«Журналист – сөз құрап жазушы ғана емес…»

0

1932 жылы негізі қаланған басылымда әр кезеңде жүздеген азамат еңбек етіп, қордайлықтарды өңір жаңалықтарымен қамтамасыз етіп келеді. Осы жылдар аралығында газет талай тарихи кезеңдерді бастан өткерді. Атауы да, мазмұны да өзгеріп, түрлі қоғамдық өзгерістерге бейімделді. Кейбір жылдардағы тоқырау кезеңдерін де еңсерді. Тіпті белгілі бір уақыт аралығында шығуы тоқтап қалып, екі мыңыншы жылдардың басында қайта түлеп, оқырманымен қауышты. Ғасырға жуық тарихы бар газеттің айтары да, жазары да жеткілікті.

Бірде «Бригада», бірде «Екпінді» атанып, кейін бүгінгі «Қордай шамшырағы» атауына тоқтаған басылымның бүгіні туралы аз-кем айта кетуді жөн санадық.

Классик жазушы, жерлесіміз Несіпбек Дәутайұлының: «Журналист – сөз құрап жазушы ғана емес, мемлекет мүддесін пайымдай алатын, халықты соған иландыра білетін баспасөз қайраткері» деген пікірі бүгін де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Қазіргі таңда бұл ойдың өзектілігі тіпті арта түскендей.

Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі Шолпан Сабанова басшылық ететін журналистер, аудармашылар, дизайнерлер мен техникалық қызметкерлер ұжымы көпшілікке көріне бермейтін ауыр жүкті арқалап, ақпарат айдынында өз сара жолын қалыптастырды.

Тілшілер қауымы туралы сөз қозғағанда, бас редактордың орынбасары, республикалық және өңірлік шығармашылық байқаулардың жеңімпазы әрі жүлдегері Жандос Омаровтың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Сондай-ақ түрлі жыр мүшәйралары мен ақындар арасындағы байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүрген Әділет Құттыбай, адам жанының білгірі Сәуле Мұхадинқызы, екі тілде еркін жазып, сапалы аударма жасайтын журналистер одағының мүшесі Анжела Изаева, этносаралық қатынасты қадау-қадау жазатын Мадина Узбекова және жас тілші Ұлжан Болатқызы да редакция жұмысының алдыңғы шебінде жүр.

Аптасына екі рет оқырманға жол тартатын газеттің безендірілуіне жауапты дизайнерлердің еңбегі де зор. Басылымның көркем әрі сапалы болып жарық көруіне үлес қосып жүрген дизайнерлер – Ғалия Құсманғалиева, Роза Нұрсейітова және жас дизайнер Аружан Сәулебайдың қолтаңбасы әр нөмірден анық байқалады. Оқырман қолына алып, қызыға оқитын газеттің көркемдік келбеті осы жандардың еңбегімен қалыптасады.

Соңғы жылдары үлкен сұранысқа ие болған бейнематериалдар әзірлеу бағытында да редакция ұжымы табысты еңбек етуде. Айбек Нәкен, Бекжан Әлдибеков және Сағыныш Мысатай түсірген бейнероликтер көпшіліктің қызығушылығын туғызып, оң бағасын алып келеді. Редакцияға келген құжаттар мен хат-хабарды қабылдап алатын, газеттің оқырманға жедел жетуіне ықпал жасайтын референт-хатшы Жазира Даутаеваның еңбегі бір төбе.

Ұжымның қаржы-шаруашылық жұмыстарын тиянақты жүргізіп жүрген бас бухгалтер Гаухар Жұмабаева мен есепші-кассир Диляра Хасанованың да еңбегі ерекше. Олар басылым қызметкерлерінің еңбегін әділ бағалап, ұжымның тұрақты жұмыс істеуіне өз үлестерін қосып келеді.

Ал тілшілерді межелі жеріне уақытылы жеткізіп, көлігін әрдайым сақадай сай ұстап жүретін жүргізуші Абай Бектұровтың еңбегі де құрметке лайық.

«Шамшырақтың» шоғын өшірмей, алауын сөндірмей, басылымды алға жетелеп жүрген жандар – осылар.

Қазіргі ақпарат тасқыны үдеген заманда уақыт талабынан қалмай, талапшыл әрі талғампаз оқырманға сапалы дүние ұсыну – редакция ұжымына жүктелген үлкен жауапкершілік. Бұл міндеттің абыроймен атқарылып жатқанына оқырманның өзі куә.

Ең бастысы – «Шамшырағымыз» сөнбесін!

Leave A Reply

Your email address will not be published.