Сондықтан ЖИ-ді оқу үдерісіне орынды енгізу – заман талабына сай, ізденімпаз әрі бәсекеге қабілетті маман даярлаудың маңызды жолдарының бірі.
Жасанды интеллектінің пайдасы дизайн мамандықтарында айқын көрінеді. Мәселен, графикалық дизайн студенті плакат пен логотиптің бірнеше нұсқасын жасап, түстердің үйлесімін салыстыра алады. Интерьер дизайнында кеңістікті жоспарлау, жарықтың түсуі мен материалдардың өзара сәйкестігін алдын ала бейнелеп көруге болады. Бұл болашақ маманға ойын тезірек нақтылап, түрлі шешімді тәжірибе жүзінде салыстыруға көмектеседі.
Дегенмен компьютер ұсынған дайын үлгіні өзгеріссіз қабылдау дұрыс емес. Әр жұмыстың көркемдік деңгейі, қолайлылығы, мақсаты және авторлық ерекшелігі адамның кәсіби талдауынан өтуі керек. Технология идея ұсынуы мүмкін, бірақ соңғы шешімді қабылдайтын да, нәтижеге жауап беретін де – адам.