БАҒА ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙЕДІ

??????????????????????????????????????????????????????????
0

Бүгінде баға тұрақтылығы күн тәртібінен түспейтін күрделі мәселеге айналып отырғандығы жасырын емес.

Азық-түлік бағасының тұрақтылығын ұстау, дүкен сөрелеріндегі тауар құнын негізсіз өсіруге жол бермеу мақсатында аудан әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына күнделікті мониторинг жүргізіп келеді. Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыс жасайтын арнайы штаб мүшелері сауда үйлері мен орталық базардағы бағаларға зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда аудандағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы қатаң бақылауға алынған. Осындай кезекті зерделеу жұмыстары бейсенбі күні Қордай ауылындағы сауда нүктелерінде жүргізіліп, оған аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев арнайы қатысты.
Арнайы құрылған топ құрамында аудандық санитарлық- эпидемиологиялық бақылау басқармасы мен аудандық полиция бөлімінің өкілдері де бар.
Аудан орталығындағы «ORION», «Пионер», «У дома», «Виват» сынды сауда үйлері мен «Үсен ұлы» базарларында болған топ мүшелері әлеуметтік тауарларды шекті бағадан асырмау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, халық тұтынатын әлеуметтік тауарларға үстеме бағаны 15%-дан асырмау керектігін ескертті.
Зерделеу жұмыстарының нәтижесінде «Үсен ұлы» базарындағы көкөніс тауарлары жөнелтпе құжатсыз келіп, сатылымға шығарылғандығы анықталды. Анықталған фактілерді ескере отырып, алдағы уақытта аталған мәселелер бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілетінін аудан әкімінің орынбасары Ж.Бақаев ерекше атап өтті.
Жұмысшы топ баға тұрақтылығымен қатар нысандарды аралау барысында қызыл сызықтан асып кеткен сауда орындарының иелеріне де ескертулер жасап, заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.