биылғы форумға 38 шетелдік қонақ қатысты. Олардың ішінде 19 елшіліктің өкілдері, 10 халықаралық ұйым мен алты елден келген делегациялар болды. Жиын барысында соңғы бес жыл ішінде Азаматтық форумның қорытындылары бойынша әзірленген ұсынымдарға сүйене отырып, Қазақстанда стратегиялық маңызы зор бірқатар құжаттар қабылданғаны айтылды. Олардың қатарында «Азаматтық қоғамды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы», «Қоғамдық бақылау туралы» заң, сондай-ақ онлайн-петициялар институтын енгізу жөніндегі заңнамалық түзетулер және өзге де маңызды бастамалар бар.
Сонымен бірге, қоғамдық кеңестердің қызметін реттеу, бейбіт жиналыстар өткізу, қайырымдылық пен волонтерлік қызметті дамыту, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты және үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыруды жетілдіру бағыттарында елеулі өзгерістер енгізіенгізілгені көпшілік назарына ұсынылды. Бұл біздің жұмысымызды одан әрі пәрменді жалғастыруға үлкен серпін береді», – деді форум делегаты Нұржан Смағұлұлы.