«БӘРІ ДЕ БІР ӨЗІҢНЕН БАСТАЛАДЫ»

0

2023 жылдың маусым айында Қазақстан Республикасының Үкіметі мамыр айының екінші жексенбісін «Аналар күні» болып бекіткен болатын.

Арнаулы күннің басты мақсаты отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ана институтын нығату және қоғамдағы аналардың рөлін арттыру. Бұл тіршілікке нәр берген, бесік тербете отырып әлемді тербеткен аяулы жандарға құрмет көрсететін күн. Осындай шуақты мереке қарсаңында біз редакция тілшілері Қордай ауданының тірі тарихы, 95 жастың асқарына шыққан қадірлі кейуана, тыл ардагері Сәлима Телғазиевамен кездесу бақытына ие болдық.

Сәлима әженің өмір жолы – бүгінгі бейбіт күннің қандай бағамен келгенінің айқын дәлелі. Сұрапыл соғыс жылдарының ауыр тауқыметі оның балалық шағын ерте ұрлағанымен, бойына темірдей төзімділік ұялатты. Қарапайым қазақ қызы Қордай ауылдық қой совхозының өндірісінде, дала төсінде тынымсыз еңбек етті. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранмен таң атпастан күн батқанша еңбек майданында жүрген ол – бүгінгі ұрпақтың амандығы үшін жастық шағын құрбан еткен нағыз қаһарман. Сол жылдары соққан суық жел мен жауынды-шашынды күндер әженің жүзіне әжім болып түскенімен, ерік-жігерін мұқалта алмады.

95 жас – кез келген адамға бұйыра бермейтін үлкен белес. Сәлима әже сұрақтарға байыппен жауап беріп, екі сөзінің бірін ақ батамен қайырып отырды. Ол кісінің кейде алысқа қадалатын мұңлы көзқарасы өткен күннің қиындықтарын, жастық шағы өткен сол баяғы қой совхозының жайлауын іздейтіндей көрінді. Әженің тілімен айтылмаған естеліктер оның мейірім толы жүзінен, ақ жаулықтың жиегінен ескен жылулықтан сезіледі. Бұл – қарттықтың емес, ғасырға жуық уақыт бойы атқарған ұлы миссияның көрінісі болса керек.

Сәлима әженің ең үлкен марапаты да, атақ-абыройы да – оның өсірген ұрпағы. «Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар, көп баласы бардың орман толы жаны бар» деген қанатты сөздің шын дәлелі. Бүгінде әжеміз алып бәйтерекке айналған. 12 перзентінен тараған 49 немересі мақтанышы, 123 шөбересі әженің айналасында құлын-тайдай тебісіп өсіп жатса, 34 шөпшегі – әулеттің бесінші буыны, әженің тамырының тереңдігінің, өмір жалғасының белгісі іспетті.

Бұл әулетте еңбектің де, тәрбиенің де туы биік. Әженің балалары – қоғамның әр саласының алтын діңгегі. Үлкендері – көп жылғы еңбегінің жемісін көріп отырған зейнеткерлер. Ұлы – от пен темірді табыстырған білікті дәнекерлеуші. Үш қызы мектепке дейінгі тәрбие саласында, балдырғандардың жүрегіне мейірім егіп жүрген тәрбиешілер болса, тағы бір қызы – саналы ұрпақ тәрбиелеп отырған ардақты ұстаз. Бір қызы – үй шаруасындағы берекелі ана.

Осының бәрі – Сәлима әженің берген тәлімі мен еңбегінің қайтарымы.

Биылғы жылы 10 мамырға келген – Аналар күнінде біз Сәлима Телғазиева сынды «Алтын алқалы» батыр аналарымыздың алдында бас иеміз. Ғасыр куәгері болған асыл ана, ұрпағымен көркейіп отыр. Мұндай әулет – қоғамның рухани тірегі. Анаға тағзым ету – адамдық парыз, оның орны әр перзенттің жүрегінде…

Карима АХАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.